Үкімет • 09 Маусым, 2017

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президентімен кездесті

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға келген Сербия Президенті Александр Вучичпен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президентімен кездесті

Қ. Тоқаев энергия жинақтау мен энергияның балама көздерін пайдалану саласындағы әлемдік үздік жетістіктер көрсетілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Сербияның қатысқаны үшін А. Вучичке ризашылығын білдірді. «Көрменің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы сербтің ұлы өнертапқышы Никола Тесланың идеяларының жалғасы, оның жұмыстары қазіргі замандағы технологияларды дамытуға зор үлес қосты», - деді Төраға.

Қ. Тоқаев атап өткендей, Қазақстан Сербиямен барлық салалардағы өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі болып отыр. Президент Н. Назарбаевтың 2016 жылғы тамызда Белградқа ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге елеулі серпін берді.

Екі елдің заң шығару органдары байланыстарының ерекше маңызы бар. «Қазақстан Парламенті Сербия Халық Скупщинасымен тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Парламенттік делегациялардың сапарлары біздің саяси диалогты кеңейтуге ғана емес, өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге мүмкіндік береді», - деді Сенат Төрағасы.

Қ. Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктеріне де тоқталды. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы, құрылыс, металлургия, машина жасау, фармацевтика мен туризм салалары ынтымақтастықтың келешегі зор. Еуропа мен Азияны байланыстыратын Қазақстан аумағындағы ауқымды жобаларды іске асыру аясында көлік-тасымал саласы да ықылас туғызады.

К.Вучич өз кезегінде Белград Қазақстанды өзінің аймақтағы аса маңызды әріптесі деп санайтынын, ал сербтің іскерлер қауымы сауда-экономикалық қатынастарын ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сербия Президенті екіжақты байланыстарды парламентаралық ынтымақтастық тұрғысында кеңейтуді қолдайтынын айтты.

Әңгіме барысында гуманитарлық байланыстарды, мәдениет, өнер және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі де талқыланды.

Қ.Тоқаев кездесуді қорытындылай келіп, Сербия Президентінің Астанаға сапары екі мемлекеттің өркендеуі жолында көптарапты ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.