Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәлімдеуінше, 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру аясында 2015 жылдың 28 қазанында, №369 ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50 пайыздан төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған.
Біртұтас жәрдемақы қазіргі іс жүзіндегі қағидалардың орнына ұсынылмақ (бұл өз кезегінде жәрдемақы алуға қажет құжаттар санын айтарлықтай қысқартады):
- көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы (әрі қарай - АМЖ);
- аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы;
- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.
АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді:
І. Шартсыз және шартты ақшалай көмек.
а) Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
ә) Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасаған жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қатысады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»