Қазақстан • 07 Маусым, 2017

Ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Астана қаласы халықаралық әуежайындағы Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа әкімшілік ғимаратын салтанатты жағдайда ашты.

Ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Көліктегі ішкі істер департаментінің басшылары мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі іс­тер органдарының ардагерлері қа­тысты. Ғимарат алдындағы саптық алаңда Ұлттық ұлан оркестрінің сүйемелдеуімен салтанатты ше­ру өткізілді. Бұдан соң жаңа ғима­раттың нышандық кілті ЖІІБ-нің басшылығына тапсырылды. 
– Мемлекет басшысы мен Үкі­меттің қолдауы нәтижесінде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгін, міне, көлік полициясы Астана әуежайында ЖІІБ-нің барлық қажеттіліктерге жауап бере алатын жаңа қызметтік баспанасына қол жеткізіп отыр,– деп мәлімдеді Ішкі істер министрі салтанатты шарада.
Қ.Қасымов өз сөзінде ха­лық­аралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қарсаңында елорданың әуе­жайы мен вокзалдарына шет­елдік қонақтар және еліміздің тұр­ғын­дары көптеп келетінін атап өтті. Сондықтан Астанаға жолы түскен қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінулері  үшін көлік полициясына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр.
Атап өтер жайт, Астана қала­­сы­ның әуежайы тәулігіне 10 мыңнан астам жолаушы қабыл­дай­ды, ал мереке күндері бұл көр­­сеткіш екі есеге көбейеді. Әуе­­жайға күніне 160 жолаушы ұшағы ұшып-қонады. Соған бай­ла­нысты еліміздің көлік полиция­сы құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөледі. 
Министр жаңа ғимаратты ара­лап, ішкі жабдықтарымен, сон­дай-ақ, көлік полициясының қыз­мет атқаратын орындарымен танысып шықты. Содан соң Кө­лік­тегі ішкі істер департаменті мен  бөлімшелерінің жеке құрамы ал­дағы уақытта да азаматтардың құқығы мен мүдделерін лайықты қорғап, олардың көліктегі қауіп­сіздігін жоғары деңгейде қамта­масыз ететініне сенім білдірді.
Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты ЭКСПО-2017 көр­месіне дайындық және оны өт­кізу кезіндегі қауіпсіздік пен құ­қықтық тәртіпті қамтамасыз ету іс-шаралары жоспары аясында са­лынды. 
 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»