Бала біткенді мультфильммен алдандыруға болады деген ата-аналардың қателесетінін осы Кәусар қыз дәлелдеп берді. Ес білгеннен спорттық жарыстарды қызыға тамашалаған кішкентай көрермен, әсіресе, Сочиде өткен қысқы Олимпиада кезінде «көкжәшіктің» алдынан жиі табылған. Содан кейін ел қоржынына жалғыз жүлдені салған Денис Тенді теледидардан көрсе қуанышын жасырмаған. Қызының бойындағы осы бір ерекшелікті, мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылығын аңғарған анасы Жанбота Атабекова қысқы спорт мектебіне ертіп барады. Сөйтіп, Кәусар №8 қысқы спорт мектебінде тәжірибелі жаттықтырушы Марина Шевчуктан мұз үстіндегі өнерді үйрене бастайды. Жаттықтырушысымен тез тіл табысып, мәнерлеп сырғанаудың әрі өнер, әрі спорт екенін ерте ұғынған ол табандылығының арқасында елімізде өткен біріншіліктерде жүлделі орындардан көрінді. Нәтижесінде, халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. «Қызымның Ресейде өтетін халықаралық жарысқа баратынын естігенде қатты қуандым. Мәскеуге барғанымызда Ресейде спортқа қатты көңіл бөлінетінін аңғардық. Әлемдік стандартқа сай спорт кешенінде дүниенің түкпір-түкпірінен келген спортшыларға қарап, жарыста Кәусарға қиын болатын шығар деп топшыладым. Олардың осалы жоқ, барлығы тек жеңіске жетеміз деп келеді емес пе? Кәусар мұз айдынына шыққанда жүрегім дүрсілдеп, қатты толқыдым. Дегенмен, қызым айдында өзін еркін ұстап, секундтар өткен сайын менің күдігімді сейілтіп, сенімімді нығайта берді. Мың бұрала би билеп, көрермендерді тәнті етті. Ең жоғары ұпай жинады. Осылайша ол турнир жеңімпазы атанды. Оның жаттықтырушысы Марина Шевчукке және оқушыларға жағдай жасап отырған мектеп директоры Бақытжан Зиябековке алғыс айтқым келеді», дейді Кәусардың анасы.
Кәусардың жеңіске жетуіне биге құмарлығы да септігін тигізгені анық. Ол қаладағы өнер мектебіндегі би үйірмесіне қатысады екен. Яғни, оқумен қатар спортқа да, би үйірмесіне де баруға уақыт тауып жүр. «Мұз айдынында өнер көрсеткен қарсыластарыма қарап, «менен асып бара жатқан ештеңесі жоқ екен ғой», деп ойладым. Содан кейін өз-өзіме деген сенімділік пайда болып, ойымдағыны жүзеге асыра алдым», дейді Кәусар.
Тоғыз жасында халықаралық турнирде топ жарған Кәусар Ыбырайқызы болашақта қысқы Олимпиада жүлдегері немесе жеңімпазы болуды армандайды. Және осы мақсатта уақытының көбін спорт пен өнерге арнайтынын да айтты.
ШЫМКЕНТ