Өзгеге зиянын тигізіп, уын шашып дандайсыған қарақұрттың үстіне ұясын салып, қарақұрттың «күнін бір уыс» еткен қызыл қоңыздар жойылған.Тәңірі бұйрығымен болған табиғи тепе-теңдіктің адамзат қолымен бұзылуы қарақұрттардың одан әрі дандайсуына жол ашты – қызыл қоңыз кезінде ін түбінде бұйырған жемін күтіп жататын бұйығы күйге түскен қарақұрттар қазір тым сорақы, яғни, «халықтық қағидалар жойылып, ұлттық үрдістер бұзылып, заңсыздық орнаған жердің көрінісі».
Адамзаттың (жоқ! Адамзат оны өз қолымен жасаған!) табиғаттың жанайқайы ұятты ұмытып, ардан безген, ұлттық болмысты тәрк еткен, бірін-бірі балақтан тартып, аяқтан шалуға құмар, бастан-аяқ қарақұрт-сана шырмаған күйге күйіне шырылдайды. Ұғынар жүрек, тыңдар құлақ болса дейсіз...
Ақын философиялық толғауда қарақұрт пен жылан әлеміндегі қарама-қайшылықтарды барша үстемдіктің «авторы» – адам әлеміндегі өзара қырқысу, қатыгездік пен зұлымдық түрлерімен шебер шендестірсе, сахна мамандары да осы байланыстың бір тінін үзбей алып шықты. Сахнада әдемі әфсаналық тұжырым, шымыр психологиялық шендестіру мен сахналық талап, әртістік шеберлік тұтаса түсті.
Осы тұста... тағы да адам баласының шаруашылығы маңынан дайын азық, қоқыс-қалдықтарды теріп жеп, қасқырлық қасиетінен жұрдай бола бастаған бөлтіріктердің зұлымдығына залда отырып «кезіктік». «Қоқыс-санамен уланып, өз қанына өзі шауып, бірі-бірін ырылдай талап, қан-жоса еткен, алқымынан алып, буындырып өлтірген бөлтіріктер адамзатқа шабуылға көшті. Адам мен қасқыр арасындағы айқас көкжалдардың мылтықтың ұңғысына ілініп, тағдырын шүріппеге шештіруімен және айдалада қақпанға түсіп қыңсылай қор болуымен, қырғын табуымен аяқталады.
Бұл тек қасқырлар дүниесіндегі сурет пе? Өкініштісі және ақынның айтпағы – «біздің рухани ұлттық санамыздың көк жайлауына да өзгелер өз қоқыстарын аяусыз төкті. Саясаттың коқысынан ұлттық руханияттың орманы шіріді. Ұлттық құндылықтарға ұрпақ есіней қарап, тарихқа үстем пиғылмен көз жүгіртеді». Ең қорқыныштысы – ежелден бұйырмас болған болмысын жоғалтуына адамды ғана кінәлі санап, одан кек алуға ұмтылған «күштер» – жылан, қарақұрт, қасқыр бірігіп, адам баласына өшіге, өршелене қарсы шығады. Жыланның ұйымдастыруымен адам ішіне еніп, санасына орныққан қара ниет зұлымдық адамды аздыра бастайды.
Қоғамда ату, арбау, алдау, тастанды бала, бағусыз ата-ана, соғыс, қыру-жою, ұрыс-керіс, бақай есеп пен бітпейтін бәсеке, озбырлық саңырауқұлақша қаптай жөнеледі. Бірін-бірі өлтірген жыландар мен қасқырлар секілді айналаны өзін-өзі жалмай жұтқан белгісіз бір Үрей қыса түседі... Адасқан адамды күстәналап, сақылдай күліп сауысқандар мәз.
Қасіреттен, әу бастан, дем салған Жеті түрлі саз ғана, ұлтық рух пен бабалар қасиеті ғана құтқарар күш болар ма?! Өз тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазақ аласапыран айқастарды, қанды қырғындарды, небір зобалаң-зұлматтарды басынан кеше жүріп, қан-жоса болып тәуелсіздік таңына да жетті-ау..!
Сахна шеберлері бірімен-бірі жалғасқан қазақ тарихындағы зұлматтарды беріле орындап, үрей мен үміт кезектесе баураған күрделі қойылым соңын егемендігін алған елдің мамыражай, бірақ қамсыз емес, яғни алдында атқаруы тиіс сан-алуан мақсаттар қойған, алып істер алдындағы елең-алаң кезіне апарып тіреді.
– «Үрей дерті» – Сабыр Адайдың туындысы желісіне сүйене отырып, шығармашылық ұжымның импровизациясымен жасалған қойылым. Бұл метафора заңдылығын сақтай отырып, адамзатты өз алдына бес типке бөліп қарастырған тың дүние. Адам атаулыны қарақұрт, жылан, қасқырлар мен сауысқан табиғатымен салыстыра сахналанған қойылым Табиғат пен Адам арасындағы үйлесімділіктің құрдымға кетіп бара жатқанының көрінісі. Ақынның осы қойылымға негіз болған «Он сегіз мың ғалам және ксенофобия дерті» туындысының сахналық нұсқасымен таныса келе, кейіпкердің амалсыз осы құрдымның құлдарына айналып бара жатқанын байқайсың, – дейді бас режиссер Г.Мерғалиева.
Жеткенге тоқмейілсімей, рухани сананы жаңғырта отырып, болашақтан өз орнын іздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Сабыр Адай кешінде оның шығармасы желісінде қойылған қойылым қоғам дерті мен ақын күйзелісін көрерменге сахна тілінде жеткізе алды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суреттерді түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