Әлем • 01 Маусым, 2017

Әлемде АҚШ-тың ықпалы азайып келеді - Financial Times

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Financial Times басылымының сарапшысы Эдуард Люстың жазуынша, Збигнев Бжезинскийдің қайтыс болуы АҚШ дәуірінің аяқталғанын көрсетеді. Бір қызығы, сарапшы айтқандай, Бжезинскийдің өлімі мен Дональд Трамптың НАТО әлсіреуі мүмкін деген сөзі тұспа-тұс келіп отыр.

Әлемде АҚШ-тың ықпалы азайып келеді - Financial Times

Қазіргі таңда алдынан шыққан қатерлерді еңсеру үшін АҚШ-қа алдымен интеллектуалды меритократия қажет. Сарапшының пікірінше, қазір АҚШ-тың ең негізгі «бас аурулары» Қытайдың күшеюі, Таяу Шығыстағы Ресей қаупі мен «іштен шіріген» трансатланттық альянс.

Осы мәселелердің бәрін шешу үшін АҚШ-қа қазір сараптама мен батылдық керек. Ал бұл екі қасиет те қазір Вашингтонда бағаланып отырған жоқ.

«Қырғи-қабақ соғыс кезінде Бжезинский секілді саясаткер ғана биліктің жоғары эшелонына шыға алар еді. Кеңес қаупінен сескенген АҚШ сол кезде әлем бойынша ең үздік деген мамандарды өзіне тартты. Бжезинскийдің ұлты поляк болғанымен, орыс әлемін терең түсінуі АҚШ үшін өте керек еді» деп жазады Эдуард Люс.

Дегенмен, қазіргі АҚШ баяғыдай емес. Бүгін АҚШ-та Бжезинский мен Киссинджерлер секілді президенттерге кеңес бере алатын мамандар бар ма деген сауалға жауап іздеген сарапшы АҚШ-тағы ашықтық саясатын алға тарта отырып, әлі де болса АҚШ ондай мамандарды тәрбиелеп шыға алатынын айтады.

«Дегенмен, сіз ондай мамандарды Вашингтондағы адвокаттық кеңселер мен зерттеу институтынан таба алмайсыз. Бжезинскийді өсірген АҚШ тәуелсіз ойлайтындарды бағалаушы еді. Ал қазір ағысқа қарсы жүретін қайраткерлердің Вашингтонда бағалануы екіталай» деп жазады Эдуард Люс Financial Times басылымында.