Кеше аталмыш кітапханада өткен Қырғызстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Жылдыз Бакашевамен кездесу осы акцияның шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Жылдыз Кемелқызы мәдени ынтымақтастықты дамытуға қатысты тәжірибесімен бөлісті. Қырғызстандағы кітапханалардың, кітапхана қызметкерлерінің жағдайынан хабардар етті. Өзі басқаратын Ұлттық кітапхананың бүгінде тек оқырман тарту жұмысымен шектелмей, халықаралық және мемлекеттік шаралардың ұйытқысы болып отырғанын баяндады. Ол сондай-ақ, М.Әуезовтің 120 жылдық мерейтойын Қырғызстанның Ұлттық кітапханасы да күз мезгілінде өз деңгейінде атап өтуге пейілді екенін жеткізді.
Жылдыз ханым ең алғаш «Манасты» орыс тіліне аударып, қырғыз әдебиетіне мол еңбек сіңірген этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов, «Манас» хақында зерттеу жазған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов туралы, Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығын, академик Зейнолла Қабдоловтың өнегесін әңгімеледі. Ұлттық кітапханада олардың еңбектері тұрғанын жеткізді. Кітапхана директоры Ұлттық академиялық кітапханадағы «Қырғызстан әдебиет орталығының» қорын толықтыру мақсатында қырғыздың атақты жыршысы Саяқбай Қаралаев жырлаған «Манастың» толық, энциклопедиялық нұсқадағы кітабын, «Манас» дастанының дискісін, «Айтматов қаламы», «Кыргыз акылмандығы», тағы басқа қырғыздар үшін өте маңызды деген бірнеше кітапты сыйға тартты.
Кездесуді жүргізген Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың өрістей беретінін айта келе, келер жылы қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы келе жатқанын еске салып, жазушының мерейтойын тойлауда қазақ бауырлардың да шет қалмайтынын атап өтті.
Іс-шараға Қазақстандағы Қырғызстан Республикасы елшілігінің бірінші хатшысы Чолпонай Аджиматова, ақын, драматург, жыршы-жырау Баянғали Әлімжанов, Қырғызстанның Швециядағы құрметті консулы Нұрлан Мамыров қатысты.
Айгүл Сейілова,
«Егемен Қазақстан»