Сәбилерін мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру – ата-аналардың басты арманы. Бұл – оңай шешілетін мәселе емес. Өйткені, Қазақстанның басқа қалалары секілді Астанада да балабақша жеткіліксіз. 2017 жылдың қаңтарында елордада 3 пен 6 жас аралығындағы 33240 жеткіншек балабақша кезегіне тіркелген. Тағы керек десеңіз, мемлекеттік балабақшаға бес-алты жылдан бері кезегін сарғая күтіп отырған ата-аналар бар. Тіпті, кейбірінің кезегі жетпей, баласы мектеп табалдырығын аттап та үлгерген. Жекеменшік балабақшаға баласын беруге олардың көбінің қалтасы көтермейді. Сондықтан, амал жоқ, мемлекеттік балабақша кезегін күтуге мәжбүр.
Балабақшаға кезекті азайтудың бірден-бір жолы – мемлекет -жекеменшік әріптестігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев билік тармақтарының осындай екіжақты әріптестікке баса назар аударуы керектігін баса айтып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Қазір Астанада да, басқа қалаларда да жекеменшік балабақша ашуға құлшыныс білдіріп отырған кәсіпкерлер көп. Өйткені, мұның екі жаққа да пайдасы бар. Кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс алып, жұмысы алға басады, мемлекет балабақша тапшылығы мәселесін шешеді. Тек жекеменшік балабақша барлық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл бір шетінен, бәсеке. Тіпті, қазір мемлекеттік балабақшаға емес, баласын жекеменшік мекемеге бергенді қалайтын ата-аналар да бар. Себебі, ондағы тәлім-тәрбиеге көңілдері толады.
Балабақшаға кезекке тұру мен жолдама алу үшін ата-аналардың айтыс-тартысқа толы күндерді бастан өткергенін көз көрді. Таң бозарып атпай, шала ұйқылы-ояу, құндақтаулы баласын қолына алып, аязды-боранды күндері қысыла-сығыла кезекке жазылатын еді ғой. Кезегі тып-тыныш өтсе жақсы. Айқай-шу, талас-тартыс... Тіпті, жаға жыртысуға дейін барған жоқ па? Бұл – балабақша кезегіне тұру мен тиісті құжаттарды өткізу кезіндегі жанталас. Одан кейін жолдаманы жылдар бойы зарыға күтетінің тағы бар. Кезек табандап тұрып алады, жылжымайды... «Кейбіреулер тамыр-таныстары мен қолдаушылары арқылы жолдаманы кезексіз алып кетіпті» дегенді естігенде қаны қыз-қыз қайнайды. Қолдан келер қайран жоқ. Көптеген ата-ана осындай күйді бастан өткергені анық.
Енді осының бәрі артта қалды. Мемлекеттік балабақшаларға жолдама беру электронды жүйеге көшті. Бұл – Астана қаласында. Республика бойынша әзірге төрт қалада осындай жүйемен жұмыс басталды деген ақпарат бар, соның бірі – елорда. Енді ата-аналардың өтініш бергеннен кейін өз кезегінің қаншалықты алға жылжығанын екі ресурс арқылы қадағалауға мүмкіндігі бар. Бірі – «Электронды үкімет» порталы, екіншісі – халыққа қызмет көрсету орталықтары. Өтінішті де үйде отырып электронды түрде беруге болады.
Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай жүйенің артықшылығы – жолдаманы жең ұшынан жалғасып, тамыр-таныс арқылы алып кету мүмкін емес. Бұл электронды жүйеге білім басқармасы мен басқа да билік тармақтарының ешқандай ықпалы жүрмейді. Өйткені, бәрі автоматты түрде жүргізіледі.
Балабақшаға жолдама алу кезегі жеткен ата-анаға ақпарат телефон немесе электронды пошта арқылы беріледі. Осыдан соң 15 күн ішінде олардың балабақшаны таңдауға мүмкіндігі бар. «Жарты ай жеткілікті» деп есептейді мамандар. Ал бұған дейін ата-аналардың таңдауына бір күн ғана берілгенін ескерсек, бұл – жақсы мүмкіндік. Сол уақытта үлгеру қажет. Егер үлгере алмаса, жолдама кезектегі келесі ата-анаға беріледі.
Тағы бір баса айтатын мәселе, мемлекеттік балабақшаға кезегі жетпеген ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ. Баласын жекеменшік мекемеге де беруіне болады. Мұндай қадамға барған ата-ана мемлекеттік балабақша кезегінен шығып қалмайды, кезегі сақталады. Оның үстіне, қазір мемлекеттік және жекеменшік балабақшаның төлемақысында соншалықты көп айырмашылық жоқ, теңесіп қалды.
әсіпкерлер мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік қолдау бар екенін сезінгендіктен әрі мемлекеттік тапсырыстың болатынына көздері толық жеткендіктен балабақша ашуға ерекше ынталы болып отыр. Оған дәлел – Астанада 2015 жылға дейін бар-жоғы 53 жекеменшік балабақша болса, 2016 жылы 44 жекеменшік балабақша ашылған. Бір жылдың ішінде осынша балалар мекемесінің ашылуы бұл салада мемлекет-жекеменшік әріптестігіне кең жол ашылғанын көрсетсе керек. Қазір Астанада жекеменшік балабақша мемлекеттік балабақшадан көп. Мамандардың пайымдауынша, алдағы уақытта осы үрдіс сақталса, балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелерге орналастыру мәселесі ешқандай қиындықсыз жүзеге асатын болады.
Ғалым Омархан,
«Егемен Қазақстан»