Сауд Арабиясында жуырда 20-21 мамырда өткен АҚШ-Ислам әлемі саммиті аяқтала салысымен Араб-Парсы шығанағы елдерінің арасына жік түсті.
Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) ұйымына мүше елдер арасында Қатарға байланысты терең дипломатиялық дағдарыс орын алды. Ұйымның белді мүшелері – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейнмен қоса ірі мемлекет Мысыр, сондай-ақ, Мальдив аралдары, соғыс отына оранған Ливия мен Йеменнің үкіметтері Қатармен дипломатиялық байланыстарын үзіп, кейбіреуі, тіпті, құрлықтағы, әуедегі, теңіздегі барлық қатынасын тоқтатты.
Қатар азық-түлік саласында көршілеріне тәуелді болғандықтан, саяси шиеленістің сауда-экономикалық салдарлары ауыр болатыны сөзсіз. Қатардың биржасы 5 маусым күні 8%-ға құлдыраған, ел халқы сауда орталықтарына ағылып, азық-түліктерді жаппай сатып алып жатыр. Бұл шиеленіс аймақ елдерінің мұнай-газ экспортына әсер ете қоймас, дегенмен, мұнай бағасына әсері болатыны анық.
Тарқатып айтар болсақ, ең алдымен, Бахрейн Қатарға қатысты ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығын шайқалтып, ішкі ісіне араласты, терроризмге қолдау көрсетті деген мәлімдеме жасады. БАӘ қатарлық дипломаттарға елден шығуға 48 сағат берді. Әмірліктердің Etihad Airways, Emirates and Flydubai сияқты әуе компаниялары Дохаға және Дохадан ұшатын барлық әуе рейстерін тоқтатты. Шығанақ елдері Qatar Airways компаниясының ұшақтарына өз әуе кеңістіктерін жапты. Мысыр Араб Республикасы Қатардың өзіне бағытталған дұшпандық әрекеттерге барғанын баса айтты.
БАӘ Доханың террорлық, экстремистік және «Мұсылман бауырлар» сияқты сектанттық топтарға қолдау көрсеткенін айрықша атап өтті. Сауд Арабиясы Қатарды аймақтың тұрақсыздығына қызмет ететін «Мұсылман бауырлар», Әл-Каида, ДАИШ, әскери милициялар сияқты заңсыз ұйымдарға көмектесті деп айыптап, Доханың Йемендегі әскери операциялардан алыстатылатынын мәлімдеді. Кувейт, Оман елдері біршама ұстамды көзқарас білдіргенімен, Иордания королі Абдулла ІІ Хамас сияқты радикалды топтарды қолдағаны үшін Қатарды Араб мемлекеттері лигасынан мүшеліктен шығару қажеттігін айтты.
Осылайша, Сауд Арабиясы бастаған бірқатар араб елдерінің Катармен дипломатиялық және экономикалық байланыстарын тоқтатуы бұрын-соңды болмаған жазалау шарасына ұқсайды. Сондай-ақ, Қатарға Хамас пен Хизболла сияқты, басқа да исламистік топтармен байланысы бар деген айып тағылып отыр.
Енді дағдарыстың басты себептеріне келсек, 24 мамыр күні Қатар ақпарат агенттігі Қатар әмірі Тамим ибн Хамад әл-Танидің Иранның жаңадан сайланған президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесіп құттықтағаны, Иранның ислам әлеміндегі салмақты күш екенін айтқаны, онымен санасу керектігін білдіргені, араб елдерінің Иранға дұшпан болуына ешқандай себеп жоқ екені жөнінде мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат таратты. Онда, сонымен қатар, Хамас пен Хизболла ұйымдарының заңды азат ету қозғалыстары, Хамас ұйымы Палестина халқының заңды өкілі екендігі туралы айтылған.
Сауд Арабиясының «Рияд», Әмірліктердің «Sky News» сияқты ықпалды медиа алпауыттары осындай ақпараттар легін тоқтаусыз таратты. Бұл, бір жағынан, Таяу Шығыстағы ақпараттық ойындардың жарқын көрінісі болды. Кейін Қатардың сыртқы істер министрлігі мұндай қарама-қайшы саяси мәлімдемелердің жасалмағанын, хакерлердің агенттік сайтына заңсыз кіріп, жалған ақпаратты жариялағанын айтып ақталды. Мұндай мәлімдемеге қалған араб елдері сенгісі келмеді.
