«Аға ұрпаққа, әкелеріміз бен аналарымызға, соғыс және еңбек ардагерлеріне тағы да алғысымызды, жүректен шыққан жылы сөзімізді жеткізудің сәті түсіп тұр. 30 жыл ішінде ардагерлер қозғалысы үлкен жолдан өтті, облысымыздағы ең ықпалды қоғамдық күштің біріне айналды. Бір істі бастарда біз ылғи да аға ұрпақты тыңдаймыз, олардың батасын аламыз» деді Архимед Бегежанұлы.
Ардагерлер өздерін әлі де қатардамыз деп біледі. Олар жастарды отаншылдыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуге атсалысады, қоғамдық жұмыстардан да қалған жоқ. Олардың барлығы да еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына атсалысқан жандар. Ардагерлер бай тәжірибесін кейінгіге айтуға, кеңес беруге жалыққан емес. Мұны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин де атап өтті.
«Әр ұрпақтың тарихи парызы бар. Ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысы тарихына, майданда қаза тапқан жерлестеріміздің есімін мәңгі есте қалдыру үшін жұмыс жасап келеді. Соғыста, жылдары қаза тапқандардың 280 есімі анықталып, олар еске алу тақталарындағы тізімді толықтырды. Облыс өңірінде 31 әскери-патриоттық клуб бар. Облыстық ардагерлер кеңесі соның барлығымен тығыз байланыста жұмыс істейді» деді Кенжебек Үкіұлы.
Салтанатты жиналыста ардагерлер қозғалысына белсене қатысқандарға мерекелік медальдер, «Ардагерлер ұйымы» республикалдық қоғамдық ұйымының ескерткіш белгісі және облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының алғыс хаттары, дипломдары, мақтау қағаздары табыс етілді.
Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай
Сурет ng.kz сайтынан алынды