Ұйымның іргесі
кеңейіп, қуаты арта түсті
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу күнімен орайластырыла өткізілген бұл алқалы жиында ШЫҰ-ның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі өсе түсті. Өйткені, жиын барысында алғашқыда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің қатысуымен «Шанхай бестігі» ретінде құрылып (1996 ж.), кейіннен, яғни 2001 жылы аталған бірлестік қатарына Өзбекстан қосылғаннан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп аталған бұл құрылымның іргесі одан әрі кеңейіп, ауқымы ұлғайып, қуаты арта түскеніне бүкіл әлем куә болды.
ШЫҰ-ның қалыптасу тарихында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді рөлі, халықаралық беделі анық көрінеді. Сондықтан, Ұйымның бүгінгідей абыройының артуына Елбасының қосқан үлесі айрықша екенін атап өтуіміз қажет...
ШЫҰ-ның бұл кезекті басқосуына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, ШЫҰ байқаушы мемлекеттерінің басшылары: Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Беларусь Президенті Александр Лукашенко мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур, сондай-ақ, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Мухамад Наваз Шариф, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ-ның Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының Бас хатшысы Ле Лыонг Минь қатысты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы алдымен шағын құрамда өтті. Отырысты ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте қатысушылар атынан Өзбекстан Президенті болып сайланғаннан кейін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесіне алғаш рет қатысып отырған Шавкат Мирзиеевтің қызметіне табыс тіледі. Одан әрі Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің 16 жылдық даму тарихында халықаралық тұрғыдан мойындалып, көп салалы өзара іс-қимылдың тиімді құрылымына айналғанын атап өтті.
– Аймақтық қауіпсіздікті нығайту, елдеріміз арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды ілгерілету және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Шарттық-құқықтық база қалыптасты. Ұйымның берік институттық негізі жасалып, аймақтық және жаһандық ықпалы артып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ШЫҰ-ның Астана саммиті ұйымның жаңа тарихына бастау болып отырғанына тоқталды.
– Бұл отырыс алты тарапты форматта соңғы рет өтіп отыр. Бүгін біз Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын қабылдау рәсімін аяқтап, оларға ШҰЫ-ның мүше мемлекеті мәртебесін беру жөніндегі шешімге қол қоямыз. Жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына зор серпін беріп, оның халықаралық беделінің артуына септігін тигізеді, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысында геосаясаттағы кейінгі үрдістер мен әлемдік экономикадағы негізгі трендтер ескеріліп отыратынын сөз етті.
– Басты мақсаттарға біртіндеп қол жеткізу және барлық бірлескен шешімдерді тиімді іске асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тұрақтылық пен қауіпсіздікке төнген жаңа қауіп-қатерлерді еңсеру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, осы саммит аясында Халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдеме қабылдап, Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенцияға қол қою жоспарланып отыр. Бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымының осы жаһандық зұлматпен күресуге қосқан елеулі үлесі болмақ, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан кейін отырыс кеңейтілген құрамда жалғасты. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі жағдайына және оны дамыту перспективасына қатысты мәселелерді талқылап, ұйым аясында ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен қадам жасау жайы, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Отырысты ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан мен Пәкістанды Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық құқылы мүшесі етіп қабылдау рәсімінің аяқталғанына назар аударып, саммиттің тарихи маңызын атап өтті.
– Ұйымның құрамы алғаш рет кеңейіп отырғандықтан, біздің осы кездесуіміз тарихи шараға айналады десем, артық айтқандық емес. Бүгіннен бастап Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық құқылы мүшесі болды. Енді ұйымның жауапкершілік аясы 3 миллиардтан астам халқы бар аумақты қамтиды. Сонымен, ол «Шанхай сегіздігі» сияқты институттық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде біз ШЫҰ кеңістігіне іргелес кейбір аймақтарда жағдай ушығып, геосаяси шиеленістің өрши түскеніне куә болып отырмыз. Осы орайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесін қабылдауымыз дер кезінде жасалған қадам болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы қол қоюға ұсынылған Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ конвенциясының өзектілігіне де тоқталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Бейбіт миссия» атауымен өткізілген бірлескен антитеррорлық жаттығулардың ұйымға мүше мемлекеттердің тәжірибе жүзіндегі ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосқанын атап өтіп, биылғы сәуір айында Астана қаласында ұйымдастырылған «Есірткісіз әлем үшін» атты халықаралық акцияға қатысқаны үшін барлық тарапқа ризашылығын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ШЫҰ-ның халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысына жеке тоқталды.
