2016 жылдың 22 сәуірінде қол қойылған жаһандық келісімнің құрылуына бір кездері Барак Обама әкімшілігі белсене араласқан болатын. Ал қазіргі Ақ үй басшылығы бұл келісімнің ешқандай да пайдасы жоқ екенін айтып, ортақ құжаттан бас тартып отыр.
Өткен апта соңында Италияда бас қосқан G7 мемлекеттерінің кездесуінде әлемдегі ең қуатты мемлекеттер басшылары бірқатар ортақ келісімге келгенімен, АҚШ президенті Дональд Трамп Үлкен жетіліктің сауда саясатынан бөлек осы «Париж келісімінен» бас тартатынын мәлімдеген еді.
Бұл әрекеті туралы әлем елдерінің көшбасшыларына түсінік берген Трамп АҚШ келісімнен бас тартқанымен, қоршаған ортаны қорғау саясатынан бас тартпайтынын, керісінше, Құрама Штаттар әлемдегі ең таза мемлекеттердің бірі болуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, қоршаған ортаны қорғау саласында әр мемлекет өз бетінше жұмыс істегені жөн.
Айта кетейік, АҚШ-тағы ірі компаниялар мен кәсіпорындар қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау саясатына басымдық беруде. Бұл өз кезегінде климаттың жылынуына қарсы ел үкіметтерінің емес, ондағы әрбір азамат пен кәсіпорындардың бірлесе жұмыс істеуі керек деген қазіргі америкалық саясаттың бағдарын көрсетсе керек. Мәселен, Space X компаниясының басшысы Илон Маск пен сол секілді елдің ірі кәсіпкерлері жыл сайын осы бағытта ауқымды қаражат жұмсап келеді.
Қазақстанға келер болсақ, өткен жылдың соңында ел Парламенті «Париж келісімін ратификациялау туралы» ҚР Заңын мақұлдап, оған Елбасы қол қойған еді. Ел үкіметі бұл тұрғыда жаһандық жылыну мен қоршаған ортаға көмірқышқыл газының тарауын шектеу мақсатында бірқатар міндеттемелер алған. Келісімге сай, енді көмірқышқыл газын қоршаған ортаға белгіленген шектен асырып жіберген кәсіпорындар, мекемелер жауапкершілікке тартылмақ.
Жалпы, қазіргі таңда бұл келісімді әлем бойынша 146 ел ратификациялап, 48 ел қол қойған. Тек Сирия мен Никарагуа ғана қосылмаған. Кешеден бері енді олардың қатарына АҚШ қосылып отыр.