07 Маусым, 2017

Әлеуметтік сенімнің іргетасы

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рухани жаңаруды бұрын Қазақстан қоғамында болмаған құбылыс, мүлдем жаңа тренд деп есептесек, қателесеміз. Рухани жаңғыруға ұмтылу қазақ этносына тән болған.

Әлеуметтік сенімнің іргетасы

Өз заманының талаптарына сәйкес келетін рухани өрлеуді қазақ этносы ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығында Қазақ хандығы дәуірінде бастап өткерді. Қазақтың бүгінгі бізге аса қажет болып отырған рухани құндылықтарының сол ғасырларда қалыптасқаны ақиқат. 
ХІХ-ХХ ғасырлар отаршыл империяның қазақ халқының рухани құндылықтарын тұншықтырумен және барынша шектеуімен сипатталады. Отарлаушы ел қазақ этносының рухани кодын, тарихи жадын, ұлттық санасын мүлдем өшіріп тастауды, қазақты бейұлтты, мәңгүрт тобырға айналдыруды мақсат тұтты.
Тәуелсіз мемлекет болысымен Қазақстан нарықтық қатынастар негізін жасайтын экономикалық жаңғыру, экономикалық модернизация жасауды іске асырды. Бұл істе айтарлықтай жетістіктермен қатар, елеулі олқылықтар да болды. Олқылықтардың түпкілікті себебі экономикалық жаңғырумен рухани жаңғырудың үндеспеуі болатын. Руханилық, әділеттілік пен демократия құндылықтары орнықпаған саяси-мәдени жүйе экономиканың әрі қарай дамуына тұсау салды. Рухани жаңғыру адам факторына жол ашатын. Қазақстан қоғамында осы маңызды тетік толыққанды іске қосылған жоқ. «Алдымен – экономика, одан кейін сая­сат» принципі төртінші индустриялық революция кезеңіне жауап бере алмайтындығына көз жеткіздік. Болашақ даму ғылымға, білімге, интеллектіге және жаңашылдыққа сүйенетін дамыған мемлекеттер тәжірибесінің дұрыстығын дәлелдеуде. Сондықтан, Қазақстанның болашағы рухани жаңғыру үрдісін дамытуға тәуелді екендігі даусыз. 
Рухани жаңғыру – өте күрделі, көп жақты кең ауқымды құбылыс. Бұл үрдісті қалыптастыру экономикалық жаңару үрдісін қалыптастырудан да қиын. Себебі, халықтың санасын, дүниетанымын және іс-әрекетті таңдауын тәрбиелеу қиынның қиыны. Бұл жұмыс – белгілі бір тарихи мерзімді қамтитын ұзақ үдеріс. Рухани жаңғыруға әрбір азамат, әрбір отбасы өз үлестерін қосуға міндетті. Тәрбиенің, ұлттық құндылықтардың тамыры тал бесіктен басталатыны ақиқат. Яғни, рухани жаңғыру мемлекеттің міндеті деп қарап отыруға болмайды. Әрбір отбасында қазақ халқының ана тіліне, төл мәдениетіне, аңыз-ертегілеріне, ұлттық салт-дәстүрлеріне деген құрмет қалыптасса, ел халқының адамгершілік келбеті түзеледі. Рухани мәдениеттің шуағына шомылған жас жеткіншек болашақтың мәдениетті, білімді, іскер адамы болады. 
Әрине, мемлекет – рухани жаңару саясатын іске асырушы қозғаушы күш. Мемлекеттің зорлықшыл тоталитаризм саясатынан бас тартуының өзі рухани жаңаруға бетбұрыстың басталуы болмақ. Рухани жаңғыру мақсатында мемлекет мемлекет құраушы қазақ ұлты тілінің толыққанды дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Рухани жаңғырудың тілі – қазақ тілі. Ел халқының 70 пайызын құрап отырған халықтың тілі қоғамдық қатынастардың барлық саласында толыққанды қолданылмай, рухани жаңғыру болмайды.
 Ал саясатта мемлекеттің саяси жүйесі және заңдары ізгіленуге бетбұрыс жасауды бастайды. Ол дегеніміз, саяси жүйенің демократиялануы. Биліктің халық алдында жауап беруінің және есептілігінің нақты жүзеге асуы. Конституциялық талап «биліктің қайнар көзі халық болуының» толықтай іске асуы.
 Әлеуметтік салада рухани жаңғыру – әлеуметтік әділеттілік қағидатының салтанат құруы. Әділетті ел болмай ру­хани жаңғыру бос жаңғырық болып қа­лады. Әлеуметтік әділеттілікті билік­тің, соттың, бүкіл жүйенің сақтауы ха­лық­тың әлеуметтік оптимизмге ден қоюы­­ның, болашаққа сенімінің іргетасы бола­ды.
 Білімде, ғылымда, мәдениетте рухани жаңғыру елдің, жердің, халықтың тарихын, өткен жолдарын дұрыс түсіндіруге негізделеді. Дұрыс тәрбиеленген тарихи сана, мәдени ұстаным – бүгінгі отан­шыл­дықтың, қазақстандық патриотизмнің негізі. Салт-дәстүр, діни ұстанымдар, халықтың ділі аса маңызды. Алайда, олардың да озығы бар, тозығы бар. Бүгінгі нарықтық экономика билік құрып, ел халқының «санасы монеттеніп», яғни сананы ақша билеп жатқан кезеңде халықты адамгершілік ауқымынан шығармайтын бірден-бір қуатты күш – халықтың адамгершілік ұстанымдары.
 Идеологияда рухани жаңғыру – «Мәң­гілік Ел» болу идеясын жан-жақ­ты негіздеу. Ұлтымыздың озық ойлы тұл­ғалары Абай, Шәкәрім, Алаш қайрат­керлері ұстанған адамгершілік идеоло­гиясын жан-жақты уағыздау. Сонда ға­на адал еңбек еткен адамның шетте қа­луы деген болмайды. Билік адамға қыз­мет ететін ахуал қалыптасып, эконо­мика мен саясат, адам мен қоғам, билік пен халық арасында үйлесім пайда бо­лады. Қазақстан халқының кемел бола­шағы, бақытты өмірі қоғамның рухани жаң­ғыруына тәуелді екендігі даусыз.