– 2016 жылғы қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы ШЫҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі қарар қабылдады. Трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ШЫҰ-БҰҰ жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шарасының қорытындыларын бағалаймыз. Шанхай ұйымының Халықаралық Қызыл Крест комитетімен қарым-қатынастарын рәсімдеудің болашағы зор. ШЫҰ-ның Еуразиялық экономикалық одақпен және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен өзара іс-қимыл орнатуын да қолдаймыз, – деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Президенті Ұйым аясында экономикалық кооперацияны ілгерілету мәселесіне назар аударып, осы саладағы жаңа институттық мүмкіндіктерді атап өтті.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі келісім күшіне енді. Еуразиялық экономикалық одақ жобаларының «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштасуын ескерер болсақ, өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықтың болашағы жарқын екені байқалады. Келешекте ШЫҰ еркін сауда аймағын құру өзара сауданың артуына септігін тигізеді. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қызметіміздің маңызды бағыты болып табылады. Осыған орай Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және оның қызметі туралы келісімге қол қойылғанымен құттықтаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдардағы туризм саласындағы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары аясындағы өзара іс-қимылдың белсенді болатынына назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңірлік және жаһандық қақтығыстарды шешуге бар күш-жігерін салуға ұмтылатынын мәлімдеді.
– Ауғанстан басшылығының ел ішіндегі саяси үнқатысуды нығайту мен оны тұрақты әрі орнықты дамушы мемлекетке айналдыруды көздейтін шаралар жөніндегі қадамдарын қолдаймыз. Қазақстан «Астана процесі» басқосуында сирияаралық дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздер үдерісіне өз үлесін қосуын жалғастыра бермек. Осы келіссөздерге мүдделі барлық тараптардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы еліміздің ядролық қарусыздану мен таратпау идеясын берік қолдайтынын атап өтіп, еліміз Солтүстік Кореядағы ядролық қаруға қатысты проблеманы реттеу жөніндегі келіссөздерді тезірек қайта бастауды құптайтынын айтты.
Қазақстан Президенті «жасыл энергетиканы» дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
– Бүгін барлығымыз «Болашақтың энергиясы» ұранымен дүниежүзілік ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсіміне қатысамыз. Бірнеше ай бойы бұл жерде экологиялық таза энергетика саласындағы ең озық технологиялар көрсетілетін болады. Астанадағы ЭКСПО көрмесі нәтижелерінің ШЫҰ-ның барлық елдері және жалпы халықаралық қоғамдастық үшін пайдасы зор болады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы ұйымды дамытудың барлық басты бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне мемлекеттер ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Бұдан кейін сөз кезегін ШЫҰ-ға алдағы уақытта төрағалық етуші ел – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин алды. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы ШЫҰ жұмысын жоғары қарқынмен жан-жақты дамытудағы Қазақстанның сіңірген еңбегін жоғары бағалай келіп, ұйым қызметіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
– Бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қатарына Үндістан мен Пәкістан қосылды. Қытай ұйым аясындағы барлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын, – деген Си Цзиньпин елдерді біріктіретін «Шанхай рухының» күші ең алдымен ұйымның дамуына кепілдік беретініне тоқталды. Оның айтуынша, ұйымға бұрыннан мүше және жаңадан қосылған мемлекеттер күш біріктіріп, саяси байланыс пен сенімді нығайтып, өзара ынтымақтастықты күшейтуі керек.
– Біз ұзақ мерзімді тату көршілік және достық пен ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін жүзеге асыру бойынша 5 жылдық кезеңге арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамыз. Біз ШЫҰ-ның сауданы жеңілдету ресімдері туралы келісімге қол қоюды бастай алар едік. Халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісімде қарастырылған трансшекаралық бағыттардың белгіленген уақытта ашылуын жақтаймыз. Біздің Ұйым қауіп-қатерлерге төтеп береді. Қытай экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясын орындауға қолдау білдіреді. Осы орайда біз қауіпсіздік пен қорғаныс салаларына арналған форум өткізуді ұсынамыз. Бұл мақсатта сіздермен бірігіп, алдағы 3 жылға бағдарлама құрамыз. Сондай-ақ, Ауғанстан мәселелеріне қатысты барлық тарапты бейбітшілік пен ортақ келісімге келуге шақырамыз, – деді ҚХР Төрағасы.
Сондай-ақ, ол Қытайдың ұйымға төрағалық ететін кезеңде атқаратын жұмысына тоқтала келіп, БАҚ-пен тиімді қарым-қатынас орнату қажеттігін және Қытай тарапы ШЫҰ хатшылығының жұмысын одан әрі жандандыру үшін қосымша 10 млн юань бөлетінін жеткізді.
– БАҚ-пен қарым-қатынас орнатудың жаңа механизмдерін енгізуді ұсынамыз. Сондай-ақ, ШЫҰ-ның бірінші медиа-саммитін ұйымдастырамыз. Қытай ұйымға толыққанды мүшелікке немесе байқаушы әрі серіктес ретінде өткісі келетін мемлекеттердің өтінішін қарастыруға дайын. Қытай тарапы ШЫҰ хатшылығына қосымша 10 млн юань бөледі, – деді Қытай басшысы.
Сөзінің соңында Си Цзиньпин Қазақстанның ШЫҰ-дағы атқарған жұмысына жоғары баға бере отырып, алдағы уақытта Қытай Ұйымның төрағалығын қабылдайтынын, ШЫҰ-ның келесі саммиті 2018 жылдың маусымында өтетінін мәлім етті.
Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев өз кезегінде ШЫҰ-ның бұл саммиті ұйымның даму тарихында айрықша орын алатынын жеткізді. Ол Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға толық құқылы мүше болып қабылдануы үлкен оқиға екенін, аталған қос мемлекеттің ұйым қатарына өтуін Қырғызстан тарапы қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ШЫҰ ауқымының кеңеюі ұйымның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін көтереді әрі жауапкершілігін арттыра түседі.
Одан әрі А.Атамбаев қазіргі таңда әлемнің бірқатар нүктелерінде әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайлар орын алып отырғанын, сондықтан бейбітшілік пен тыныштықты сақтау мәселесі айрықша назарда болуы маңызды екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы шекараларды бейбітшілік пен достықтың белдеуіне айналдыру қажеттігіне тоқталды.
– Тұрақсыздық факторларының алдын алу аясында шекаралық аудандардағы сенімді нығайту бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің өзектілігі артып келе жатқандығын атап өтім келеді. Біз елдеріміз арасындағы шекараны бейбітшілік пен достықтың белдеуіне айналдыруымыз керек. Сондықтан «Шанхай рухына» берік болып қала беруге және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Шекара мәселелері жөніндегі ынтымақтастығы және өзара іс-қимылы туралы келісімге сәйкес нақты іс-қимыл жасауға тиіспіз. Бұл келісім 2015 жылы қабылданған еді, – деді Қырғызстан басшысы.
Сонымен қатар, ол ШЫҰ Даму банкін құру туралы мәселені шешетін уақыттың жеткенін айтты. «Қырғызстанның «Шанхай бестігін» құрушылардың бірі болғандығын, содан бері ШЫҰ Даму банкін құруға басымдық беріп келе жатқанын тағы да бір мәрте еске салғым келеді. Қырғызстан ШЫҰ банкі құрылып, оның Бішкек қаласында орналасуын қалайды», деді Алмазбек Атамбаев.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин отырыста ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның мүше болуы маңызды оқиға екенін, бұл қадам ұйымның экономикалық және гуманитарлық салалардағы қуаты мен ықпалының арта түсуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Бүгін ШЫҰ жаңа толық құқылы мүшелермен толықты. Бұл мемлекеттерді қабылдау процесін іске қосу туралы шешім Ресей төрағалығы кезінде, 2015 жылы Уфада өткен саммитте қабылданған болатын. Екі жылға жетпейтін уақыттың ішінде Үндістан мен Пәкістан барлық шарттарды орындап, қажетті ресімдерді аяқтады. Ендігі уақыттағы біздің мақсатымыз жаңа серіктестердің ШЫҰ аясына бейімделуіне көмек көрсету болмақ, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті әлемдік терроризм мен экстремизм мәселесiнiң талқылануы бүгiнгi жиынның мән-маңызын арттыра түскенін сөз етті әрі Сирия дағдарысын реттеудегі «Астана процесіне» жоғары баға берді.
– Біз Таяу Шығыстағы, оның ішінде Сириядағы жанжалдарды реттеудегі күш-жігерімізді бірлесе отырып жандандыратынымызға сенімдімін. Соңғы уақытта Сирия дағдарысын реттеуде көңілге сенім ұялататын мүмкіндіктің пайда болғанын атап өткім келеді. Бұл Ресей, Түркия және Иранның көмегімен осы жерде, Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесудің басталуымен тікелей байланысты. Енді соның негізінде әскери іс-қимылды тоқтатуға және Женевадағы келіссөздер процесіне серпін беруге шынайы мүмкіндік пайда болып отыр, – деді В.Путин.
Сонымен қатар, Ресей Президенті терроризммен күресті күшейту қажеттігіне баса назар аударды. В.Путиннің сөзіне қарағанда, бұл келеңсіз жағдаймен барлық елдің халықаралық құқықты қорғау жүйесін шынайы және конструктивті біріктіру арқылы күресуге болады. Террористермен күрес кешенді әрі қатал болуы керек. Осы орайда, ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымының рөлі күшейе түседі. Құқықтық негізді күшейтудегі маңызды қызмет – экстремизмге қарсы тұжырымдама. Аталған тұжырымдамаға осы жолғы жиында қол қойылған болатын.
Бұған қоса, В.Путин 2009 жылы қолға алынған ШЫҰ-Ауғанстан байланыс тобының қызметін қайта жандандыруды ұсынды. Ауғанстанда есірткі өндіру көлемі ұлғайып отырғандықтан, ШЫҰ-ның тиісті халықаралық ұйымдардың бейінді құрылымдарымен өзара іс-қимылын арттыру қажет.
– Өңірде есірткіге қарсы қауіпсіздік белдеуін қалыптастыруға барлығымыз мүдделіміз. Экономикалық аспектілерге келетін болсақ, ШЫҰ-ның барлық кеңістігінде ұлттық стратегиялар мен көпжақты жобаларды үйлестіруде күш біріктіру керек деген ойдамын, – деді Ресей Президенті.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон өз сөзінде ШЫҰ-ға толық құқылы мүше болып қабылданған Үндістан мен Пәкістан елдерінің басшылары мен делегацияларына табыс тілей отырып, ұйымның бүгінгі таңдағы қызметінің маңыздылығын атап өтті.
– Өткен кезеңдерде ШЫҰ шеңберінде аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде, экономикалық және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты арттыруда көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Биылғы жыл біздің ұйым үшін ерекше жыл болып тұр. Осыдан үш жыл бұрын Душанбеде өткен ШЫҰ саммитінде қабылданған құжаттар ұйымымыздың кеңеюіне жол ашып берді. Биылғы жылы Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ қатарына қабылдауға қатысты үдерістер аяқталды. Сондықтан, Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға қабылдануына байланысты осы елдер делегацияларының басшылары Нарендра Моди мен Мұхамад Наваз Шарифті құттықтаймын, – деді Э.Рахмон.
Тәжікстан Президенті соңғы кезеңдерде әлемде зорлық-зомбылықтың, террорлық оқиғалар мен түрлі қақтығыстардың белең алып бара жатқанына алаңдаушылығын білдіре келіп, бұл бағытта халықаралық деңгейде көптеген шаралар қолға алынғанымен, оң нәтиже бермей тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, ШЫҰ-ның Аймақтық антитеррорлық құрылымының қызметін жандандыру қажет.
Э.Рахмон терроризммен және заңсыз есірткі тасымалымен күресте ШЫҰ аясында күш біріктірудің аса қажет екенін, Тәжікстан бұл мәселеде БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдармен нәтижелі ынтымақтастық орнатуда мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Осы орайда Э.Рахмон өз әріптестерін бұған дейін айтылған, Тәжікстанда ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы орталығын құру бастамасын қолдауға шақырды.
Қауіпсіздіктің кілті –
аймақаралық тыныштықта
Алқалы жиында Шанхай ынтымақтастық ұйымының осы жолғы отырысына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің алғаш рет қатысып отырғанын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айрықша атап өтті. Ал өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Президенті халықаралық деңгейдегі беделі жоғары осы ұйымға ресми түрде мүше мемлекет ретінде қабылданып отырған тарихи сәтімен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Мұхамад Наваз Шариф пен Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модиді құттықтады. Сондай-ақ, ол аталған екі елмен бірлесе отырып, көп салалы нақты жоспарларды жүзеге асырып, қарышты дамуға үміт артатындығын білдірді.
«Шеті мен шегі көрінбейтін әскери қақтығыстар мен шиеленіскен дүрдараздықтар жер дүниеге орасан зор қауіп-қатер төндіріп отырған қазіргідей шақта біз бір ғана елдің емес, бірнеше мемлекеттің уайымына айналған Ауғанстандағы жағдайдың тұрақталуынан үміттіміз және сол үшін бар күш-жігерімізді жұмсап әрекеттенеміз. Өзбекстан бұл елде тұрақтылық пен тыныштықтың орнап, халық бейбітшілік заманда мамыражай тіршілік кешеді деген сенімде және осы бағыттағы барлық жұмыс, жоспарларды толықтай қолдайды», деген Ш.Мирзиеев осы сәтті пайдалана отырып, ШЫҰ-ның келешектегі кемелді дамуы үшін өзекті деп танылған бірқатар басымдықтарды атады.
– Оның бірі – халықаралық шеңбердегі террористік ұйымдар мен кереғар жат ағымдарға қарсы күресте жастарды жат ағымның идеологиясының құрбаны болудан оларды қорғауда ШЫҰ аясында кең көлемді қарсы әрекеттер жасау қажеттігі деп есептелсе, енді бірі – жастардың рухани дүниелермен сусындап, діни көзқарасын қалыптастыратын материалдардың барлығын да мұқият сүзгіден өткізіп, сараптауға көңіл бөлу керекпіз. Осылайша, адамзатты ізгілікке үндейтін, бауырмалдыққа баулитын Ислам дінін ұдайы зерттеп, жат ағымдардың қоқысынан қорғауды қажет деп санаймын, – деді Өзбекстан Президенті.
Өз кезегінде бұл кездесудің тарихи тұрғыдағы бір ерекшелігі – Шанхай ынтымақтастық ұйымына екі жаңа мүше мемлекеттің қосылуы екендігін атап өткен Н.Назарбаев мұндай шешім арқылы ШЫҰ әлемдік саясат пен жаһандық экономикада өзінің Жер шары тұрғындарының басым бөлігінің басын қосқан бүгінгідей құрамымен ұйымның беделі артып, планетамыздың дамуына зор үлес қосатындығына сенім білдірді. Осындай айшықты ойларымен отырыс тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның бұл жолғы кеңесіне Үндістан Республикасы дәрежесі өзгерген ел ретінде қатысып отырғандығын ескертіп, сөз кезегін Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге берді.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы аймақтық және жаһандық деңгейдегі қауіпсіздікке басымдық беретіндігімен әлемдік қоғамдастық алдында беделі артып отыр. Үндістан мүше мемлекет атанғанға дейін де мұндағы әрбір мемлекетпен қарым-қатынасын әртараптандырған болатын. Бұдан кейінгі байланысымыз да жалғасын тауып, әріптестігіміз тереңдей түседі деген үміттемін, – деді Н.Моди.
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізу ШЫҰ басым бағытқа ие бағдар болғандықтан Үндістан аталған халықаралық ұйыммен ынтымақтасу, бірлесе әрекет ету қадамын құптайды. Сонымен қатар, қазір әлемде адамзат баласының адамгершілікке үндейтін құндылықтарды сақтап қалуға ұмтылуы тіршіліктің басты талаптарына айнала бастағанын және сол үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен бірлесе отырып, осы мақсаттағы жұмыстарды жандандыруға күш салатынын мәлімдеген Н.Модидің ізгі ойын оның әріптесі, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Мухамад Наваз Шариф те құптай түсті.
– Пәкістан Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет атанып отырғанына біздер зор қуаныштымыз. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға қолдау білдіріп, ниеттестік танытқандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ал енді әлемдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудың алғашқы әрекеті – аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудан басталатындығын ескерсек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мақсат-міндетінің айқындығына қарап, оның маңыздылығы арта түсетіндігін ұғамыз. Сондықтан да, біз ұйымның толық құқылы мүшесі атана отырып, жоспарлы жұмыстарымызды жүйелі түрде бірге жүргіземіз деп сенемін, – деген Н.Шариф ШЫҰ әлемдегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне елеулі үлес қосып, табысты экономикалық қатынас орнатудың тетігі бола алатындығына сенім білдірді.
Ұйымның толыққанды мүше мемлекеті атанып отырған екі ел премьер-министрлерінің маңызы зор мәлімдемелерінен кейін оларға айрықша қошемет білдірген Президент Н.Назарбаев келесі сөзді ШЫҰ-ға байқаушы-мемлекеттердің бірі – Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммад Ашраф Ғаниге берді.
– Егер Еуразия құрлығындағы соңғы 15-20 жылдық жағдайды бағамдап қарайтын болсақ, біздің бағытымыз нақтыланып, аймақтардағы ахуалымыз жақсарған деп айта аламыз, – деді ол. Осылайша, жалпылама түрде алғанда соңғы жылдары әлемдік әлеуеттің өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздікке көңіл бөлуі қатты сезілетіндігін сөз еткен ол өркениетке бет бұрып, қарышты дамып жатқан әлем елдерінің көшінен Ауғанстан да қалыс қалмайтынын алға тартты.
– Әсіресе, біздегі инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстардың ілгерілеуі Ауғанстанды алыс-жақын елдермен жақындастыра түсті. Айталық, көрші мемлекеттермен автомобиль мен темір жол және әуе қатынасын қалыпқа келтірудеміз. Осы бағыттағы мақсатымыз нақтыланып, бағыт-бағдарымыз айқындалатын болса, болашағымыз жарқын болады деген ойдамын. Бұл ретте біз ШЫҰ секілді беделді ұйыммен бірлесе еңбек етіп, әріптестігімізді тереңдетуге мүдделіміз. Себебі, Азияның қақ ортасында орналасқан Ауғанстан азаматтары өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, аймақтағы тұрақтылық пен тыныштықтың орнауына мүдделілік танытуда, – деді Ашраф Ғани.
Сонымен қатар, ол келер жылы ұйымға төрағалық ететін Қытай елінің Төрағасына құттықтау лебізін білдіріп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған осы жиын үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да зор алғысын айтты.
Орайы келгенде сөз алған ШЫҰ-ның байқаушы-мемлекеті – Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко ШЫҰ ең ықпалды халықаралық құрылымдардың біріне жылдам айналып келе жатқандығын баса айтты.
– Өңірлік жанжалдардың қанат жайып келе жатқан жағдайында ғаламшардағы жарты әлемнің тұрғындары атынан өкілдік ететін елдердің бір-біріне жақындай түсу процесі айрықша құндылыққа ие болуда. Осындайда ауызбіршілік пен бірлік – терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмысты қоса алғандағы қазіргі сын-қатерлерге қарсы тұрудың маңызды факторы, – деді Беларусь Президенті.
Сондай-ақ, ол бұған ШЫҰ беделінің нығаюы мен оған мүше елдер санының арта түсуі дәлел бола алатындығын алға тартты.
– Қуатты екі мемлекет – Үндістан мен Пәкістан оның толық құқылы мүшесіне айналады. Мұның маңызды нәтиже екендігі сөзсіз. Бұл – ұйымның батыл әрі жауапты қадамы. Ендеше, осындай қуатты мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастың белгілі бір түйткілді проблемалары да бар екендігін жасырмайық және бүгін оларды ШЫҰ құрамына қабылдауларыңыз жауапты қадам болып табылады. Және осылайша сіздер бұл проблеманың шешімін өздеріңізге алып отырсыздар, – деді А.Лукашенко.
Беларусь Президентінен кейін ойын ортаға салған ШЫҰ-ның байқаушы-мемлекет мәртебесін иеленген Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбегдорж Ұйым жұмысын әр кез жоғары бағалайтындығын білдірді.
– ШЫҰ байқаушы-мемлекеті мәртебесін алғаннан кейін Моңғолия әрқашанда осы ұйымның түрлі деңгейлі жиын, шараларына белсенді қатысып келеді. Біздің мемлекетіміз ұйымның осы кезге дейінгі жұмыстарын жоғары бағалайды және оның болашағына зор сеніммен қарайды. Қытай бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бір белдеу, бір жол» жобасына Моңғолия да қатысуға ықыласты. Сол мақсатта халықаралық талаптарға сай өзіміздің мақсат-міндеттерімізді орындауға әзірміз, – деген Ц.Элбегдорж уақыт өткен сайын абырой-беделі асқақтап келе жатқан ШЫҰ-ға байқаушы-мемлекет мәртебесін алғаннан кейін өз еліндегі ғылым-білім мен мәдениет, өнеркәсіптік өндіріс салаларындағы байланыстар нығайып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Моңғолия ұйым аясындағы елдермен қарым-қатынасын тереңдете отырып, инфрақұрылымдық дамуға инвестициялық әлеуетті қатыстыруға ниетті екенін жеткізді.
Беделді халықаралық ұйымға айналды
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына бірқатар ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері де арнайы келіп қатысқан еді. Солардың арасынан алғашқы болып сөз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришке берілді.
Саясаткер өзінің сөзінде қазіргі кездегі өткір мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың рөлі ерекше маңызды екеніне тоқталды. Бас хатшының атап өтуінше, бүгінде әлемді алаңдатып отырған проблемалар аз емес. Заңсыз есірткі айналымы, босқындар мәселесі, кедейшілік пен азық-түлік тапшылығы кезек күттірмейтін жағдайлар болып отыр. Сонымен қатар, түрлі жанжалдар мен қарулы қақтығыстар жиірек көрініс бере бастады. Ал олардың алдын алу, күрделі мәселелерді орнықты үнқатысу арқылы қалпына келтіру жекелеген мемлекеттердің ғана емес, халықаралық ұйымдардың да белсенді іс-қимыл көрсетулерін қажет етеді.
Бас хатшы жаһандық проблеманың тағы бірі климат ауытқушылығына қатысты пікірін ортаға салды. А.Гуттериштің назар аудартқанындай, жаһандық осы мәселеге байланысты БҰҰ көп жылдардан бері өз ұсыныстарын білдіріп келеді. Тиісті құжаттар да қабылдаған. Өкініштісі, кейбір елдер олардың орындалуына онша көңіл бөлмейді. Бас хатшы, сондай-ақ, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизм сияқты қатерлермен күресу мәселелерін де қозғады.
Оның айтуынша, осы бағытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы көптеген жұмыстар жүргізіп келеді. Бұған қоса, ол жастарды жұмыспен қамту, олардың оқып – білім алуына қолдау көрсету мәселелерін атап өтті.
ШЫҰ-ның Бас хатшысы Рашид Алимов алдымен ұйымға төрағалығын жоғары деңгейде және аса жауапкершілікпен атқарған Қазақстан басшылығына зор алғысын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен бір жыл ішінде халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аударған ауқымды іс-шараларды жүзеге асырған. Ұйымның Бас хатшылығы Қазақстан Президентіне ШЫҰ-ға төрағалық еткен мерзім аралығындағы қызметіне байланысты толыққанды баяндама ұсынды. Ол құжатта атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған іс-шаралардың барлығы көрініс тауып отыр.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы уақыт сынынан ойдағыдай өтті, – деп жалғастырды сөзін ол. – Бүгінде ұйым өңірлік және жаһандық саясатты орнықтырып, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бағытында көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде де табыстары аз емес. Терроризм және экстремизммен, заңсыз есірткі айналымымен, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыс түрлерімен күрес ұйымның назарынан ешқашан тыс қалмайды».
Бас хатшы әрі қарай ШЫҰ-ның өзге халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, ұйым Америкада, Еуропада және басқа да өңірлерде өткен ірі халықаралық конференциялар мен жиындардың белсенді қатысуына айналды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Астанада өткізілуі ШЫҰ үшін үлкен абырой болмақ. Осы көрме арқылы ұйым елдері өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыта түседі.
Ал ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоевтың атап өтуінше, ұйымға мүше мемлекеттер басшылары өз сөздеріне өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіп-қатерлермен күрес, тағы басқа да өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталып өтті.
