Әкесі Николай алыс-жақын маңайға сыйлы, беделді хирург болды. Петропавл қаласындағы №1 емхананың травматология бөлімін басқарды. Медицина ғылымдарының кандидаты ретінде көптеген ұсыныстар енгізіп, білімі мен біліктілігін игілікті істерге арнады. Жарықтықтың туа бітті сүйек кеселдерін емдеу жөніндегі ғылыми жаңалықтары өндірісте қолданылып, талай жанды айықпас дерттен сауықтырды. Анасы Людмила әлі тың, сергек. Жалғыз ұлының ақылшысы. Санитарлық-ағарту үйінде бас дәрігер қызметін атқарған оның өмірден түйгені мол. Сол себепті анасының ақыл-кеңесіне үнемі жүгініп отырады.
Ол кей сыныптастарына ұқсап ұзақ ойланып-толғанған жоқ. «Дәрігер боламын» деген байламын бірден кесіп айтты. Бір жағынан, медицина саласында абыройлы қызмет атқарған ата-анасына еліктесе, екінші жағынан, әулеттің қалыптасқан дәстүрін жалғастыруды ұйғарды. Таңдаудан қателеспегенін кейін анық ұқты. 1980 жылы Целиноград медицина институтын бітіріп, «балалар травматолог-ортопеді» деген мамандық алып шыққаннан кейін алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы
№ 3 ауруханада бастады. Осында өткерген 7 жылдың ішінде кәсіби шеберлігін жетілдіріп, тәжірибелі маманға айналды. 1987 жылы оған облыстық балалар емханасындағы травматология және ортопедия бөлімшесіне жетекшілік ету ұсынылды.
Жазым деген аяқ астынан емес пе? Ауыр ота түрлерін меңгеріп, жанарлары жаутаңдаған балдырғандардың үзілген үміттерін жалғауға дәнекер болып жүргенде...кенеттен денсаулығы сыр берді. Аяқасты бір кесел жабысты. Жеңіл-желпі болса, бір сәрі ғой. Заты түгіл атынан адам шошитын обыр диагнозы қойылғанда шалқасынан түсе жаздаған. Еңсені езген ауыр ой тұла-бойын тұмшалап, алды тұман, арты жар, − пұшайман күйге түскен. Өмірден күдер үзіп, салы суға кеткен. Ақыры езіліп жата бергеннен ештеңе өнбесін сезіп, әріптестерінің ем-дом алу керек деген ақыл-кеңесіне құлақ түрген. Еңбекке жарамсыздығын айғақтайтын екінші топтағы мүгедектік құжатын қолына ұстатқанда жағы солып, жүзі қуарып сала берген. Кеудесін белгісіз бір өкініш, өксік қанша қысса да, әлдебір сәулелі үміт алға қарай жетелеген. Не керек, Мәскеудегі хирургия орталығында ота жасатып, ажал тырнағынан аман қалған. Бір жылдан кейін сүйікті қызметіне қайта оралған ол содан бері балалармен бірге.
Кешегі шәкірт – бүгінде тәлімгер ұстаз, жоғары санатты дәрігер. 33 орынға шақталған травматология және ортопедия бөлімшесінде өзімен бірге Асылхан Жағыпаров және Шыңғыс Нұрғалиев есімді бірі тәжірибелі, екіншісі жас хирург қоян-қолтық еңбек етеді. Тумысынан болмаса жүре келе тірек-қимыл мүшелері зақымданған балаларға жоғары мамандандырылған көмек беретін облыстағы бірден-бір емдеу орталығы болғандықтан, емделушілердің қарасы қалың, бір үзілген емес. Жұртшылық Борис Николаевичтің Илизаров аппараты бойынша өте күрделі оталар жасайтын қолы алтын, емі шипалы, кәсіби шеберлігі жоғары маман екенін жақсы білетіндіктен, омыртқа, жамбас сүйектерін түзеуге, қалпына келтіруге жиі қайрылып жатады. Аяқасты қол-аяқтарын сындырып, жедел жәрдемге жүгініп жататындары – өз алдына бір бөлек.
– Жоғары технологияға негізделген медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз. Бөлімге шетелдік «Цедуга» жылжымалы рентген аппараты сатып алынғалы сүйек сынықтарын емдеу ісі әлдеқайда жақсарды. Соңғы жылдары ортопедия саласына озық әдіс-тәсілдердің кеңінен қолданылуы арқасында балалардың мүгедек болып қалуы азайып, керісінше, сапалық емдік көрсеткіштер жақсарды. Қай-қайсысы болсын, шыбын жанына шипа іздеп, соңғы үмітпен келіп жатады. Араларында ауруын асқындырып алатындары жоқ емес. Вова есімді бір ойын баласының буын ішіндегі сүйек сынығын орнына келтіру оңай болмады. Баланың денсаулығына бірінші кезекте ата-ана жауапты. Олардың салғырттығынан бүгінде майтабан, сколиоз секілді ортопедиялық кеселдерге шалдыққандар көп, – дейді біз-
бен әңгімесінде облыстық балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Б. Гончаров.
Оның әкеден алған тәлімінің бірі өнертапқыштыққа, жаңалыққа жақындығы. Осыдан 12 жыл бұрын адам сүйегін түзеу, бастапқы қалпына келтіру аппаратын ойлап тапқанымен, қаржы тапшылығынан одан әрі жалғастыра алмаған. Жеке қаржысына алты данасын жасатқан аппарат қазір ауруханада қолданылады.
Бала күнінен армандаған мақсатына жүрек қалауымен жеткен жоғары санатты дәрігер еселі еңбегімен, қажырлы қайратымен, мейірімді жүрегімен балалардың ілтипатына бөленіп жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