Чжоу ЛИ, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.
1 қазан – Қытай Халық Республикасының құрылған күні. Ғасырлар бойы үлкен қасіретті басынан өткерген осы ежелгі ел 62 жыл бұрын өзінің тәуелсіздігін жариялап, әлемдік сахнаға қайтадан көтерілді. Өткен 62 жыл ішінде қайта туған республика ғаламат табыстарға қол жеткізіп, дамудың теңдессіз жолынан өтті және ол жаңғыру бағытымен сенімді түрде әрі мақсаткерлікпен алға басып келеді.
ҚЫТАЙДЫҢ ТАРИХИ ТҰРҒЫДАН АЛҒАНДАҒЫ ДАМУЫ
Бүгінгі таңда Қытайдың дамуы әлем назарын барған сайын көбірек аудара түсуде және оны бағалау да әрқилы. Біреулер Қытайдың экономикалық ғажайыбына, Қытай моделіне таңданыс білдіріп жатса, екіншілері Қытай қатері мен Қытай экспансиясы дегеннен қауіптенетін сыңайлы. Ал үшіншілері Қытай күш ала түскеннен кейін бейбіт даму бағытын ұстануды жалғастыра ма, әлде гегемония жолына түсе ме деп күмәндануын қояр емес. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кезде Қытай қандай жолды таңдайды және Қытайдың дамуы әлем үшін нені білдіреді деген мәселелер назарда тұр. Көнеден жеткен дана сөз былай дейді: өткенге көз жіберіп, өрлеу мен құлдырудың себебін білуге болады, демек қазіргі Қытай мен оның дамуын дұрыс және оң қырынан түсіну үшін тарихын көбірек білу қажет.
Қытай – көне өркениетті ғажайып ел. Қытай өркениеті – ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін жеткен ертедегі төрт әлемдік өркениеттің ішіндегі бірден-бірі. Оған Қытай мәдениетіне тән толеранттылықтың жоғары деңгейі, ашықтық және көпқырлылық себеп. Үйлесімділік – Қытай мәдениеті құндылығының мәні. Қытай мәдениетінде ерте заманнан әлем тұтас және үйлесімді болуы тиіс деген ұстаным қалыптасқан. Бұл тұжырым қытай ұлтының ой-санасы мен тәртібіне терең ықпал етсе, қытайлықтардың адамдар арасындағы, адам мен табиғат және елдер арасындағы қарым-қатынасын реттеуде құнды қадамға айналды. Қытай ұлты қашанда түрлі мәдениеттердің өзара кірігіп, бір-бірін байытуына ұмтылған және шетел мәдениеттерін үлкен жүрекпен қабылдаған. Әлемге әйгілі Жібек жолында Қытайдың басқа елдермен сауда және мәдени байланысының ізі қалған. Мин әулетінен шыққан Қытайдың ұлы саяхатшысы Чжен Хэ Азия мен Африка өңірлерінің 30-дан астам елінде болып қана қоймай, соларға Қытайдың жетекші мәдениеті мен ғылым және техника жетістіктерін алып бара отырып, жеті мәрте шетелдік теңіз экспедицияларын жүзеге асырған. Оның бұл сапарлары барған елдерінде үлкен қолдау мен құрмет тудырған. Қытай халқы өзінің еркін басқаларға ешқашан таңған емес және қашанда түрлі мәдениеттер мен түрлі идеологияларға өзара құрметпен қарауға шақырады. 5000 жылдық өркениет қытай халқының бойында күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан және жаңа мағынамен тұрақты толығып отыратын даңқты бейбітсүйгіш дәстүр қалыптастырған.
Жаңа Қытай жүріп өткен соңғы 62 жыл, оның ішінде, әсіресе, реформалар мен ашықтық саясаты жүргізілген соңғы 30 жылдан астам уақыт Қытайдың зор өзгерістер мен тамаша табыстар жылдары болды. Ел жоғары орталықтандырылған жоспарлы экономикадан өмір сүруге қабілетті нарықтық экономикаға табысты өтті. Сөйтіп, тарихи бетбұрыс жасап, сыртқы дүниеге жабық мемлекеттен жан-жақты ашық экономикалы мемлекетке айналды. Қытай экономикасы жылдық 10 пайыздық өсімін сақтап отыр. ІЖӨ 2010 жылы 6 триллион долларға жетсе, 1978 жылмен салыстырғанда 16 есеге көп және бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде екінші орынға шықты. Сонымен бір мезгілде, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарып, олардың өмірі жаппай кедейліктен орташа деңгейдің бастапқы кезеңіне аяқ басты. Осылайша Қытай орта деңгейдегі үйлесімді қоғам құру мақсатына сенімді түрде нық қадаммен келе жатыр. Қытай табысының тәжірибесі мынада: ол өз елі шындығына сәйкес, яғни қытайлық спецификасы бар социалистік жол арқылы дамудың оң арнасын тапқан.
Қытайдың даму тәжірибесі батыс елдері жүріп өткен гегемония мен сыртқы экспансияға ұмтылатын жолды қайталамай, бір елдің өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өзара пайдалы негіздегі халықаралық ынтымақтастығы есебінен көтеріле алатынының жарқын айғағы болды. Қытай әлемдік экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып отыр. Соңғы жылдары Қытайдың әлемдік экономика өсіміне қосқан үлес коэффициенті 10 пайыздан астамды құрады. Қытай БСҰ-ға өткен 2001 жылғы кезеңнен бері елдің орташа жылдық импорты шамамен 750 млрд. АҚШ доллары болса, тиісті елдер мен өңірлерде 14 млн.-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Өткен 10 жыл бедерінде ҚХР аумағында шетел инвестицияларының қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар Қытайдан 261,7 млрд. доллар табыс әкетті, аталған көрсеткіштің орташа жылдық өсімі 30 пайызды құрады. 2000-2010 жылдары Қытайдың шетелдердегі тікелей қаржылай емес жылдық инвестициялары шамамен 1 млрд.-тан 59 млрд. долларға өсті. Сөйтіп, тиісті елдердегі экономиканың дамуына үлкен серпін қосты. 2009 жылы шетелдерде жұмыс істейтін Қытай кәсіпорындары төлеген салық көлемі 10,6 млрд. АҚШ доллары болды. Сол Қытай кәсіпорындарында жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар саны 439 мың адамға жетті. 1997 жылы Азиядағы қаржы дағдарысы туындатқан Қытаймен жапсарлас елдердегі валютаның айтарлықтай девальвациясы жағдайында ҚХР негізінен ұлттық валютасының тұрақтылығын сақтап қала алса, ол өз кезегінде өңірлік экономикалардың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етті. 2008 жылы, халықаралық қаржы дағдарысы бұрқ ете түскеннен кейін, Қытай экономикалық ортаны сауықтырудың «20 тобы» және басқа да тетіктері шеңберіндегі шараларға белсенді қатысып, халықаралық деңгейде қаржы жүйесін реформалауға атсалысты, яғни тауарлар сатып алу үшін шетелдерге үлкен делегациялар жіберіп, күрделі жағдайда қалған мемлекеттерге көмек қолын созды.
Қытайдың бейбіт даму жолы, әлемдік тарихқа кең тұрғыдан қарағанда, елді бүкіл әлемде бейбітшілікті қорғау есебінен дамытуда және өзінің дамуы арқылы планетадағы бейбітшілікті қамтамасыз етуде жатыр.
Осындай зор табыстарына қарамастан, Қытай әлі де болса дамушы елдер қатарында қалып келеді. Елде тұрғындар саны көп және экономикалық негіз әлсіз. ҚХР бүкіл әлем тұрғындарының шамамен 20 пайызын планетамыздағы жыртылатын жерлердің тек 7,9 пайызын, тұщы судың 6,5 пайызын ғана пайдаланып асырап отыр. Әлеуметтік-экономикалық даму табыстары 1,3 млрд. адамға бөлінуі тиіс. Сондықтан халықтың сұранысын үздіксіз қанағаттандыру мен дамыту үлкен проблема болып қалуда. 2010 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 4400 АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде шамамен 100-ші орынға орналасқан.
Біздің алдымызда сондай-ақ өңірлер дамуының ала-құлалығы, ресурстардың жетіспеушілігі, экологиялық ахуалдың нашарлауы, тағы басқа осы сияқты проблемалар тұр. Осының барлығы Қытай шындығы. Қытай басқа дамыған елдер бірнеше жүздеген жылдар бойы жүрген жолды қысқа ондаған жылдар ішінде жүріп өтті. Елді индустрияландыру мен урбанизация үдерістерінде дамыған елдер тап болған барлық проблемалармен біз де бетпе-бет келіп отырмыз және бұл проблемалар мейлінше өткірлігімен және күрделілігімен ерекшеленбек. Қытайды нағыз қазіргі заманғы елге айналдыру үшін бірнеше ұрпақтың күш-жігері қажет болады. Тек осыларды қаперге ала отырып қана біз Қытайдың дамуы мен оның халықаралық қоғамдастықтағы ұстанымдарына барынша объективті және әділ көзқарас таныта аламыз.
