Шараны «Қазақфильм» АҚ, ҚХР Шынжаң Тянь-Шан киностудиясы және ҚХР Шынжаң фильм тарату және көрсету компаниясы бірлесіп атқармақ.
«Шынжаң кино апталығы «2017 Қазақстандағы қытай кино фестивалі» аясында өтетін мәдени шараларының бірі ретінде Қытай және Қазақстан тарапынан жан-жақты қолдау тауып, Қазақстан мен ҚХР Шынжаң кино саласындағы тәжірибе алмасу мен мәдени ынтымақтастығының алаңына айналды. Сонымен қатар, мұның Қазақстан көрермендерінің Қытайды, тіпті Шынжаң кино өнерін жақынырақ тануына айтарлықтай жәрдемі болмақ. Екі аптаға жалғасатын «Шынжаң кино апталығы» шеңберінде Алматы қаласының «Кинопарк», «Арман» тәрізді 5 кинотеатрында әр алуан тақырыптағы және қою ұлттық ерекшелікке ие кино туындылар көрсетіледі», дейді «Мұрат жолы» Мәдениет қоғамдық бірлестігінің төрағасы Думан Аманұлы.
Оның айтуынша, «Шынжаң кино апталығы» аясында оқиғалары шынайы өмірден алынып, шексіз махаббатты жырлайтын «Шынайы махаббат» фильмі, ақындықты асқақ мұрат тұтқан қазақ қызының айтыс өнерін өрге сүйрер сұлу жан-дүниесі суреттелген «Гүлбике» фильмі, Шынжаң жасөспірімдерінің жастық рухын жігерлендіруге бағытталған «Арман асуы» фильмі, және ақша, адами қасиет, отбасы, махаббат және достық тақырыбындағы «Ақшаның әлегі» атты комедиялық фильм секілді тың туындылар көрермендер назарына ұсынылмақ.