Таныстырылым аясында жинақтың 50 данасы Елбасы кітапханасына тарту етілді.
Жинақты Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы (Бейжің қаласы) қытай тіліне аударған және баспадан шығару жұмыстарымен айналысқан. Таныстырылым барысында Президент кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясының құрылғанына 40 жыл толған мерейтойымен құттықтады.
«Мұндай атаулы мерейтой 17 мамыр күні тойланды. Мерейтойға қатысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтауынан-ақ академияның беделін бағамдауға болады. Академияның зерттемелері мен басылымдары Қытайда ғана емес, шет мемлекеттерде де танымал. Өз кезегінде, үш жыл бұрын ғана құрылған ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы аз уақытта кітапхана, музей, архив, мәдени-гуманитарлық, білім беру және талдау қызметтерін атқаратын ірі орталыққа айналды. Кеше осында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы кітабы қазақ тілінде жарық көрді», деді ол.
Тұсаукесерге арнайы келген Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Ван Вэйгуан жинаққа құнды деректер енгенін атап өтті.
«Барлық қатысушыларды жинақтың жарық көруімен құттықтаймын. Бұл кітапта Қазақстан Президентінің мемлекетті басқару тұжырымдамалары, мақсаттары мен жұмыс мәнері турасында өте құнды құжаттар жинақталған. Бұл кітаппен танысу арқылы Президент Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі саясаткер ғана емес, Ұлт көшбасшысы атағына шын мәнінде лайық философ, данышпан екенін көреміз», деді Ван Вэйгуан.
Жинақ ҚР Президенті Кеңсесінің қолдауымен дайындалған. Оған әлем жұртшылығы қызығушылық танытқан Елбасының бастамалары, жолдаулары және мақалалары енген.
Айта кетейік, 7-10 маусым күндері Қазақстанға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді және Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті мен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысады.