Медицина • 09 Маусым, 2017

Жастар өз болашағын ел дамуымен байланыстыра ма?

482 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігінің тапсырысымен «Қоғамдық пікір» зерттеу институты елдегі жастардың саясат, экономика, дін және рухани құндылықтарға көзқарасын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді.

Жастар өз болашағын ел дамуымен байланыстыра ма?

Зерттеудегі маңызды тақырып – жастардың саясатқа көзқарасы. Зерттеу еңбегінде жастардың өмір салты мен бос уақытын өткізу  мәдениетіне қатысты қызық деректер қамтылған. Сонымен бірге жастар отбасы институтының мәні мен маңызын жоғары бағалайтындығы айтылады. Қазақстан жастары демократияны керек ете ме? Жастар өз болашағын ел дамуымен байланыстыра ма? Қазақстандық жастардың ішкі және сыртқы саясат туралы ұстанымы жайында «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының құрылтайшысы және жобалар директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рақышева Ботагөз Ислямқызы әңгімелеп берді.

– Ботагөз Ислямқызы, жақында «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының қазақстандық жастар арасында жүргізген іргелі зерттеу еңбегі қолыма түсті. Зерттеу жұмысына кімдер қатысты және қандай әдіснамалық негізге сүйеніп жасадыңыздар?

– Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтыған «Орта Азия жастары» халықаралық зерттеуі төрт елде жүргізілді. Жобаның негізгі мақсаты – осы елдерде тұратын бүгінгі жастардың көзқарасын анықтау. Осы орайда әр елден жастар санатына жататын мың респондент сауалнамаға қатысты. Зерттеу жұмысының ғылыми кеңесшісі, профессор К.Хуррельман Shell Your Stady зерттеу жобасының негізін қалаушылардың бірі. Ол Қазақстанға келіп, бізбен бірге бірнеше күн жоба аясында жұмыс жасап, сауалнама мен фокус топтарды ұйымдастыруға ақыл-кеңес беріп отырды. Жоба аясында халықаралық зерттеу группасының қатысуымен үлкен жұмыстар атқарылды. Неміс зерттеу әдістемесін біздің аймаққа зерттеу жүргізуге бейімдеп, мәдени ерекшеліктер мен белгілі бір терминдерді ескере отырып дайындалды.

– Респонденттер қандай параметрлер бойынша іріктелді?

– Қазақстанда зерттеуге 14 пен 29 жас аралығындағы мың респондент қатысты. Бүгінде халықтың 24-25 пайызы  14 пен 29 аралығындағы жастар, олар шамамен 4 099 653 адам. Әлеуметтік сауалнама Қазақстанның барлық облыстары мен маңызы бар қалалар – Астана мен Алматыда өткізілді. Қалалық және ауылдық аймақтардағы халықтардан тұрғылықты жері бойынша сұхбат алынды. Респонденттер маршрут әдісімен, яғни кездейсоқ таңдалып алынды. Статистикалық қателік 2,6 пайыздан аспайды.

– Жастардың саясатқа деген қызығушылығы мен белсенділігі арасындағы өзара үйлесім туралы не айтуға болады?

 – Сауалнама көрсеткендей, жастар саясатқа жалпы алғанда не кейде ғана (45,9 %) ынта білдіреді, не оны мүлде қызықтамайды (33,6%). Бірақ саясатқа деген ынта респонденттердің жас мөлшерімен байланысты өсе түседі: мәселен, 14-16 жас аралығындағы респонденттер ортасында саясатқа немқұрайлы қарайтындардың үлесі 52,8 - 47,3 пайыз арасында болса, 29 жастағы респонденттер арасында мұндай үлес 17,6 пайызға дейін төмендеді.

– Болашақта басқару билігіне ие болатын жандардың саяси өмірдегі белсенділігі қай деңгейде? Олардың мемлекетшілдігі төңірегінде әңгіме қозғауға бола ма?

– Зерттеу нәтижесі жастардың айтулы бөлігі саясатқа ешқандай қызығушылық танытпайтындығын және олардың маңызды қоғамдық іс-шараларға қатысу деңгейінің бәсең екендігін анықтады. Жастардың саясатқа деген қызығушылығының төмендігін жас ерекшелігімен және олар үшін саясаттан басқа да өз белсенділіктерін көрсететін көптеген салалар бар екендігімен түсіндіруге болады. Әйтсе де өз дауысының алуан түрлі саяси субъектілердің іс-әрекетіне, соның ішінде алдымен мемлекеттік құрылымдардың жұмысына әсер ететіндігіне сенетін жастардың үлесі жеткілікті деңгейде. Сонымен қатар жастар елдің дамуы үшін жауапкершілікті өз қолдарына алуға дайын болып шықты. «Егер мүмкіндік болса, Қазақстанның дамуына қатысар ма едіңіз?» деген сұраққа жастардың 60 пайызы міндетті түрде қатысатындарын айтты. Олардың 14,8 пайызы ел дамуына өз басының пайдасы үшін қатысатын болса, қатысқысы келмейтіндердің үлесі 10,0 пайыз. Ал 15,1 пайыз қатысушылар үшін жауап беру қиынға соқты.

– Зерттеу жұмысында жастардың 78,6 пайызы кітапты сирек, кейде оқиды, я мүлдем оқымайды деген дерек келтірілген. Әлеуметтанушы ретінде осы жайды қалай түсіндірер едіңіз?

