Бірақ, кейінгі жылдары Мақтаарал бұрынғы сәнінен айырылған, өңі тайған жасамыс қызға ұқсап жүр. Мақта баяғыдай көл-көсір пайда бермей қалды. Мақта жақсы шыққан жылдары Ливерпуль биржасының қабағы келіспей қалады. Жыл сайын сорын шайып, бір дақылды еге бергеннен кейін жер жарықтықтың да діңкесі құрып болдырады. Жыл сайын төгілетін улы селитра алқымынан алып, еркін демалдырмайды.
Мақтадан көңілі қалған көптеген диқандар бау-бақша, көкөніс өнімдеріне өте бастаған. Әйтеуір, қаракетсіз емес.
Дегенмен, агротехникалық талаптарды жақсы сақтасаң ақ мақта әлі де аузыңнан ақ май ағызады. Оны бес жылдан бері жаңа технологиямен шитті мақта егіп келе жатқан Шардара ауданы Жаушықұм ауылындағы «Иіржар-агро» серіктестігінің жұмысынан байқадық. «Иіржар» серіктестігінің атқарушы директоры Б.Қамбаров жаңа технологияның арқасында өткен жылы әр гектардан 51 центнерден мақта алғандарын айтады. Бұл бүгінгі кезеңдермен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
Жаңа технологияның пайдасы, бір өзі бірнеше функцияларды атқара алатын техника шитті тұқымын шахмат жүрісіндей әдіспен топыраққа біркелі тастап, тамшылатып суару шлангаларын қоса көміп, үстінен пленка жауып өтеді. Сонда жер астындағы шитті мақта өсіп-өнуі үшін суық қорқынышты емес, күн жылуын сақтайтын қорғанышы бар. Ал тамшылатып суарудың пайдасы мақтаға керекті тыңайтқыштарды мөлшерімен береді. Осындай әдістің арқасында қоза көсегі түгелдей ашылып, пайданы еселеп береді.
Былтыр «Иіржарлықтар» 240 гектар жерге шитті мақта ексе, биыл 300 гектарға жеткізді. Б.Қамбаров алқапқа жоғары сұрыпты «2747» мақта дақылы мен таңдаулы қытай сұрпын егілгендігін айтады. Әр гектарға 270-280 теңге аралығында шығын жұмсалғанымен күзде пайданы әлденеше еселеп алатындықтарына сенімді.
Биыл Шардара ауданында 59 мың 300 гектар жер көктемгі дала жұмыстарына дайындалса, соның 14 мыңына шитті мақта егілмек. Әрине, жаңа технология жетістіктерінің жемісін жеу әрбір диқанға арман. Жалғыздың қолы қысқа. Сондықтан, кооперация жүйесіне көңіл бөлініп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы