Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп түсіреді. Былтыр «Композитор» атты көркем фильмді бірлесіп түсіру, қаржыландыру және бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойылған.
«Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов фильмнің 80 пайызы Алматыда, ал 20 пайызы Қытайда түсірілетінін, дегенмен монтаждау, компьютерлік графика жағымен қытай тарапы айналысатынын баяндады. «Фильм түсіру оңай. Қаржы мәселесі, прокат жағы қиын. Біз фильмнің сметасын тең бөліп алдық. Екі жақ та фильмді түсіру үшін елу-елу пайыздан қаржы шығарады. Келер жылы сәуірде фильм түсіріліп бітеді. Мақсатымыз – Қытай нарығына шығу. Фильмнің Қытайдағы прокатына Пекин қалалық партия комитеті көмектесетін болады», деді ол.
«Композитор» атты көркем фильмге қос композитор Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы арқау етіп алынған. Си Синхай – Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болған, қысқа ғана ғұмырында 300-ден аса шығарма тудырған дара талант иесі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде саяси қуғын-сүргін көрген ол өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізген. Қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Дұрысы, Си Синхайды аштық, қайыршылық күйден құтқарып, қайтадан шығармашылық ортаға оралуына Бақытжан Байқадамовтың септігі тиген.
Аталған шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚХР Баспасөз, кино, радио, телехабар мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілігінің министрі Не Ченьсимен бірге екі тараптың да киногерлері, әртістері қатысты. Айта кетейік, аталмыш фильмнің режиссері – Шеризат Яқұб, қоюшы режиссері – Сәбит Құрманбеков. Олардан бөлек басты рөлдерді сомдайтын Ху Джун, Берік Айтжанов және Алтынай Нөгербек те шарада қонақ ретінде бой көрсетті.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»