Иә, Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты оның транзиттік мүмкіндіктерінің өте жоғары екендігін, болашақта еліміз Шығыс пен Батысты байланыстыратын алтын көпірге айналатынын ерте болжаған Тұңғыш Президентіміз жол құрылысын салуды экономикалық дамудың драйверіне айналдырды. Әріге бармай-ақ Елбасының 2015 жылғы Халықаралық Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзіне мән беріп көрейікші: «Қазір Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы сауда көлемі 600 миллиард долларды құрайды, болжам бойынша бұл көрсеткіш 2020 жылға таман 800 миллиард долларға жетпек. Сондықтан, дамушы Азияға жалпы алғанда Еуропаға құрлық жолын дамытудың зор маңызы бар. Нақ осы мәселеде біз өзіміз үшін жаңа мүмкіндіктерді көреміз. Бұған қоса, дәлелденгендей, бұл жол теңіз жолына қарағанда едәуір – үш есеге дейін қысқа», деп атап көрсеткен болатын.
БҰҰ сарапшыларының соңғы деректері бойынша, 2020 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы бүгінгі таңдағы 117 миллион тоннадан 170 миллион тоннаға дейін өсетін көрінеді. Бұл өз кезегінде еуразиялық құрлық жолы бойынша тасымалданатын транзиттік жүк көлемін еселей арттырады. Осыған байланысты Қазақстан мен Қытай екі ел шекарасында жылына 40 миллион тонна жүк жөнелте алатын темір жол және логистикалық инфрақұрылым қалыптастырды. Сонымен бірге, Қазақстан соңғы жылдары Қытай-Еуропа, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағыттары бойынша тиімді жүк тасымалын жүзеге асыратын әлеуетті темір жол желісін тұрғызды.
Соңғы алты жыл ішінде елімізде 1 700 шақырым темір жол желісі салынды. Теңіз жолымен тасылатын жүк көлемін көбейту мақсатында Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз айлағы кеңейтіліп, Құрық паромдық кешенінің құрылысы салынды. Міне, осындай ауқымды жұмыстардың арқасында Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестік жөніндегі индексінің рейтингі бойынша 2016 жылы инфрақұрылымдарының сапасы бойынша әлемде 63-ші орынды иеленді.
Өмір бір орнында тұрмайды. Осыған байланысты тәуелсіз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында да жаңа межелер белгіленді. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2020 жылы транзиттік тасымалды жылдық көлемде мынадай межеге: контейнерлермен тасымалданатын жүкті – 2 миллион контейнерге дейін; әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар санын – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін, сонымен бірге транзиттік тасымалдан түсетін табысты жылына 4 миллиард долларға дейін арттыру жөнінде кешенді міндет жүктеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында еліміздің жол-көлік логистикасы жүйесіндегі транзиттік әлеуетті одан әрі арттыру мақсатында 16 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 11-і автомобиль жолдарын салу және қайта құру мақсатындағы жобалар болып табылады. Өткен жылы елімізде 913 шақырым жаңа жол салынып, пайдалануға берілсе, биылғы жылы 600 шақырымнан астам жаңа жол құрылысы жүргізілмек. 2016 жылы еліміздің аумағында 2787 шақырымға созылған Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік көлік дәлізі іске қосылды. Ұлы Дала төсімен күретамырдай созылған заманауи автобан арқылы Аспанасты елінен кәрі құрлыққа жеткізілетін жүк мерзімі бұрынғыдан 10-12 күнге дейін қысқартылды.
Еліміздің аумағы бойынша жоғары сапалы автомобиль жолдарын салу бойынша кешенді жобалар одан әрі жүзеге асырылуда. Орталық-Оңтүстік бағытындағы автомобиль жолы бойынша еліміздің оңтүстігінен ішінара Ресейдің оңтүстік өңірлерін қамти отырып, солтүстігіне дейін; Орталық-Шығыс бағыты бойынша Астанадан басталатын жоғары сапалы автомобиль жолы ішінара Сібір аумағын қамти отырып, Өскеменге дейін; Орталық-Батыс бағыты бойынша Астанадан басталатын заманауи автомобиль жолы ішінара Түрікменстан және Ресей, одан әрі Еуропалық одақ елдері аумағын қамти отырып, Каспий теңізіне дейінгі өңірлерді байланыстыратын болады.
Еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің дерегі бойынша, 2016 жылы «Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілген көрінеді. Осыған байланысты 2017-2019 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қашықтығы 4,4 мың шақырымға созылатын, құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 23 жобаны іс жүзіне асыру белгіленіп отыр. Биылғы жылдың өзінде автомобиль жолдарын қайта жабдықтау үшін 356,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Еліміздің жол-көлік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – Ресей шекарасы және Орал – Каменка сияқты ұзындығы 602 шақырымға созылған 7 ауыспалы жобада жұмыс жүргізіліп, биылғы жылдың соңына дейін осы бағыттағы жолдарды толық пайдалануға беру көзделініп отыр.
Соңғы уақытта елімізде ақылы жол тәжірибесін енгізу кеңінен қолға алынуда. Инвестициялар және даму министрлігінің жоспары бойынша, 2020 жылға дейін елімізде кезең-кезеңімен 6 мың шақырымға дейін созылған автомобиль жолдары ақылы негізге көшірілмек. Осы жоспар бойынша жылына 30 миллиард теңге қаржы жиналып, жоғары сапалы автомобиль жолдарын бюджетке салмақ түсірмей, қалыпты жағдайда ұстап отыруға мүмкіндік жасалмақ. Келесі жылдан бастап Астана – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай бағыттарындағы қашықтығы 700 шақырымға созылатын автомобиль жолдары ақылы болмақ. Бұл бағыттардың барлығында да жеңіл көлік үшін ақы төлеу мөлшері 1 шақырымға –
1 теңге болады. Қазір іс жүзінде еліміздегі жалғыз ақылы жол – Астана-Бурабай бағыты осы тәртіппен жұмыс істейді. Бұл бағыттағы ақылы жолдан түсетін табыс жылына 1,5 миллиард теңгені құрап отыр.
Елімізде соңғы жылдары жол құрылысын жүргізудің әлеуетті индустриясы қалыптасты. Бүгінде жол-құрылысы жұмыстарында 95 пайызға дейін отандық құрылыс материалдары пайдаланылады екен. Қиыршық тас, битум, цемент, темір-бетон құрылғылары сияқты құрылыс материалдары толығымен отандық өндірушілерден сатып алынады. Қазір елімізде битум шығаратын 4 зауыт жұмыс істеп тұр. Жол құрылысын цемент және темір-бетон құрылғыларымен жабдықтауда 10-нан астам зауыт тоқтаусыз жұмыс істеуде. Жол құрылысы және оған құрылыс материалдарын дайындайтын зауыттар еліміздің жүз мыңдаған тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
110 жылдан астам уақытқа созылған Қазақстан темір жолының тарихында еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде салынған темір жол құрылысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетінде шынайы егемендікке қол жеткізген кезең болды. Соңғы жылдары салынған темір жол тораптары Ұлы Даланың төрт құбыласын түгел бір-бірімен байланыстырып, тәуелсіз экономикамыздың тамырларына тоқтаусыз қан жүгіртті. Сонымен бірге, төңірегі түгел құрлықпен шекараласатын Қазақстан тұңғыш рет Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа жол ашты. Қорғас – Шығыс қақпасы арқылы Аспанасты елінің сарқылмас жүк тасқыны Еуропаға жол тартты. Достық стансасы арқылы Каспий теңізінен Түркияға, Өзен – Түрікменстан арқылы Парсы шығанағы елдеріне жүк жөнелтілетін болды. Ақиқатын айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде тәуелсіз Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерімен иық тірестіретін әлеуетті транзиттік хабқа айналды. Жол – тіршілік, жол – табыс. Транзиттік-логистикалық көлік жолдары әлеуетін арттыра отырып, Қазақстан ертеңгі даму биігін тұғырландырды.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
«Егемен Қазақстан»