Бір қызығы, бұл оқиғалар Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 20-21 мамыр күндері өткен АҚШ-Ислам әлемі саммитінен кейін орын алып отыр. Сол кезден бері Шығанақ аймағында жаңа саяси тепе-теңдік қалыптасты, жағдай біршама өзгерді. Саммитте АҚШ президенті Д.Трамп аймақтағы жаңа саясатында Сауд Арабиясы бастаған стратегиялық серіктестеріне сүйенетінін, міндеттер мен жауапкершілік жүгінің біразы аймақтағы одақтас елдерге артылатынын білдіргені мәлім. Саммит аясында террорлық топтармен күресті күшейту үшін жалпы сомасы 110 миллиард АҚШ долларын құрайтын әскери келісім-шартқа қол қойылғаны бекер емес.
Йемен соғысынан қалтасы қағылып, қажыған Сауд Арабиясына моральдық, әскери қолдау көрсетілуі Эр-Риядтың аймақтағы әлсіреген ұстанымын біршама нығайта түсті. Трамп пен одақтастарының Таяу Шығыстағы бірлескен саясаты араб елдері аймағында саяси-әскери ықпалын арттырған Иранды қыспаққа алып, қоршап, мүмкіндігін шектеуге келіп саяды. Ал Қатар Иранмен байланысын бұзғысы келмей, онымен қақтығысудан өзін аулақ ұстағысы келеді. Оның үстіне, екі елдің оффшор аймағында ортақ ірі газ кен орны және бар.
Бұл жағдай онсыз да күрделі Иран-Сауд Арабиясы қатынастарын тығырыққа тіреп, шиеленістіретіні айтпаса да түсінікті. Ал Қатар тарапы жоғарыда аталған өткір мәлімдемелерді шынымен жасаған болса, Эр-Рияд саммитінің негізгі мақсаттарын жоққа шығарғаны болады. Ал бұл өз кезегінде серіктестерінің ашу-ызасын туғызып отыр. Эр-Риядтағы саммитте Қатардың кейбір қарулы топтарды қолдағаны тілге тиек етіліп, ешкімге бағынбайтын тәуелсіз, бірбеткей бағытта дамып бара жатқаны жиі айтылды. Әртүрлі күмәнді қарулы топтарға қаржылай қолдау көрсетті деген айып тағылды. Осындай ұжымдық жазалау шаралары арқылы Сауд Арабиясы бастаған ПШАМЫК елдері Доханы күшпен өз айтқандарына көндіргісі келетіні байқалады.
Бахрейн саяси-демографиялық құрылымына байланысты ПШАМЫК елдері арасындағы ең әлсіз буын болғандықтан, Сауд Арабиясы үшін бұл өте шетін мәселе. Себебі, осындай үрдістер жиілей беретін болса, аймақтық интеграциялық ұйымның келешегіне балта шабылуы әбден ықтимал екенін Эр-Рияд жақсы түсініп отыр. Негізі, бұл саяси процестерді Сауд Арабиясы немесе шиға-сунни арасындағы бәсекелестіктен гөрі, исламизм, саяси ислам факторы тұрғысынан түсіндірген жөн.
2011 жылы күллі араб әлемін шарпыған «Араб көктемі» атты халық көтерілістері нәтижесінде кейбір диктатуралық жүйелер күйреп, орнына Тунис, Мысыр, Ливия сияқты елдерде демократиялық сайлау жолымен билік басына саяси ислам өкілдері келгені белгілі. Әсіресе, араб әлемінде кең қанат жайған, өзіндік даму доктринасы бар, бұрыннан бері әскери жүйе тарапынан қысым көріп келген ықпалды саяси-діни ұйым – «Ихуан» («Мұсылман бауырлар») жамағаты күрт күшейді. Ихуан аймақтағы сәләфи ағымының басты идеологиялық бәсекелесі болып табылады. Мысырда 2012-2013 жылдарда ұйымның өкілі Мұхаммед Мурси ел президенті болды. Тунисте де аталған топтар саяси билікке жақындады. Иорданияда да олардың ықпалы артып, Сирия (қарулы) оппозициясының белді күштерінің бірін толықтырды. Сол кезеңде Катарға аталған саяси процестерге қаржылық қолдау көрсетті деген айып тағыла бастады. Әсіресе, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері мұндай өзгерістердің белең алып, таралуынан сескеніп, Мысырда әскери-зайырлы топтарға қолдау көрсеткен. 2014 жылы Қатар серіктестері қойған шарттарды орындауға уәде беріп, кейбір әрекеттерінен бас тартқан еді. Бірақ, одан кейін белгілі себептермен Қатар мен ПШАМЫК елдерінің арасы оңала қойған жоқ.
