Бұқаралық ақпарат көздерінде қызу талқыланған мақаланы енді халық арасында, жер-жерде зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өтіп, талқылап жатыр. Сондай келелі кездесулердің бірі − кеше Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рақымжан Отарбаевпен өтті.
Қазақ қаламгерлерінің арасында өзіндік қолтаңбасымен ерекше танылған белгілі жазушы Рақымжан Отарбаев облыс жұртшылығымен кездесуде, Елбасы мақаласының өзектілігіне тоқталып, ұлттық жаңғырудың қазақ үшін қаншалықты маңызды екендігін атап өтті. Кешегі Кеңес дәуірінде ұлтқа жасалған қастандық пен теріс пиғылды саясаттың зардабы әлі де болса жойылмағанын тілге тиек ете келіп, бүгінгі күннің де өзекті мәселелерін көтерді. Оның ішінде туған жер, жершілдік пен үш тілді оқыту және жаһандану үдерісіне қатысты дүниелерге жеке-жеке тоқталды.
«Туған жер тусаң да керек, өсіп-өнсең де керек, өлсең де керек. Әсіресе, қазақ үшін. Баяғыда алыс сапарға шықса ақтығын қанжығасына байлап, туған жердің бір уыс топырағын түйіп алып кететін қазақ еді ғой. Өткенде шығармашылық сапармен Германияның бірнеше қаласын араладым. Сонда мұсылман зиратында жатқан Мұстафа Шоқайдың зиратына тәу еттім. Қазақ жері үшін қанша арпалысса да туған жердің топырағы бұйырмады... Қандай қасірет?.. Міне, туған жердің биігі қандай?.. Сонымен қатар, туған жер мәселесін көтергенде, туған жердің экологиясын қатар айтуымыз керек. Туған топырақ радиация залалына ұшырап, оның зардабын тұрғылықты халық шегетін болса, біздің басқа бағдарламалармен жасап жатқан «100 мектеп», «100 ауруханамыз» бекершілік болады. Туған жерге осы тұрғыдан, осы биіктен қарауымыз керек», − деді Рақымжан Отарбаев.
Жазушы өз сөзінде туған жерді қадірлеу мен жершілдіктің аражігін ажырата алмай жүргендердің бар екендігіне де тоқталып өтті.
«Қасым Аманжоловты білмейтін қазақ жоқ. Бірақ оның тойын тек Қарағанды ғана тойлайды. Неге жастық шағы өткен Оралда, неге Семейде немесе Қызылорда мен Шымкентте тойланбайды?! Абай тек Семейдің ғана Абайы ма? Құрманғазы мен Дина тек Атырауға ғана керек пе? Біз өзіміз бөлінгенімізбен қоймай, тұлғаларымызды да бөлектеп алдық», деді жазушы.
Кездесу барысында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Бектұрсын Қалиев латын қарпіне ауысу мәселесіне қатысты баяндама оқыды. Тіл маманының айтуынша, латын қарпіне көшуден қорқатын ештеңе жоқ. Өйткені, біздің алдымызда бауырлас түркі елдері өздерінің қаріптерін ауыстырған болатын. Сол елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, әліпби өзгертуге болады. Мұның ешқандай кері әсері жоқ. Қайта экономикалық және ғылыми тұрғыда пайдасы көп болмақ.
Кездесу аяқталған тұста Сәкен Сейфуллин театрының кең залында ұйымдастырылған көрме жұмысы таныстырылды. Көрмеге Арқа жерінен табылған археологиялық ескерткіштер, мұрағат құжаттары қойылды.
Осыдан соң жазушы Рақымжан Отарбаев Қарағандының бір топ жас ақын-жазушыларына өзінің кітаптарын сыйлап, батасын берді. Өз кезегінде Арқа жұртшылығы жазушыға алғыстарын білдірді.
Мирас Асан,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы