Аймақтар • 05 Маусым, 2017

"Бала дауысы - 2017" - Атырауда

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жайық жағасындағы талантты да талапты оқушылардың өнерін саралайтын қазылар алқасына белгілі әнші Серік Ибрагимов төрағалық етті. 

"Бала дауысы - 2017" - Атырауда

Атырауда «Бала дауысы-2017» Ұлттық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі өтті. 7 мен 13 жас аралығындағы өнерлі өрендер Құрманғазы атындағы мәдениет сарайын әсем әнге бөледі. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» жекеменшік қоры мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бастау алған бұл байқауға балалардың қызығушылығы жоғары. «Іріктеу кезеңіне 107 бала қатысты. Олардың арасында алыс ауылдардан арнайы келгендер де бар», - дейді жоба менеджері Әлия Сыздықова.

Жұлдызды тәлімгер Атыраудағы ең жарқын дауысты таңдау біраз қиынға соққанын айтады. Жүзден астам өнерпаздың арасынан бір ғана жүлдегер республикалық кезеңге жолдама алады. Дінмұхаммед Нұрқабаев сол биіктен көрінді. Атырау қаласындағы «Фантазия» вокал студиясында дәріс алатын Дінмұхаммедтің жасы 12-де. Ән айтып қана қоймайды, фортепианода шебер ойнайды.

«Өткен жылы да осы байқауға қатысып, алғашқы үштіктен көрініп едік. Биыл жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Дінмұхаммед музыка мектебіне барады. Оның бар арман-мақсаты өнермен байланысты» - дейді анасы Жанна. Енді Дінмұхаммед Алматы қаласында өтетін байқаудың финалында Серік Ибрагимовпен бірге ән салады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.