Аймақтар • 09 Маусым, 2017

Ақтөбеде букмекерлік кеңселер бизнесін заңсыз жүргізіп келген

135 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Прокуратура органдары тексерулерінің нәтижесінде өңірде жүзден астам букмекрлік кеңселер ойын бизнесін заңсыз жүргізіп отырғаны анықталды. Оның тек 42-і ғана салық органдарында есепке алынып, тиісті салықтарын төлеген. Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Ерғали Мәбиев мәлімдеді.

Ақтөбеде букмекерлік кеңселер бизнесін заңсыз жүргізіп келген

Сондай-ақ, оның айтуынша облыс орталығындағы бірқатар ойынханалар тұрғын үйде орналасқан. Арнайы ғимараттағылардың өзіне бейне камералар қойылмаған. Күзетпен қамтылмаған. Он сегіз жасқа толмаған балалар да бәс тіге береді. Мұның бәрі заңға қайшы.

Солай бола тұрса да құзырлы органдарға оларды жабуға өкілеттілік берілмеген. Сондықтан да олар тек әкімшілік жаза берумен шектелуге мәжбүр. Тағы бір көзіміз жеткен жайт ойын бизнесінің ортасында жүргендерді қылмыс үстінде әшкерелеу қиынға соғады екен. Мұның мәнісі ойынханалардың өте сақ, жасырын әрі ұйымдасқан түрде жұмыс істейтінінде болып шықты. Әрине, мұның өзі заңсыз жұмыс істейтін букмекерлік кеңселерге қатысты қылмыстық іс қозғалмаған екен деген ойды білдірмейді.

Ашығын айтқанда аймақта өткен жылы ойын бизнесіне қатысты қырыққа жуық қылмастық іс қозғалған. Алайда, оның тек үшеуі ғана сотталыпты. Ал биылғы бес айда тек жалғыз адам ғана істі болыпты.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»