Дания құрамасы біздің команданы тымақпен ұрып алды деп айтуға ауыз бармайды. Бірінші таймда Қазақ елінің құрамасы өзінен шеберлік деңгейі әлдеқайда жоғары ұжымға қарсы тең дәрежеде өнер көрсетті. Дегенмен, қонақтардың шабуылы жиі әрі қауіптірек болды. Соның айғағындай, матчтың 27-минутында дат шабуылшысы Николай Йоргенсон есеп ашты. Біздің футболшылардың есепті теңестірер бірнеше мүмкіндігі болған. Бірақ, шабуылды түйіндейтін шешуші сәтке келгенде ойыншыларымыздың ойлағаны іске аспай-ақ қойды.
Бірінші таймның бітуіне екі минуттай уақыт қалғанда құрамадағы көшбасшы ойыншылардың бірі Бауыржан Исламхан дөрекі ойыны үшін алаңнан қуылды. Мақтап жүрген капитанымыз әуеде болған доп үшін таласта дат ойыншысы Вилльям Квистің жағынан шынтағымен ұрған еді.
Капитаны қуылып, адам саны кеміп қалғаннан кейін Қазақстан құрамасының ойынынан мән кетті. Бұл аздай-ақ, кездесудің 50-минутында қорғаушыларымыз өз айып алаңында Юссуф Поульсенге қарсы тәртіп бұзып, төреші біздің қақпаға 11 метрлік айып добын белгіледі. Кристиан Эриксен пенальтиден мүлт кетпеді. Ресейлік төреші Владислав Безбородовқа артар өкпе жоқ. Шешімінің бәрі де дау тудырмайтындай әділетті болған еді.
Негізі, Дания футболшыларының біздің қақпаға допты қарша боратарлық талай мүмкіндігі болды. Бірақ әбүйір болғанда, соққылардың көбі қақпадан қиыс кетіп жатты, кейбіріне қақпашымыз Лория тосқауыл қоя білді.
Екі доп енгізіп, көңілдері жайланған соң қонақтар сәл босаңсып, сылбырлық танытқан сәттің бірінде Исламбек Қуат қарсы қақпадан саңылау тауып, жауап гол соққан болатын. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Алаңға ойыншы алмастырып шыққан Каспер Дольберг ойынның 81-минутында есептегі екі гол айырмашылықты қайта қалпына келтірді.
Жалпы, бұл ойында біздің Лория қорғаған қақпа торында алты бірдей доп тулаған болатын. Алайда, оның үшеуін төреші ойыннан тыс соғылды деп санамай тастады.
Обалы нешік, біздің футболшылар ойыншы санының аздығына қарамастан, намысқа тырысып, азу көрсетіп бақты. Бірақ та, деңгейі жоғары қарсыластың алдында қажыр-қайрат һәм техникалық тұрғыда өзінің әлсіздігін амалсыз мойындады. Сонымен, ресейлік маман Александр Бородюк баптаған Қазақстан құрамасы қатарынан үш ойында жеңілістің ащы дәмін татты.
Енді, Қазақ елінің футболшылары іріктеу турниріндегі келесі ойынды 1 қыркүйек күні Черногория командасымен өз алаңында өткізеді. Аталған қарсыласпен арада өткен бірінші кездесуде біздің футболшылар 0:5 есебімен ойсырай ұтылған болатын.
Қазақстан – Дания – 1:3 (0:1)
Николай Йоргенсен, 27 (0:1). Кристиан Эриксен, 50 пенальти (0:2). Исламбек Қуат, 76 (1:2). Каспер Дольберг, 81 (1:3).
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»