Қаржы • 02 Маусым, 2017

Солтүстік Қазақстанға қытайлық инвесторлар мол қаржы құймақ

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайлық қаржыгерлер бірлескен озық жоба аясында Тайынша ауданында май зауытын салуға кірісті. Болашақта Қазақстан мен Қытай шекарасында логистикалық база, ал Сиань шаһарында сауда кешені бой көтермек.

Солтүстік Қазақстанға қытайлық инвесторлар мол қаржы құймақ

Екі тарапқа да тиімді агроөнеркәсіптік-логистикалық кешен өнімді өндіруден бастап, оны жеткізу және сатуға дейінгі кластер жүйесін құрайтын болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қытай мен Сингапурдан келген инвесторлармен кездесуде осы және өзге де жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Астықты өңірдің топырағы өте  құнарлы, орташа бонитеті 55 балға тең. Шөбі шүйгінді келетіндіктен, мал өсіруге де қолайлы.  Инвесторларды облыстың осындай  табиғи артықшылықтары қатты қызықтыратын көрінеді.  Экономиканың басқа салаларына да  қаржы құюға ынталы.

« Ауыл шаруашылығы – негізгі кәсібіміз. Сондықтан бұл саланы дамытуға мүдделіміз. Инвесторларға  барынша жағдай тудыратын боламыз», деді Қ. Ақсақалов.

“Тайынша май” ЖШС-нің құрылтайшысы Цзя Хэй кәсіпорынды дамыту жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, компания бұл зауыттың негізінде агроөнеркәсіптік кешен салып, логистикалық жүйе құрмақ.

“Айцзю” компаниясының мақсаты – логистикалық тізбек құру.   Әлемдік нарықта өнімді уақытында, сапасына нұқсан келтірмей жеткізудің маңызы зор. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы жол” бағдарламасына және Қытай Президенті Си Цзиньпиннің “Бір белдеу – бір жол” жобасына сай келеді», деді Цзя Хэй.

“Айцзю” компаниясы бұл жобаны шетелдік “Salim Wanye” фирмаcымен бірлесіп жүзеге асырмақ. Инвесторлардың мүмкіндіктері жайлы Қытайдың “Минжонг” азық-түлік корпорациясының өңірлік жобалар бойынша директоры Сэм Онг кеңінен айтып берді. Айтуынша, аталмыш корпорация құрамына 1400 компания кіреді екен. Олар азық-түлік өндірісінен бастап тау-кен өнеркәсібі, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, ІТ-техноология және тағы  басқа салаларда жұмыс істейді.

Екіжақты кездесуде тараптар ынтымақтастықты арттырудың жолдарын қарастырып, бірігіп жүзеге асыруға болатын жобаларды нақтылады.

Өмір Есқали,

Солтүстік Қазақстан облысы.