Болашақта Қытай бейбіт даму жолымен шешімді және нық жүретін болады. Қытайлықтар – көптеген қиындықтарды бастарынан өткерген және солардан айтарлықтай зардап шеккен, жаңа тарихи кезеңде де кедейшіліктің дәмін татқан халық. Осы себепті қытайлықтар бейбіт өмірді қастер тұтады және де әл-ауқатқа бейбітшілік арқылы ғана қол жеткізуге болады деп біледі. Бейбіт даму – бұл Қытайдың стратегиялық таңдауы. Қытай ешқандай жағдайда агрессиялық және экспансионистік саясат жүргізуге ұмтылмайды, ешқашан гегемон болмайды және әлемде үстемдік құру үшін күреспейді. Өзінің бейбіт даму қағидатын қорғаумен қатар, планетада бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылады және ортақ даму жолында күш-жігер жұмсайтын болады.
ҚЫТАЙ-ҚАЗАҚСТАН: ӨТКЕНІ, БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ
Қытай мен Қазақстан жақын көршілікте өмір сүруде және ортақ таулармен және өзендермен байланысқан. Екі елдің достығы мен тату көршілігінің тамыры тереңде жатыр. Бүкіл әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолы екі ел арасындағы ғасырларға жалғасқан достықтың нақты айғағындай. Біздің еліміз Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды және онымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сол сәттен бері Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы халықаралық конъюнктураның өзгерістері сынақтарына шыдас бере отырып, сенімділік, тең құқылық, өзара тиімділік пен өзара ықпалдастық сипатын айғақтап, саламатты және тұрақты арнада жедел дамуда. Біздің елдеріміздің арасындағы байланыс өңірдегі және тұтастай алғанда әлемдегі тату көршілік пен достықтың шын мәніндегі жарқын мысалы болып табылады.
Алдағы жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 20 жыл толады. Өткен 20 жыл екі ел үшін әлеуметтік-экономикалық даму мен мемлекеттілік құруда адам айтқысыз табыстарға қол жеткізген, сонымен қатар, Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптестік қарым-қатынасын дамытуда тұрақты кезең болды деуге негіз бар. Әлемдегі екі жетекші, өскелең мемлекеттер ретінде біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қазірдің өзінде екі жақты шеңберден шығып, маңызды стратегиялық мәнге ие болып отыр.
Бірінші кезекте, Қытай мен Қазақстан – шынайы және сенімді саяси серіктестер. Саяси өзара сенім – бұл екі жақты қарым-қатынастың басты басымдығы. Тараптар шекара мәселесін толықтай шешті. Саяси салада да шешілмеген мәселелер жоқ. Екінші жақтың түбегейлі мүдделеріне қатысты маңызды мәселелерде де бір-бірін нық қолдаудан танған емес. Біздің елдеріміздің көшбасшылары тек тығыз жұмыс байланыстарын ғана емес, сондай-ақ терең жеке достық байланыстарын да ұстанып келеді. ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанда жеті мәрте болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапармен, сондай-ақ халықаралық конференцияларға қатысу үшін Қытайда 17 рет болған. Бұған қоса, екі мемлекеттің басшылары екі жақты негізде, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің көкейкесті мәселелері бойынша тұрақты түрде пікірлер алмасу үшін түрлі халықаралық шараларда да жиі кездесіп тұрады. Тараптар терроризм сияқты қазіргі заманның қасіретімен күш біріктіре күресу мақсатында БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа көпқырлы пішіндерде өзара тиімді іс-қимыл танытып келеді. Өткен 2010 жыл екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда үлкен маңызға ие жыл болды. Осы жылдың алғашқы жартысында Президент Назарбаев пен Төраға Ху Цзиньтао бір-бірімен сапарлар алмасып, екі жақты қарым-қатынасты жаңа тарихи кезеңге шығаруға алғышарт жасайтын жан-жақты стратегиялық әріптестік құрып, дамытуға уағдаласты.
Осылайша Қытай мен Қазақстан өзара пайдалы сауда-экономикалық әріптестерге айналды. Соңғы жылдары елдердің ынтымақтастығы сауда-экономикалық, энергетикалық, шикізаттық емес, инфрақұрылымдық және басқа салаларда жемісті дамып келеді. Елдеріміздің сауда айналымы дипломатиялық қатынас орнаған алғашқы жылдардағы 368 млн. доллардан 2010 жылы рекордтық көрсеткішке дейін, яғни 20,31 млрд. долларға дейін өсті. Нақтылай түссек, бұл – 60 еседен астамға артқан деген сөз. Бүгінгі күні Қытай Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі болып табылады және Қазақстан ТМД елдері арасында Қытайдың екінші сауда әріптесі болып отыр. Қытай мен Қазақстан арасында тауар айналымы ҚХР-дің Орталық Азиядағы елдермен жалпы тауар көлемінің 70 пайызынан астамын құрайды. Екі мемлекет басшысы 2015 жылға қарай тауар айналымын 40 млрд. доллар деңгейіне жеткізу туралы мақсат қойды. Бұл жерде атап көрсететін жәйт – екі елдің экономикалық ынтымақтастығы ешқандай қосымша саяси шартсыз, яғни тең құқылық, сенім және өзара тиімділік негізінде жүргізіліп келеді. Міне, сондықтан да мұндай ынтымақтастық үлкен өмірлік күшке ие және тұрақты түрде кеңейе әрі тереңдей түсе алады.
Қытай – Қазақстанның сенімді экономикалық серіктесі. ҚХР бүгінде Қазақстанның аса ірі импортеріне айналған. Қытайдың Қазақстанға инвестиция көлемі 10 млрд. долларға жетсе, қазіргі кезде Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 1000 қаралы кәсіпорын жұмыс істейді. Қытайлық кәсіпорындар пайда таба отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершіліктері туралы да ұмытқан емес. Олар жергілікті әлеуметтік даму бағдарламаларына белсенді қатысып, қазақстандық жұмысшыларды дайындаумен қатар, темір жол, жылыжай құрылыстарын салуда. Сөйтіп, еңбекпен қамту, жергілікті салық түсімдерін ұлғайту мәселелерін шешуге өз үлестерін қосуда. Жақындағы халықаралық қаржы дағдарысы кезінде Қытай Қазақстанға 13 млрд. доллар көлемінде несие ұсынып, өзінің осы іс-әрекеті арқылы Қазақстан экономикасына қолдау көрсетті. Алға көз тігетін болсақ, елдеріміздің іскерлік ынтымақтастық әлеуеті әлі де жоғары екенін көреміз және оның болашағы аса зор екенін байқаймыз. Бүгінде Қытайда жүзеге асырылып жатқан 12-ші 5 жылдық жоспар көп басымдықтары бойынша Қазақстанды дамытудың 2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған стратегиясымен сәйкеседі.
Елдеріміздің мәдени-гуманитарлық салада да әріптестер екенін айта кеткен жөн. Қытайдың көне тәмсілі былай дейді: Мемлекетаралық қатынастардың негізінде өзара ұнамдылық пен халықтарының жақындасуы жатады. Біздің мемлекеттеріміздің мәдени дәстүрлері, салттары мен саналары әрқилы және бұл екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығын одан әрі дамытудың іргетасы ретінде өзара түсіністік пен байланыстарымызды нығайтудың маңызды шарты болып табылады. Қытай мен Қазақстан арасындағы достық байланыстардың тереңдей түсуіне орай жыл өткен сайын екі ел азаматтарының бір-біріне жұмысқа, оқуға немесе саяхатқа келулері жиілей бастады. Бүгінде Қытайда бірнеше мың қазақстандық студент білім алып жүрсе, Қытай тарапы да Қазақстаннан оқитын студент-стипендиаттардың жыл сайынғы квоталарын 200 адамға дейін көбейтті. Қазақстанда да мыңнан аса қытайлық студент біліммен сусындауда.
Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы өміршеңдігінің бастауы олардың дамуы екі ел халықтарының мүдделеріне түбегейлі жауап беретіндігінде және екі елдің тұрақтылықты сақтау мен дамыту талаптарына толық сәйкес жүргізілетіндігінде жатыр деп ой түюге негіз бар. Бұл арада екі мемлекеттің де ынтымақтастықтың арқасында нақты тиімділік пен өзара пайда көріп отырғанын, қай тарап артықшылыққа ие немесе бірі екіншісіне қысым көрсетуде деген тұрғыда сөз қозғалуы мүмкін емес екенін атап көрсеткен абзал. Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы шын мәнінде өзара пайдалы негізде жүргізіліп, қос тарапқа да нақты пайда әкелуде. Қытайдың дамуы Қазақстан үшін қатер емес, үлкен мүмкіндіктер. Осыны жақсы түсінгендіктен де Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның басқа да ресми адамдары Қытаймен ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін әр кез мәлімдеп келеді.
Бүгінде Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы жаңа тарихи сатыға көтерілді, алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Жинақталған бағалы тәжірибе мен өткен 20 жыл ішіндегі ынтымақтастық байланыстар біздерге одан әрі де ілгері жылжуға ырғақты серпін береді. Біз Қазақстан тарапымен бірге өзара сенімнің, өзара тиімділік пен бірлесіп дамудың жоғары рухын басшылыққа ала отырып, ынтымақтастықты барлық деңгейлерде және барлық бағыттарда біздің стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыту тұрғысынан нығайта беруге дайынбыз. Осылайша ортақ күш-жігер жұмсаудың нәтижесінде ғана біздің халықтарымыз бейбітшілікпен, тұрақтылықпен қамтамасыз етілетін болады.