Графеннің мүмкіндіктері және киіз үй
Қазақстан да халықаралық көрменің бастапқы деңгейін, дәрежесін сақтайды деген үміттеміз. Биылғы байрақты басқосуға дайындық барысы осындай ой түйгізеді. Айталық, Британ павильоны – көрмедегі ең ірі нысандардың бірі. Жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құрайтын павильон танымал сәулетші Асиф Ханның шешімімен қазақтың киіз үйі пішінінде безендірілген.
«Біз – энергиямыз» тақырыбын ту еткен Ұлыбритания көрмеде озық технологиялар мен жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану саласындағы инновацияларды таныстырады. Мәселен, «болашақтың материалы» деп аталып кеткен графеннің мүмкіндігін көпшілік біле бермейді. Бұл материал қазірдің өзінде көптеген салада теңдесі жоқ өнім ретінде бағаланады. Әлемдегі ең жеңіл әрі берік материал энергия жинақтау қасиетіне де ие. Сондай-ақ, көрме аясында британдықтар келушілерге елінің тарихын таныстырып, жетістіктерімен бөлісуді жоспарлап отыр.
Ұлыбритания павильоны Корольдіктің ұлттық күнінде – 26 маусымда ашылатынын айта кету керек.
Шағын ел – шексіз энергия
Теңіз деңгейінен төмен орналасқан мемлекет ретінде Нидерланд тасқын сумен талай күрес жүргізді. Жергілікті билік табиғаттың алып күшіне төтеп беріп, суды баламалы энергия көзіне айналдыра білді. Сондықтан олардың ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильонының жұмысы «Шағын ел, шексіз энергия: болашақ энергиясын қалыптастыратын дүниетаныммен таныс болыңыздар» деген ұранмен өтеді. «Жақын арада Қазақстан бүкіл әлемнің назарында болмақ. Көптеген елдер көрмеге «жасыл» энергетикаға қалай қол жеткізуге болатынын, оны қолжетімді, тұрақты етудің түрлі әдістерін талқылау үшін келеді. Нидерланд бұл саладағы түрлі шешімдерді ұсынып, өзгелермен жан-жақты қарым-қатынас жасауға ниетті. Біздің ел энергетикадағы өзгерістерді енгізуге әрқашан дайын», дейді павильон директоры Эвелин Бяйл.
Нидерланд жаңа энергия көздерін іздестіріп, оны пайдаланатын ел ретінде танымал. Бүкіл әлемде голландтық өнеркәсіптік технологиялар, озық ноу-хау және инновациялар ерекше қызығушылық тудырады. Ал күн энергиясы саласындағы құрал-жабдықтардың жартысы голландтық технологиялар негізінде жұмыс істейді. Корольдіктің өкілдері осының бәрі Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде көрсетіледі деп уәде етті.
Келушілер голландтықтардың болашақ энергиясын қалыптастыруда пайдаланатын барлық әдіс-тәсілдерімен танысады. Павильон үш аймаққа бөлінеді: Голландияның шығармашылық және инновациялық жетістіктерінің көрме залы, голограмма, 5 минуттық лазерлік шоу және 3D технологияларды ұсынатын мультимедиялық зал, ал соңғысы, ересектер мен балаларға арналған ойын-сауық аймағы. Мұның барлығы голландтық және ресейлік дизайнерлердің көмегімен жасалады. Көрме аясында Нидерланд Корольдігі мен Қазақстанның дарынды жастары экологиялық мәселелерді шешуге арналған ортақ жобасын таныстырады. Бұған қоса, таяу уақытта павильонның мүмкіндіктерімен танысуға арналған веб-қосымша іске қосылады.
Павильонда 20 минутқа есептелген, жарық шашқан шоуды бір мезетте жетпіске жуық адам тамашалай алады. Экспозицияда қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгерген 20 қазақстандық және 5 голландтық маман жұмыс істейтін болады.
Немістер не көрсетеді?
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Германия өз павильонын «Энергия әлемді өзгерте алады» деген ұранмен таныстырмақ.
Немістердің еліміздегі елшісі Рольф Мафаэльдің айтуынша, павильонның мазмұны аса қызықты болады. «Біздің павильонымыз 1700 шаршы метрді алып жатыр, бұл – қатысушы мемлекеттердің арасындағы ең үлкен аумақ. Энергия тиімділігі, климатты сақтау, қоршаған ортаны қорғау – Германия үшін аса маңызды. Баламалы энергия көздеріне көшу мәселесі әлемдік деңгейде талқыланып жатқанда, біз де үлесімізді қосуға ниеттіміз», дейді ол.
Неміс павильонын ұйымдастырумен айналысатын компанияның креативті директоры Андреас Хорбельттің сөзінше, Германия – Еуропада жаңғырмалы энергия көздерін тұрақты түрде пайдаланып, әлі де жетілдіріп отырған алғашқы мемлекет. 30 сәуірден бері елдегі электр қуатының 85 пайызы баламалы энергия көздеріне көшкен. Бұл – Германия үшін үлкен жетістік, тарихта болмаған оқиға. «Біздің түсінігіміздегі болашақ энергиясын «Болашақ қаласы» алаңында тамашалай аласыздар. Жалпы, павильонда бес жаңғырмалы энергия көзі – жел, күн, су, жылы су және биомасса көрініс табады. «Энергия әлемді өзгерте алады» деген сөз тек энергияға қатысты емес. Келешектің өзгеруі жер шарында тұрып жатқан миллиардтаған адамның энергиясына байланысты», дейді Андреас Хорбельт.
Павильонға табан тіреген әр адамға «smart-stick» кілті беріледі екен. Бұл батарея арқылы қатысушылар көрме залындағы барлық интерактивті элементтерді іске қосып, экспонаттарды көре алады. Электронды кілттер қазақша, орысша, ағылшынша және немісше кодталған. Қонақтар баламалы энергия жайлы көптеген мағлұматтарға қанығып, ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, Германияның энергия тиімділігі картасы сол саладағы ең үздік 35 жобаны ұсынады. Инновациялар адам өмірін жақсарта отырып, қоршаған ортаға келетін зиян мөлшерін неғұрлым азайтуды көздейді. Мәселен, «ақылды үй» технологиясынан бастап «BMW» маркасындағы электромобиль және мотоциклдің соңғы үлгілеріне дейін құрылыс және көлік саласындағы жаңалықтар мен өнімдер таныстырылады. Бұл жерде қазба отынды пайдаланбай-ақ пластмасса шығаруды ойлап тапқан өнертапқыштардың еңбегін айрықша атап өту қажет.
Көрмеде немістер жаңғырмалы энергия көздерінен қуат алатын электр көліктерді кеңінен насихаттамақ. Оған лимузин, «Е формуласы» жарыс автокөлігі, электр қозғалтқышы бар екі дөңгелекті көлік және заманауи қуаттау жүйелері кіреді. Павильондағы ең қызықты сәттердің бірі деп «Энергетикалық шоуды» айтуға болады. Лазерлік шоуға қонақтардың барлығын қатыстыру жоспарланып отыр. Павильонды аралаған әр адам ортадағы дөңгелек үстелге кілтті қойса, одан жиналған энергия лазерлік шоуға ұласпақ.
Көрме аймағынан бөлек, немістер кәдесый сататын дүкенді, ұлттық тағамдар мен сусындарды ұсынатын мейрамхананы және VIP аймақты ашуды ойластыруда. Неміс павильоны бір сағатта 400-ге дейін қонақты қабылдауға қауқарлы. Аумақта 80 адам жұмыс істейтін болады, қызметкерлердің 75 пайызы қазақстандықтар болса, қалғаны Германиядан келеді деп күтілуде.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»