Парламент • 02 Маусым, 2017

Үш заң жобасы қабылданды

122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірінші кезекте 2015 жылғы 8 қыркүйектегі «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттама ратификацияланды.

Ең алдымен баяндама жа­саған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жоғарыда аталған құжат аясында Келісімнің қол­да­нылу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзар­ты­латынын мәлімдеді. Ми­нистрдің айтуынша, мұн­дай шешім қабылдануына биыл­ғы жылғы пилоттық жоба нә­тижелеріне талдау жүргізу қажеттігі себеп болған. 
Сондай-ақ, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған екінші мә­селе ретінде «Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Азия Даму Бан­кі ара­сын­дағы Қарыз туралы келісімді (Жай операция­лар) (ОАӨЭЫ 1 және 6-дәліз­дерін қосатын «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконс­трукциялау жөніндегі жоба) рати­фикациялау туралы» заң жобасын қабыл­дады. Өткен жылдың 7 жел­тоқ­санында Астанада қол қойыл­ған келісім аясында «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструк­циялауды қаржыландыруға 240 300 мың АҚШ доллары мөл­­шерінде қарыз беру көз­деле­ді. Ал Рес­публикалық бюд­­жеттен қарызды бірлесіп қар­­жы­­ландыруға 32 765 мың АҚШ дол­лары бөлінеді деп күтілуде.
Бес жылдық жеңілдікті ке­зең­ді қоса алғанда, қарыз 18 жыл мер­зімге беріледі. Қара­жатқа қызмет көр­сетуді және оны өтеуді рес­публи­калық бюд­жет қаражаты есебінен елі­міздің Қаржы министрлігі жү­зеге асыратын болады.  Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерболат Мұқаев аталған заңның маңыз­­дылығын айта келіп, Үкі­меттің назарын жолдардың бойында демалатын орындар, уақытша көлік тоқтау алаңдары, тамақтану, сауда-саттық пункттері, техникалық қызмет көрсету стансалары, қалалардың кіреберісінде көлік жуу пункттері, авариялық ша­қы­ру байланысы, жолдар бойын­дағы елді мекендердің тұсында жол жағасындағы бизнес мүлдем жоқ­тың қасы екендігіне аударды. Оның пікі­рінше, егер мұндай қадамдар жүзеге асырылса халықаралық тран­зиттік бағыттың бәсекеге қабі­лет­тілігі арта түсуіне оң септігін тигізеді. 
Сенат депутаттары қа­был­­даған келесі құжат «Қазақ­стан Рес­публикасының кей­бір заңнамалық актілеріне өсім­діктер мен жануарлар дү­ниесі мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар е­нгізу туралы» заң жобасы болды. Екінші оқылымда қа­ралған құжат биологиялық әр­­алуандықты сақтау үшін эко­­номикалық, әлеуметтік, ұйым­­дастырушылық және өзге де жағдайларды жасау­ға бағыт­талған. Атап айт­қанда, орман және аң аулау ша­руа­шылығы, ерекше қорға­латын табиғи аумақтар сала­сын­дағы қолданыстағы заңна­маға, сондай-ақ, экологиялық және өзге де аралас заңнамаға түзе­тулер енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, бұл заң­да­ғы кейбір жекелеген баптар орманды пайдалану, балық шаруашылығы қызметі, жануарлар дүниесі объек­тілерін жасанды өсіруді, жануарларды елімізге әкелу және әкету мәсе­лелерін де қарастырады. Сондай-ақ, мемлекеттік ұлт­тық парктер мен олардың қор­ғалатын аймақтарының ау­мақтарын пайдалану тәртібі нақ­тыланып, биосфералық ре­зер­ват­тардың құқықтық тәр­тібі белгі­ленеді. 
Аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған Аг­рар­лық мәсе­лелер, таби­ғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту ко­ми­те­тінің мүшесі Рашит Әкімов­тің айтуынша, құжат 2019 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап орман ша­руашылығы мен ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тар қызметкерлерінің лауа­зымдық еңбекақыларын 25 пай­ызға жоғарылатуды, сон­дай-ақ, оларға мал жаю мен шөп шабу үшін жер учаскелерін беруді көздейді.

Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»