Президент • 07 Маусым, 2017

Елбасы ШЫҰ елдерінің қорғаныс министрлерімен кездесті

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерімен кездесті, деп хабарлады akorda.kz.

Елбасы ШЫҰ елдерінің қорғаныс министрлерімен кездесті

Кездесуге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі – С.Жасұзақов, Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі – Чан Ваньцюань, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі – С.Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі – М.Шерали, Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі – К.Бердиев, Қырғыз Республикасы Бас штабының бастығы – Р.Дуйшенбиев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.Алимов қатысты.

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері Астанада ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшыларының кеңесін және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында басқосып отырғанының маңыздылығын атап өтті.

– Мәдени, аумақтық, тарихи тұрғыдан бір-біріне жақын мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастық мәселелерін шешу үшін құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін айтулы өңірлік бірлестік ретінде көрсете білді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай хартиясы қабылданған сәттен бері 15 жыл өткеніне және осы уақыт аралығында бірлескен ауқымды жұмыс атқарылғанына назар аударды. 

– Шанхай ынтамақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің  алдағы отырысында ірі екі ел – Үндістан мен Пәкістанды ұйым мүшелігіне қабылдау көзделген. Сол арқылы ШЫҰ жер шары тұрғындарының 40% -ға жуығын біріктіреді. Ең бастысы – барлық мәселелерді консенсус арқылы шешуге негізделген «шанхай рухын» сақтау, – деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті ұйым қызметінің экономикалық мазмұнын нығайту қажеттігін атап өтті.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының оң динамикасы қазіргі уақытта «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасының дамуымен байланысты болып отыр. Бұл бағдарламаға ұйым мүшелерінің барлығы, ең алдымен, Қытай Халық Республикасына жақын көрші болып табылатын Қазақстан қолдау көрсетуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Соңында Мемлекет басшысы қорғаныс ведомстволарының қызметі Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық интеграциясының бағытымен қатар жүруге тиіс екендігін атап өтті.