– Иә, өкінішке қарай, мұндай үрдіс кең етек алып барады. Тек әр бесінші респондент қана кітапты жиі оқитындарын атап өтті. Олардың 21,2 пайызы кітап-журналды жиі оқыса, 38,9 пайызы кейде, 30,7 пайызы өте сирек оқимыз дегенді айтты. Ал жастардың 9 пайызы кітап оқуға мүлдем қызықпайды.

Бүгінде интернет, әлеуметтік желілер, сайттар сияқты ақпарат алудың әртүрлі жолдары бар. Смартфондар мен планшеттер көптеген мүмкіндіктер береді, көбі интернеттен онлайн кітап оқуға көшкен. Сонымен қатар жастардың бос уақытын өткізудің көп мүмкіндіктері бар, бұл кітапқа қызығушылықтың төмендеуіне әсер етеді.

– Миграциялық көңіл-күй туралы не айтасыз? Жастар өзінің болашағын Қазақстанмен қаншалықты байланыстырады?

– Зерттеу барысында жастарға миграция бойынша түрлі сұрақтар қойдық. Олардың 87,5 пайызы өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Ресей, ЕО елдері, АҚШ, Канада, ҚХР сияқты елдерге 10,6 пайыз қоныс аударғысы келетіндерін айтты. Елден қоныс аударғысы келетіндердің үштен бірі алдағы 10 жыл ішінде қайтып оралуды ойлайды. Жалпы алғанда шет елдерге қоныс аударуды жоспарлаушылардың үлесі 7,8 пайыз.

– Зерттеуге ауыл жастары мен қала жастары қамтылған. Олардың өмірлік ұстанымдары мен құндылықтары тұрғысынан айырмашылық байқала ма?

 – Жалпылай алғанда айырмашылықтар мен ортақ тұстары байқалды. Мысалы, некеге қатысты мәселеде ауыл жастарының 88,7 пайызы өздерін отбасылы өмірде көре алатын болса, бұл көрсеткіш қалалық жастардың арасында 77,6 пайыз болды. Азаматтық некені қалалық жастардың 13,4 пайызы қолдайтын болса, ауыл жастарының 4,3 пайызы құп көреді.

– Жастардың жекелеген өкілдерінің пікірін, яғни сауалнама нәтижесін жалпы көпшілік атынан қандай да бір түсініктеме ретінде қолдануға бола ма?

– Әлеуметтік сауалдамалардың да негізгі мәні осында. Біз елдегі 14-29 жас аралығындағы 4 миллион жасты сауалнамаға қатыстыра алмаймыз.  Респондент ретінде іріктеліп алынған мың азамат басты жиынтық ретінде жастардың жалпылай пікірін білуге мүмкіндік беретін топ. Сондықтан біз сауалнаманы барлық топ өкілдерінің пікірі, оның ішінде қала мен ауылда тұратындар, бойжеткендер мен бозбалалар, түрлі ұлт өкілдері, мектеп және университетте оқитындармен қатар өзгелерді де қамтитындай етіп жасадық. Яғни, сауалнамада көрсетілген жасқа сәйкес келетін топқа жататындардың пікірінен хабар беретін жастардың микромоделі қатысты.

– Зерттеу қортындысы негізінде қазіргі жастардың жиынтық бет-бейнесін қалай елестетесіз?

– Қорытындылай келе, оптимизм, көзқарастағы қарама-қайшылықтар, жоғары деңгейдегі сенім мен толеранттылық қазіргі жастарға тән негізгі қасиеттер екенін айтқым келеді.

Біріншіден, зерттеу жастар оптимистік көңіл-күйде, өзі мен өз өмірінің әртүрлі қырларын позитивті қабылдау басым, өз болашағына қатысты да жоғары деңгейдегі оптимизм байқалады деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Әйтсе де сауалнама көрсеткендей, жас буын ішінде бүгінгі таңда ересек буын құндылықтарымен тату-тәтті бірге өмір сүріп жатқан жаңа құндылықтар, жаңа идеалдар мен жаңа ұғымдар тууда. Сонымен қатар жастар өздерінің көзқарастары ата-аналарының көзқарастарымен сәйкес келеді деп санайды. Екіншіден, жастар үшін өздерінің көзқарастары бойынша кемел адам болу, білім алу және отбасын құру бүгінгі кезеңдегі маңызды мақсаттар мен міндеттер. Үшіншіден, сауалнама жастар арасында толеранттылық пен сенімнің жоғары деңгейде екенін анықтады. Зерттеу материалдары жастардың «бөтен сипаттағы» этникалық, діни, әлеуметтік топтарға өшпенділік көзқараста емес екендігін көрсетеді. Бұл жастардың басым бөлігінің кез келген дүниеге икемділігі мен қабыл алушылық қасиетінің жоғарылығының дәлелі.

Тәуелсіздік жылдары совет дәуірінің өткенімен ортақтығы жоқ тұтас жас буын өсті. Экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени түрленуден өткен жастар өзіндік көзқарастарын, азаматтық ұстанымы мен құндылық бағдарын, идеалын қалыптастырды. Ертеңгі күн тәртібін реттейтін, еліміздің өркениет бағдарына, мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамыуына ықпал ететін жастардың ой-пікіріне құлақ асу өте маңызды. Зерттеу қортындысы бойынша жинақталған кітап 2016 жылы үш тілде жарық көрді. Кітаптың толық нұсқасымен институт сайтынан танысуға болады.

 – Әңгімеңізге көп рахмет!

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан