Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Мүше елдердегі жастар мәселесі де ортақ

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ке­ше Астанада «Жасыл эконо­ми­ка­ның, туризм мен спорттың дамуы» та­қы­рыбында Шанxай ын­ты­мақ­тас­тық ұй­ымы Жастар кеңесінің Х-ы отыры­сы өтті.

Мүше елдердегі  жастар мәселесі де ортақ

Жиында 2016 жылғы жұмыс жоспарының қорытындылары мен 2017-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тә­жік­с­тан, Беларусь, Пәкістан және Үндіс­тан елдерінің өкілдері қатысты. Бұл форум елі­міз­дің Шанхай ынтымақтастық ұйымына тө­ра­ғалығы аясында өтті.

Жиында Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистрі Нұрлан Ермекбаев бұл форумның жас­тарға түрлі салада ынтымақтастық орна­туы мен тәжірибе алмасуына септігін ти­гі­зе­тінін мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, экстремизм мә­се­лесін қозғап, оның алдын алу жолдарын да ұсынды.

– Бұл отырыстағы мәселелер ШЫҰ сам­ми­ті­нің тақырыптарына сай келеді. Ин­вес­тициялық, экономикалық, гума­ни­тар­лық білім беру, ғылым салаларындағы көкейкесті мәселелер қамтылып отыр. Форум барысында ұсынылатын идеяларыңыз арадағы өзара байланысты нығайтып, жастар саясатында жаңа механизмдердің жасалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастарды жұмылдырып, экстремизмге жол бермеу ісі де назарға алынуы тиіс. Әсіресе, лаң­кестік ұйымдар жастардың санасын у­лап, қатарларына қосып алуға тырысады. Сон­дық­тан, осы мәселеде кәсіпкерлер, бел­сен­ді­лер, спорт жанашырлары арнайы шара­лар, жобалар ұйымдастырып, жұмыссыз қо­ғамда өз орнын таба алмай жүрген жас бу­ынға септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Нұрлан Ермекбаев.

Басқосудың басты мақсаттарының бірі – ШЫҰ-ға мүше елдердің жастарымен тығыз байланыс орнату. Айта кетерлігі, 2015 жылдың шілде айында ұйымға Үндістан мен Пәкістан елдерін қабылдау рәсімі қолға алынған болатын. Шараға қатысқан Қытай делегациясының басшысы Цзя Бо Пәкістан мен Үндістан мүше болғаннан кейін Еуразия кеңістігінде туризм, спорт, т.б. салаларда ын­тымақтастық орнатуға мүмкіндік көбірек болатынын алға тартты. Ол, сондай-ақ, 2017-2018 жылдарға арналған тиімді жоба құ­­рылатынына сенім білдірді.

Пәкістан Ислам Республикасы деле­га­циясының басшысы Киран Акбар ұйымға мү­ше елдердің жастарымен тығыз қарым-қа­тынас орнату үшін пікірталас алаңын ұсы­нуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сонымен қа­тар, ол өз елі экономика саласының тұ­рақ­ты дамуына ерекше қызығушылық танытып отыр­ғанын айта келіп, мәдени байланыстарды да нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

– Қысқа ғана уақыт ішінде бірнеше салада тәжірибе алмастық, көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Түрлі ұйымдардың басшылары жылы лебіздерін білдіріп жатты. ШЫҰ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа баса мән беріп келеді. Сондықтан, осы бағыттың қарқын алып, одан әрі нығая түсуіне назар аударуымыз керек. Ұйымға мүше елдердің жастары арасында мобильдік қа­білеттерін арттыруына көмек беруіміз қажет. Осы мақсатта арнайы жоба құрып, со­ны іске асырсақ деген ұсынысымыз бар, – деді Ресей делегациясының басшысы Денис Кравченко.

Айта кетейік, ШЫҰ Жастар кеңесі 2009 жылы құрылып, бүгінге дейін елеулі жұмыстар атқарып келеді. Кеңестің бір ерекшелігі – қандай мәселені де тек консенсус арқылы ғана шешу. Яғни, ұйымға мүше елдер өскелең ұрпаққа пайдасы тиетін жаңа бағыттарды бірге талқылап, бірауыздан шешім шығарады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»