– Хайретдин Болғанбаев – менің туған нағашым, анам Болғанбаева Гүлнар Хайретдинқызының туған әкесі. Қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданында дүниеге келген, яғни, осы Арқа өңірінің тумасы. Әкесі Әбдірахман Меккеге барған, қажы болған кісі. Көзі ашық, білімді адам.
Атамыз үйіндегі балалардың үлкені, екі інісі мен қарындасы болыпты. Қызылжарда молданың алдын көріп, арабша, татарша үйренген. Орынборда Хұсайын медресесінде мұсылманша білім алған. Өзі бұл туралы: «Қолымда қаражатым болмады, шәкіртақымен күн көрдім. Оқу жылы біткен соң Түркістанда көпестің балаларын оқыттым», деп еске алады.
Х.Болғанбаевтың өмір жолын, еңбек жолын зерттеген тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдар оны қазақ журналистикасының бастауында тұрған адамдардың бірі деп санайды. Шындығында, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде жиі жазып, «Бірлік туы» газетінде бас редактор болған. Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте жастарға білім беруді ұйымдастырған. Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған сынды тарихи тұлғалармен үзеңгілес болып, Түркістан автономиясын құруға ат салысқан. Соған қарап, Х.Болғанбаевты Алаш қайраткерлерінен бөле қарауға, қарсы қоюға әсте болмайды. Себебі, атамыз Алашорданың Ақмола комитетіне төрағалық жасаған, «Алаш автономиясы» атты көлемді мақала жазған.
– Хайретдин Болғанбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істерді өз көзіңізбен көрген екенсіз?
– Мен өзім ҰҚК архивіне бардым. Х.Болғанбаевтың қызынан тарайтын тікелей ұрпағы ретінде НКВД-ның тергеу материалдарымен танысуға рұқсат алдым. НКВД №05542 және №011494 қылмыстық ісін өз қолыммен ұстап, оқып шықтым. Сол құжаттарда көрсетілгендей, Хайретдин Болғанбаев екі рет сотқа тартылған. Алдымен 1930 жылы Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған 43 адамның арасында тұтқынға алынып, революцияға қарсы іс-әрекеттері үшін 5 жылға Сібірге жер аударылыпты.
1934 жылы айдаудан келгеннен кейін де Ахмет Байтұрсынов, Жақып Омаров сынды Алаш қайраткерлерімен байланысын үзбеген. Көп ұзамай, 1937 жылы ОГПУ екінші рет тұтқындап, қылмыстық іс НКВД Алматы облыстық бөлімшесінің қарауына беріледі. 21 қарашада «Үштік соттың» шешімімен ату жазасы тағайындалып, 23 қараша күні жаза күшіне енді.
Жалпы, Алаш арыстарының қай-қайсысы да бүгінгі ұрпақтың құрметіне лайық, тағзым етуге тұратын азаматтар. Ендеше, олардың бірін айтқанда, екіншісін ұмытып кету үлкен қателік, әділетсіздік деп санаймын. Нағашы атам Хайретдин Болғанбаев туралы өз бетімше зерттеу жүргізіп, атамызды насихаттауға бел шешіп кірісуіме осы себеп болды.
– Жалпы, Алаш арыстарының көпшілігінің артында ұрпақ қалмағаны белгілі. Хайретдин Болғанбаевтың қызы Гүлнардан басқа да ұрпақтары туралы айтып өтсеңіз?..
– Атамыздың артында ұрпақтары қалғанын бертінге дейін ғалымдар білген жоқ. Үлкен ұлы Ерік Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, ғылыммен шұғылданған. Орталық комитетте Ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған. Осылайша, Хайретдин Болғанбаевтың өзі Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан ақындармен үзеңгілес болса, ұлы Ерік Дінмұхамед Қонаевпен жұмыс барысында араласқан. Ерік атамыз осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озды. Екінші ұлы Серік кішкентай кезінде Сібірде, қазіргі Коми республикасы Сыктывкар қаласында шетінеп кетіпті, сүйегі сонда жатыр. Ол туралы кейінірек тоқталамын. Гүлзи есімді қызы да жас кезінде қайтыс болған. Екінші қызы, менің анам Гүлнар Астанаға жақын жердегі Сабынды ауылында тұрды, көп жылдар мектеп директоры болып жұмыс істеді, Ленин орденімен марапатталды. Әкесінің ақталғанын, адал есімі қайтарылғанын көрді. Белгілі алаштанушы ғалымдарды үйімізге шақырып, қолынан дәм татқызып, әкеміз туралы есінде қалған естеліктерді айтып берді.
1930 жылы атамыз Сібірге айдалғанда Хайретдин Болғанбаевтың жары Рахима әжеміз шиеттей үш баласын алып, артынан іздеп барған. Кенже ұлдары Мұрат сол жақта туған. Ерік есімді кішкентай ұлдары сол жақта ауырып қайтыс болған. Сібірдің аяз-боранында төрт жыл азап шегіп, елге жарымен бірге оралған. Рахима әжеміздің қайсарлығы оның тектілігінен, тамыр тартады. Әкесі Әкпар Ақмола облысындағы атақты көпес Халфин Уәлидің ұлы. Өзі хан тұқымына жиен болып келеді.
– Халық жауының ұрпағы ретінде қағажу көрген кездеріңіз болды ма?
– Анамыз Гүлнар өте білімді, іскер, көрікті адам еді. Еңбегімен, қайсар мінезімен ортасын мойындатып, біраз жетістікке жетті. Мектеп директоры болды, Ленин орденімен марапатталды. Ауылдың адамдары «Гүлнар Хайретдинқызы, сенің нағашы атаң Кеңес үкіметінің жауы болған. Ал сен қалай мектеп директоры болдың, Ленин орденін қалай алдың?» деп талай рет бетіне басатын. Анамыз үйге келіп жылайды, басқа қолынан келері жоқ.
Бала кезімізде кешқұрым мал өрістен қайтатын уақытта сиырымды айдап әкелейін деп табынның алдынан шығамыз ғой. Сонда ауылдың кейбір шалдары қолындағы таяғымен түртіп: «Сенің нағашы атаң халықтың жауы болған. Біздің жанымызда не істеп жүрсің?!» дейтін. Үйге келіп анамнан «халық жауы» деген не?» деп сұраймын, «Өскен соң түсінесің. Енді сиыр келмей қалса да, бармай-ақ қойшы» деуші еді.
Одан бері талай жыл өтті, жасым жер ортасынан асты. Халықтың жауы кім, шын жанашыры кім екенін түсіндік. Бірақ бәрібір бала кезіңде естіген, көрген салқындықтар көңіліңнің бір түкпірінде қалып қояды екен.
– Атаңыздың есімін ел есінде жаңғырту үшін жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– 2009 жылы Астанада Хайретдин Болғанбаевтың атына көше берілді. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» атты кітап жарық көрді. «Иман күші» деп аталған тағы бір кітап басылып шықты. Мен атамыз туралы 250 беттен асатын деректерді жинап қойдым. Алдағы уақытта кітап етіп шығармақпын. Алаш арыстары туралы көптеген фильмдер жарыққа шығып жатыр, Хайретдин Болғанбаев та осындай құрметке әбден лайық деп санаймын. Құдайға шүкір, атамыз атаусыз қалды деп өкпелейтін жөніміз жоқ. Ең бастысы, артында ұрпағы қалды, шөберелері өсіп келеді. Хайретдин Болғанбаев туралы ең үлкен естелік – еңбегін елінің ұмытпағаны, ұрпағының өсіп жатқаны деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»