– Өткен 2016 жылы бірлесе іс-қимыл көрсетудің нәтижесінде 40-тан астам террорлық әрекеттің жолы кесілді, 100-ге жуық халықаралық террористік топтың мүшесі ұсталды. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес барысындағы іс-әрекеттердің арқасында алды алынған осы және басқа да мәліметтер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне ұсынылған баяндамада көрсетілген», – деді Е.Сысоев өзі жетекшілік ететін құрылым жұмысына қатысты.
Осылай деген ол әрі қарай Антитеррорлық құрылымның экстремизммен күрес жөніндегі конвенция жобасына назар аудартты. Құрылым басшысының хабардар етуінше, құжатта экстремизммен, терроризммен бірлесіп күрес жүргізудің жолдары көрсетілген. Аса сақтықты қажет ететін қатермен жалғыз-жарым күресу нәтиже бермейтінін өткен уақыт дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, ол құрылымның ШЫҰ аясында халықаралық беделді ұйымдармен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Бұған мысал ретінде Қазақстанның төрағалығы кезінде құрылым БҰҰ-ның үнқатысу алаңындағы жиындарға қатысып, өздерінің пікірлерімен бөліскенін және бірқатар антитеррорлық конференцияларға қатысқандарын келтірді. Үндістан мен Пәкістанның ұйымға мүше болып қабылдануы құрылым жұмысына жаңаша серпін беретініне сенім білдірді.
ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы Сергей Лебедев өз сөзінде халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі рөліне баса назар аударды. Оның айтуынша, Достастыққа мүше тоғыз мемлекет өңірлік және жаһандық өзекті мәселелерді ШЫҰ-мен бірлесе отырып талқылап келеді. Екі халықаралық ұйым бір-бірімен тығыз байланыста. Әсіресе, екі ұйымның сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастығының болашағы зор.
– Сөз жоқ, Шанхай ынтымақ-
тастық ұйымының өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі орны ерекше бөлек, – деді С.Лебедев. – ШЫҰ сияқты ТМД да халықаралық терроризммен және экстремизммен бірлесіп күресуге басымдық береді. Достастық БҰҰ-мен және оның құрылымдық бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс істеуді өзінің міндеті санайды.
Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының Бас хатшысы Ле Лыонг Минь өзі жетекшілік ететін ұйымның жұмысына байланысты ой қорытты. Оның атап өткеніндей, ұйым өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аударады. Өңірдегі елдердің бір-бірімен және олардың өзге аймақтардағы мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға да ықпал етіп отырады. Алдағы уақытта АСЕАН Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастықты әрі қарай тереңдететін болады. Оған қажетті құжаттар бар, негізі қаланған.
Отырыста, сондай-ақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің атқарушы директоры Гун Цзяньвэй мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев сөз сөйледі.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорытты.
– Бүгін Қазақстан астанасында біздің ұйым үшін тарихи оқиға болды. Біз барлық міндеттемелерді орындап, ұйымға Үндістан мен Пәкістанды қабылдадық. Осылайша, ШЫҰ-ның әлемдік саясатта және ғаламдық экономикада беделі артты. Осы орайда Нарендра Моди мен Мухамад Наваз Шарифті ШЫҰ-ға толыққанды мемлекет ретінде өтуімен құттықтаймын, – деді Қазақстан басшысы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Астана декларациясы;
Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ конвенциясы;
Үндістан Республикасын ШЫҰ мүшесі ретінде қабылдау рәсімін аяқтау және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру жөніндегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
Пәкістан Ислам Республикасын ШЫҰ-ның мүшесі ретінде қабылдау рәсімін аяқтау және оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру жөніндегі ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ның мүше мемлекеті мәртебесінің берілуіне байланысты ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үлестік жарналары туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылдағы қызметі жөніндегі ұйымның Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
Өңірлік антитеррорлық құрылымының 2016 жылғы қызметі жөніндегі ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылым кеңесінің баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылым жанындағы тұрақты өкілі жөніндегі ережені бекіту туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі шешімдерінің күшін жою туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимылы туралы мәлімдеме (қол қоюсыз қабылданады);
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ақпараттық хабарлама (қол қоюсыз қабылданады).
Отырыстың барлық ресми іс-шаралар