Осылайша, сол кезден-ақ араб елдері исламистерді қолдайтын және оларға қарсы тұратын екі топқа бөлінді. Аймақ елдерінің сыртқы саясаты сол топтарды қолдап, қолдамайтынына байланысты анықталды. Мамандардың айтуынша, Қатар осындай исламистік топтарды өзінің сыртқы саясатын ілгерілету және ықпалын арттыру мақсатында пайдаланып, халықаралық қақтығыстарда дәнекер рөлін атқаратын белсенді аймақтық күшке айналған. Ал мұндай көзқарасты жоққа шығаратын жергілікті сарапшыларды тыңдасақ, аймақтағы терроризмді қолдады деген айыппен немесе жаламен барлық кінәні Қатардың мойнына арту үшін осындай науқан жүріп жатыр-мыс.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Р.Тиллерсон тараптарды бірлікке шақырды. Алайда, АҚШ мәселеге қатысты айтар сөзін Эр-Риядта айтып қойған. Сондықтан Вашингтон әліптің артын бағып, Сауд Арабиясы арқылы әрекет етуі ықтимал. «Эр-Рай әл-Яум» газетінде жарияланған мақалада егер Доха ыңғайға келмесе, Қатарда билік ауысуы мүмкін екендігі көлденең тартылады. Өйткені, кейбір тараптарға Сауд Арабиясы АҚШ-пен қалай жақсы қарым-қатынаста болса, Қатардың да сондай икемді, бейімделгіш саясат ұстанғаны тиімді.
Қатарға халықаралық қысым күшейгендіктен, Доха өзіне жақын елдер – Түркиямен, Оманмен, тіпті Иранмен және Ресеймен жақындасады дегендер де бар. Ресей аталған ұйымның ішкі ісіне араласудан өзін алыс ұстап, бейтарап көзқарас білдірді. Ресей сарапшыларының басым бөлігі де осындай пікір білдіруде. Қатарда әскери базасы бар Түркия болса, тараптарды татуластыруға әзір екенін сездіріп үлгерді. Кейбір түрік сарапшылары жағдайы қиындаған Катарға көмек қолын созу керек десе, енді бір бөлігі араласпау керек дегенді меңзейді. Кувейт араағайындық жасауға ниет білдіргенімен, Сауд Арабиясының медиасы мұндай бастамаға орын жоқ екенін жазды. Біршама бейтарап саясат ұстанатын, Иранмен жақсы қарым-қатынастағы Оман да бітімгершілік рөл атқарғысы келетін секілді.
Бұл оқиғалар Сирия мен Палестинадағы ахуалға да өз әсерін тигізуі мүмкін. Осы оқиғалардан кейін Мосул мен Раққада, Дәйр-әз-Зор маңындағы шешуші қақтығыстардан кейін саяси тепе-теңдік біршама өзгереді. Сонымен бірге, Израиль мен Шығанақ елдері жақындасып отырған кезде Қатардың Палестинадағы «Хамас» ұйымымен және көрші елдегі басқа да ұйымдармен байланыстарын шектеу басты мақсаттардың бірі болуы ықтимал.
Осылайша, Таяу Шығыстағы «Араб көктемімен» басталып, Ливия, Ирак, Сирия соғысына жалғасқан кең көлемді азамат соғысы кезеңі саябырсып, жаңа геосаяси жағдайдағы әскери-саяси дипломатия кезеңі басталды деуге болады.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
философия ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы