Аймақтар • 09 Маусым, 2017

Оңтүстікқазақстандық делегация Жамбыл жерінде болды

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Жамбыл облысында болып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Оңтүстікқазақстандық делегация Жамбыл жерінде болды

Арнайы делегация құрамын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс шекарасынан күтіп алды. Бұдан кейін Жансейіт Түймебаев «Бурное Солар-1» күн электр станциясына барды. Негізгі қызмет түрі электр энергиясын өндіретін серіктестік Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылында орналасқан. Жобалық қуаты 50 МВт болатын мекеме еліміздегі ең ірі электр станциясы болып саналады. Арнайы делегация Жуалы ауданынан шыққан соң атбасын Жамбыл ауданына бұрып, Айша бибі кесенесіне келді. Айша бибі кесенесі Әулиеата өңірінің негізгі тарихи нышандарының бірі. Бұл орайда Жансейіт Қансейітұлы бастаған топ ортағасырлық тарихи ескерткішті тамашалап, көпшілікпен пікірлесті. Сонымен қатар, оңтүстікқазақстандық делегация «Қазақ хандығына 550 жыл» монументімен де танысты. Мұнда Қазақ хандығының туын тіккен Керей мен Жәнібектің бейнелері көрініс тауып, елдіктің бейнесін танытып тұр.

  Олимпиада жеткіншектерін дайындайтын «Атлетик» оқу-жаттығу кешені 2011 жылы салынған. Мұнда келушілер үшін әмбебап залы, ауыр атлетика, грек-рим күрес, кикбоксинг, таэквондо, армрестлинг және еркін күрес залы жұмыс істейді. Аталған нысанды аралап көрген делегаттар «Тараз-Арена» спорт кешенінің де жұмысымен танысты. Бұдан кейін Жансейіт Түймебаев «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында, «Көне Тараз» музейінде, «Қарахан» кесенесінде және Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында болды. Әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында Әулиеатада кездескен екі облыстың басшылары мұндай үрдіс алдағы уақыттарда да жалғаса беретінін айтты.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы