ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір бұл проблемалар шешілген. Енді жыл соңына дейін жол құрылыс компаниясы таңдалып алынады.
Алматы үлкен айналма автожолы мәселесін депутаттар Сенат отырысында көтерді. Ақан Бижанов осы жобаның құрылысы не болып жатқаны туралы сауал қойған.
«Біз бұл жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің ең бірінші жобасы ретінде іске асыруды жоспарлаған едік. Жолдың ұзындығы 60 шақырымнан асады. Бұл жоба қаланың көлік жүйесін біршама жеңілдетпек. 2009-2010 жылдары осы жобаны енді қолға ала бастаған кезде жердің бағасы өте қымбат болған еді. Сол үшін жоба тоқтатылып тасталған. Одан кейін жер бағасы құлдыраған кезде әкімдік меншік иелерімен келісіп, жерді 8 есе арзанға ала алды» деді депутат сұрағаны жауап берген Жеңіс Қасымбек.
Жол салу үшін ҚР-ның «Концессиялар туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында концессионерді анықтау туралы байқау процедуралары басталды. ҚР ИДМ жоспарынша, жол салушы компания, яғни концессионер жолды алдағы 20 жылда ақылы негізде салып, оның шығынын ақтап алуы керек.
Министрдің мәліметінше, бүгінде келіссөздердің жетінші раундының нәтижесі бойынша, үміткер 10 компанияның ішінен 3-еуі қалған.
«Біз осы жұмыстарды бастаған кезде теңге бағамы өзгеріп кетті. Осының кесірінен жобаның құнын есептеуде белгілі бір қиындыққа тап болдық. Үкімет концессионерлердің ұсынған бағасына келіспеді. Қазір біз жобаның бағасын барынша арзандаттық. Енді екі айдың ішінде біз қай компанияның осы жобамен айналысатынын анықтайтын боламыз» деді министр.