Қазақстан • 08 Маусым, 2017

Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы бастау алды

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы шеңберінде өтініштер қабылдаудың басталғаны туралы хабарланды. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі, «100 жаңа есім» жұмыс тобының тең төрағасы Дәурен Абаев мәлімдеді. 

Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы бастау алды

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – біздің кең-байтақ еліміздің барлық түкпірлеріндегі нақтылы адамдар өмірінің көрінісі. 
Президент Н.Назарбаев өзі­нің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында біздің отандас­тары­мыздың тарихына жұртшылық назарын аударуды және олармен әркім де таныса алатындай жаңа мультимедиалық алаң құруды ұсынды. 
Жобаның басты мақсаты – қа­жырлы еңбегінің, білімі мен та­лантының арқасында табысқа жеткен адамдардың шынайы тарихын тауып көрсету. 
Жоба бірнеше сатыда жүзеге асатын болады. 
Біріншісі – өтініштер жинау. Ол краудсорсинг негізінде жүреді және оған кез келген тілек білдіруші қатыса алады. 
Егер Сіз, өмір жолдары  мен табыстары Сізді рухтандыратын адамдарды білсеңіз немесе Сіздің өзіңіз сондай болып табылсаңыз, онда Сіздің өз тарихыңызбен бө­лісуге мүмкіндігіңіз бар», деді Д.Абаев. 
Басты критерий – тәуелсіз Қазақстанның дамуына нақты үлес қосу. 
Ол үшін 100 esim.el.kz сайтына кіріп, өтініш формасын толтыру қажет. 
Жоба сайтында барлық тарих қолжетімді болмақ және әрбір тілек білдіруші көргендеріне қа­тыс­ты әсерімен бөлісіп, ол туралы әлеуметтік  желіде баяндай алады. 
Одан әрі  − жұмыс тобы мен са­рапшылық комиссия түс­кен ұсы­ныстар, сарапшылық баға­лау­лар негізінде, сондай-ақ, қоғам­дық пікірді ескере отырып, «100 жаңа есім» жобасына қатысатын кейіпкерлерді таңдап алады. 
Жобаны «Каз­кон­тент» АҚ  Еl.kz интернет-жоба­сының базасында ұйымдастырған, ол − 100 esim.el.kz мекенжайы бойынша орналасқан.