Қазақстан • 08 Маусым, 2017

Қазақстанда 2 млн адам кәсіподаққа мүше

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10 маусым кәсіподақтар күні мерекесіне орай Астанада еліміздің Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастырумен мерекелік шара өтті.

Қазақстанда 2 млн адам кәсіподаққа мүше

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарына 2 миллионға жуық адам мүше болса, соның ішінде 700 мыңы жастар көрінеді. Республика бойынша жалдамалы жұмыскерлер санының 6 млн шамасында екенін ескерсек, кәсіподақтарға мүше азаматтар саны 33 пайызды құрайды.

«Республикадағы кәсіподақтардың міндеті жұмысшылардың құқықтарын түсіндіру және қорғау. Біздің федерация елдің түкпір-түкпірінде былтыр қабылданған жаңа «Еңбек кодексі» мен 2014 жылы қабылданған өзіміздің «Кәсіподақтар туралы» Заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

«Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерін жүзеге асыру әлеуметтік жаңартудың кепілі», - дейді кәсіподақ қозғалысы өкілдері.

Сонымен қатар, федерация төрағасы мекемелердің қарамағындағы қызметкерлер құқығын бұзу мәселесі туралы да пікірімен бөлісті. «Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің тарапынан жұмыскерлердің құқықтарының бұзылу деректері азайып келеді. Өйткені дауласқан тараптар мәселені заңға жүгіне отырып шешетін болған. Дегенмен біз де босаңсымай жұмыскерлер құқықтарын қорғау мен оның бұзылуының алдын алу шараларын тұрақты өткізіп тұрамыз. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде біз республика бойынша 2 мыңдай азаматты қабылдадық. Олардың бізге арызданып келгенде айтатын мәселелері негізінен жұмысқа тұру, негізсіз жұмыстан қуылу және жалақының уақытылы төленбеуі. Кәсіподақтар бұл мәселелердің бәрін шешуге тиісті мемлекеттік органдарды тартып, ешбір азаматтың арызын бос қайтармауға тырысады», - дейді Әбілғазы Құсайынов.

Айта кетейік, Қазақстанда жұмысшылардың құқықтарының бұзылу деректерінің басым көпшілігі уақытылы жалақының төленбеуі екені анық. Бұл әсіресе жеке меншік секторға қатысты. Осы орайда Кәсіподақтар федерациясы төрағасы мұндай мәселелерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп шешетінін айтты.

Бауыржан МҰҚАНОВ

"Егемен Қазақстан"