Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бүгінге дейін жұмыс тобы 4 негізгі бағыт – әдебиет, театр және кино, классикалық және дәстүрлі музыка, бейнелеу өнері бойынша заманауи мәдениеттің озық үлгілері тізімін жинақтау және жүйелеудің белсенді түрде басталып кеткендігін атап өтті.
Іріктеу нәтижесінде шығармалардың шорт-парағы жасалып, онда өз кезегінде авторлардың мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық сыйлықтары, халықаралық фестивальдарға және басқа да шетелдік байқауға қатысуы сияқты елеулі еңбегі ескеріледі.
Жұмыс тобының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы жұмыстың дер кезінде қолға алынып отырғандығын тілге тиек етті. «Әрине, бізге осы тәрізді сарапшы топтарды құру қажет. шығармалар толыққанды іріктеуден өткеннен кейін аударма саласындағы білікті мамандарды тарту керек. Өйткені, авторларымыздың шығармаларын жоғары деңгейге көтеру керек екенін жақсы түсінеміз. Біздің авторларымыз күллі әлемге танылып, бай мәдени мұраларымыздан мейлінше көп адам хабардар болуы үшін де осылай істеуге тиістіміз», деді Несіпбек Айтұлы.
Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асырудың талантты авторларға, композиторларға өздерінің қарым-қабілетін шет елдерде табысты көрсетуге ерекше мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.
Шығармаларды іріктеу, саралау үш кезеңнен тұратынын айта кетейік. Кең ауқымда талқылаудан және арнайы сараптамадан кейін жұмыстар тізімі жұмыс тобының кеңейтілген отырысында қаралып, одан соң Ұлттық комиссияның қарауына бекіту үшін жіберіледі.
Жұмыс тобының алдыңғы өткен отырысында шығармаларды іріктеудің нақты өлшемдері бекітілген болатын. Біріншіден, шығарма Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жарық көрген болуы тиіс. Екіншіден, қоғамда танымалдылыққа ие авторларға басымдық беріледі. Үшіншіден, шығарма (кітап, фильмография, театрландырылған қойылым) қоғамда белгілі болуы керек. Төртіншіден, шығарманың жаңашылдығы, бірізділігі, интеллектуалдығы, образдылығы, халықшылдығы ескеріледі. Бесіншіден, шығарма жоғары кәсіби деңгейде болуы тиіс, мәдениет өлшемдеріне, әдеби талғамға, сахналық мәдениетке сай болғаны абзал. Алтыншыдан, шығарма зорлық-зомбылықты, діни араздықты, нашақорлықты насихаттамауы керек. Жетіншіден, Қазақстанда тұратын барлық этностар мен мәдениеттің ұлттық үйлесімін ескергені жөн.