Тәрбие • 12 Маусым, 2017

Өзгерісті өзімізден бастайық

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Константин ЦХАЙ,  Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының  орынбасары, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры

Өзгерісті өзімізден бастайық

Тарих тағылымын құрметтеп, жақсылықтың сабағын тарихтан алған, жарқын болашаққа ақылмен, кемел саясатымен қадам басқан еліміз әлемдік сахнада өзінің көреген саясатының туын тігіп отыр. Бұл − болашақтың да мерейін үстем ететін ұлы жетістік. 
Қазіргі таңдағы біздің еліміздің жетістігі − ол ел ішінен шыққан ердің жетістігі. Туған елін аялай білген, елдің тұрақтылығын, тыныштығын сақтай білген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған стратегиялық саясаты барлық Қазақстан халқын елдік істерге жетелейді. 
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан­ның бағындырған белестері, шыққан биіктері аз емес. Ел дамуының қай саласында болса да  қол жеткізген барлық жетістіктеріміз кейінгі ұрпаққа өзінің игілігін көрсететіні сөзсіз. Тарихи өмірдің қиын­шылығын қазақ халқының бойындағы бір­лік, татулығымен, қонақжайлығымен жеңген ха­лық­пыз. Қазақ халқының, бүгінгі еліміздің бо­йынан ізгілік шашқан қамқорлығы Қазақстанда тұрып жатқан барлық  этностың ұлттық нақышта өсіп,  дамуына мүмкіндіктер бере отырып, тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен  дәстүрін дамытуға жағдай жасауда. Бұл − әлемге үлгі болатын ұлағат. 
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында заман талабына сай ел болып, халық болып қамдануды, икемді өмір сүруді діттейтін тың ойлар айтылған. Шынымен де қазір жаһандану дәуірінде әлемнің дидары өзгерді, неше түрлі оқиғалар орын алып жатыр, құндылықтар бағдары өзгеруде. Осындай дағдарысы қатар жүретін өтпелі уақытта елді ел ететін, халықтың басын біріктіріп, игілік жолына ұйытатын құндылықтар қандай? Осы сұраққа Мемлекет басшысы өзінің халыққа, болашаққа арнап жазған мақаласында тиянақты жауап берген.   
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дейді Мемлекет басшысы.  
Жаңа айтып өткеніміздей, бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақ елінде бір шаңырақтың астында өмір сүруіміз, бірінші кезекте, халықтың түсінігін, ауызбірлігін негіздейтін ұлттық қасиеттеріміздің, құндылықтарымыздың болуы. Қазақтың зиялы ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай айтқандай, «Жаман адам болғанымен, жаман халық жоқ». Біздің білетініміз, қазақ ұлты қашанда кез-келген халыққа, ұрпағына құрметпен қарауды үйреткен. Елбасының мақаласында зерделеніп,  үлкен мәселе ретінде қоғам алдына қойылып отырған ұлттық сана мәселесі осы ұстанымды  меңзейді. 
«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», − деп атап көрсеткен Елбасы мақаласында. 
Баршаға белгілі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясы бүгінгі біздің уақытымыз үшін ғана емес, келер уақытта өмір сүретін, Қазақстанды өз Отаным, өз үйім деп санайтын ұрпақтар үшін, ел болашағы үшін аса қажет әрі ізгілігі мол дүние. Мұны зерделеп, халқымызға бағыт берер тағылымын насихаттау, көтерілген мәселелерді, ұсынылған идеяларды ұғынып, оның жүзеге асуына атсалысу  − біздің тарих, ел, халық, ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді». Мемлекет ортақ үйіміз, оның рухын жаңғыртып, мүддесін көздің қарашығындай сақтау кім-кім үшін де қасиетті іс болса керек. 
Елбасы айтқандай, еліміздің жарқын болашағы біздің қолымызда. Заман талабына сай уақытты, білімді, еңбекті, денсаулықты қадірлейтін қоғам біздің мемлекетіміздің саясатын дұрыс түсінуден басталады. Сондықтан баршамыз болып осы тарих алдындағы ұлы істі жүзеге асыруға жұмылуға тиістіміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Ту­ған жер» бағдарламасын, «Қазақстандағы 100 жа­ңа есім» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мә­дениет», «Қазақстандық қасиетті рухани құн­ды­лықтар» жобаларын жүзеге асыруға этно­мә­дени бірлестіктер толық жауапкершілікпен, бел­сенділікпен атсалысатын болады.