Үйлестіру кеңесі – мемлекет пен ҮЕҰ-ның тұрақты жұмыс жасайтын үнқатысу алаңы. ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл бойынша тиімді қызметтің басымдықтарын және жүйелі саясатты қалыптастыру – кеңестің негізгі мақсаты.
Жиында сөз сөйлеген Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, уәкілетті орган ретінде министрлік ҮЕҰ саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Мәселен, бүгінгі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен бағалауда жаңа тәсілдерді ұсынатын заң жобасы Парламент Мәжілісінің талқылауына жіберілген. Бұл заң жобасы ҮЕҰ-мен бірлесіп әзірленген екен. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл тәжірибесі де жетілдірілуде. Мәселен, министрлік орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға салалық ҮЕҰ-мен жүйелі кездесулер ұйымдастыруды ұсынып отыр. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтық институттармен сұхбаттасуды кеңейтудің жаңа тәсілдері белгіленді. Министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде атқаруда», – деді Н. Ермекбаев.
Ведомство басшысы, сондай-ақ, қоғамды алаңдататын көкейкесті мәселелерге тұрақты мониторинг ұйымдастырылатынын, мемлекет, ҮЕҰ және кәсіпкерлік – үшжақты әріптестігін дамыту бойынша шаралар іске асырылатынын жеткізді. Мәселен, ҮЕҰ-мен бірге алғаш рет «АСАР» форумын өткізуге дайындық жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар, маңызды қоғамдық мәселелер бойынша ҮЕҰ-мен екіжақты кеңесу форматы енгізілген.
Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов соңғы жылдары мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынас бірқатар жаңалықпен толығып, жаңаша қарқын ала түскенін жеткізді. «2016 жылдан бастап гранттық жобаларды іске асыру тәжірибесі енгізілді. 2017 жылы қаржыландыру 3 есеге, ал жобалар саны 6 есеге ұлғайды. Айта кетерлік жайт, гранттардың тақырыптары түрлі санаттағы тұрғындар мен үкіметтік емес ұйымдарға арнайы есептелген. Бүгінгі таңда 41 жобаны іске асыруға 8 өңірден 39 үкіметтік емес ұйым қатысуда. Қосымша 19 жобаға конкурс жарияланды. Бүгінгі таңда ҮЕҰ-мен бірлесіп, гранттарды беру ережесі жетілдірілуде. Сонымен қатар, осы жылдан бастап ең табысты жұмыс атқарған ҮЕҰ-ға мемлекеттік сыйлықақыны табыстау тәжірибесі енгізілуде. Тиісті ережелер біздің ҮЕҰ-мен бірлесіп, жетілдірілуде. Іріктеу рәсімінің неғұрлым ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оған ҮЕҰ өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды қатыстыру көзделіп отыр», – деді А.Нүкенов.
Үйлестіру кеңесінің отырысы барысында, сонымен қатар, республикалық және өңірлік деңгейдегі ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл тәжірибесі қарастырылды.
Күн тәртібіне сәйкес, Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ж.Әбішев, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген, сондай-ақ, Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ж.Асанова баяндама жасады.
Отырыс нәтижесінде аталған бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»