Кезінде көне шаһар келбеті адам айтқысыз жаңғырып, жаңарып еді. Қалада қос бірдей «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары бой көтеріп, шаһардың шырайын кіргізіп қана қоймай, тұрғындардың тілегін де қанағаттандырған. Себебі, үйсіз-күйсіз жүрген талай жас және аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ өзге де азаматтар баспаналы болып, қоныс тойын тойлаған болатын. Ендігі жерде тараздық тұрғындардың тағы да баспаналы болу бақытын бастан кешіретін күні алыс емес...
«Нұрлы жер» бағдарламасы талай азаматтың баспаналы болуына ықпал ететін игі бастама ретінде халық қолдауына ие болды. Бұл бір жағынан, мемлекеттік жеңілдікпен тұрғындарды баспанамен және жермен қамтамасыз ететін болса, екіншіден, жерлерді игеруге және жұмыс орындарының ашылуына да көмегін тигізеді. Ал шаһар басшысы Рүстем Дәулет «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, бүгінде жеке тұрғын үйлер салу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Облыс орталығы Тараз қаласының өзінде үш жүз мыңнан астам адам тұрады. Ал енді әрқайсысының әлеуметтік те, экономикалық та мәселесінің бар екенін ескерсек, оларды шешіп беретін «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігін бірден көруге болады. Қазірде Ы.Сүлейменов көшесінің соңынан 4 жер телімі беріліп, аталған бағдарлама аясында ол жерде алғашқы тұрғын үйлердің құрылысы басталып та кетті. Қала әкімінің айтуынша, жалпы осы жоба бойынша 200 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен. Расында да аталған жоба бағдарлама аясында толықтай іске асқанда, мыңдаған отбасы баспаналы болады деген сөз. Бұл тұрғыда да қала тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезінуде. Сонымен қатар, қазір көпшіліктің оқу жайымен, не болмаса жұмыс бабымен
ауылдан қалаға көшіп келетіні шын. Ал егер мұнда үй-жай болмаса, онда тірліктің қиюы қашып, қисыны келмейді. Қазақ айтқан «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген мақалдың растығына сонда көз жетеді. Ал әрбір тұрғынның тілегіне құлақ асып, әрбір азаматтың тағдыры толғандырған Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс істеуді әкімдерге тапсырды. Оның алғашқы нәтижелері бүгінде көрініп отыр.
Сондай-ақ, қалалық жер бөлімінде 2005 жылдан бері жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған 200 азаматқа «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жер берілетіні туралы хабарлама шығарылғаны да бағдарламаның әлеуметтік маңызының жоғары екенін көрсетеді. Енді бұл жерлерге де тұрғындар тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізіп, өзінің тіршілік қажетіне сай жағдайын жасап алатын болады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сабалақов көшесіндегі 362 гектар жерге 117 көп қабатты және 914 жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіледі. Бүгінде бұл жерлерде жылу, кәріз, су, газ жүйелеріне қатысты құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қала басшылығы бұл жұмыстардың барлығы да жылдың соңына дейін аяқталады деп отыр.
Әрине, «Нұрлы жер» бағдарламасының Әулиеата өңіріне игілігі көп. Сонымен қатар, бағдарлама аясында «Автобекет» маңындағы 100 гектар жерге де құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен. Атап айтсақ, бұл алқапта болашақта 52 үй бой көтеретін болады. Мұның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынып, болашақта аяқталады деп жоспарланғанымен, тұрғындар үшін жуық арада тағы бір айтулы жаңалық бар. Бұл тұрғыда қала әкімі Рүстем Дәулет шаһардағы тұрғын үйлерге қатысты нақты мәліметті жеткізді.
«Арай» тұрғын-жай кешенінде де қазір жоғары сапалы үйлер салынуда. Өткен жылы 80 пәтерлі 2 үй пайдалануға берілген болатын. Бүгінде ол жерде 19 үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 6 үй тапсырылады. Бұл үйлерді халық «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы ала алады. Тағы бір айта кетерлігі, жалға берілетін 2 көп қабатты тұрғын үйге ақша бөлінген болатын. Қазіргі таңда жұмыстар басталып кетті», деді әкім. Ал екі бірдей шағын ауданға атау беру мәселесіне келсек, ол қоғамның талқысына ұсынылған екен. «Аталған мәселеде кеңірек ойлануымыз керек. Атаулар еліміздің ерекшелігін танытатын және көне Тараз қаласының айшығын көрсететіндей болғаны дұрыс. Айтылып жатқан ұсыныстар мен ойлар көп. Болашақта мұның бәрі де ескеріледі», деді Рүстем Рысбайұлы.
Өңірде «Нұрлы жол» және индустрияландыру бағдарламалары бойынша да қолға алынған жұмыстар жетерлік. Ал талай шайыр жырға қосқан, талай сұлудың сылқым күлкісі мен табан ізі қалған Тараз бойымен Талас өзені ағып жатыр. Әсіресе, Шығыстың көптеген жазбаларында деректер келтірілетін Талас өзенінің өзіне тән табиғи болмысы бар. Сол тарихи табиғилықты сақтай отырып, өзеннің екі бетін де халықтың демалатын орнына айналдыру және ол жерге бау-бақшалар салу жоспарда бар екен. Сондай-ақ, «Автобекет» маңынан бой көтеретін шағын аудан аумағына «Нұрлы жер»
және «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша мектеп, аурухана, балабақша, неке сарайы, жолдар салынып, сквер жасалып, өз алдына жеке қалашық болады деп күтілуде.
Көп ретте Тараз туралы сөз болғанда, оның көнелігі мен тарихилығы баса айтылады. Расында да ғасырлармен құрдас, дәуірлермен сырлас болған шаһардың кешегі келбеті мен бүгінгі келбетін астастыра отырып, ақиқат туынды жасау қажеттігі туындады. Сондықтан да Қазақ хандығының 550 жылдық дүбірлі тойы қарсаңында көне мекеннен бақылау мұнарасы бой көтеріп, «Мыңбұлақ» сквері мен «Тілек» ағашы салынды. Ал бүгінгі таңға дейін жерасты музейі жұмысының жүріп жатуы да тарихтың тереңдігінен мол мағлұмат береді.
Мемлекеттік бағдарламалардың баршаға ортақ игілік екенін осындайдан көруге болады. Себебі, бір шаһарда тұратын мыңдаған адамдардың арман-тілегі орындалып, ой-сенімі де нығая түседі. Бұл ретте Елбасы айтқан Рухани жаңғыру тұжырымдамасы болашаққа бастайтын бірыңғай биік бастама бола алады. Рухани жаңғырудың да еңбек арқылы ғана нәтижелі болатыны белгілі. Бағдарламалардың бірыңғай бастамасы өңірде бұдан былай да жалғасын таба беретін болады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы