Ақтауда алқалы жиын өтті. Жүздеген белсенді жастардың басын қосқан жиын – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының компаниялар тобына кіретін өндірістік және сервистік мекемелер жанынан құрылған жас мамандар кеңестері мүшелерінің отырысы. 400-ге тарта жастар жиылған форумға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өзге де жергілікті атқару ұйымдарының басшылары, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті С.Әбденов және өндірістік мекеме жетекшілері қатысты.
– Жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Бүгінде мен білімді де білікті, еңбекқор да отансүйгіш, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар жастармен кездесіп отырмын. Киелі өлкенің жас перзенттері осал болмайтынына сенемін. Осындай еркін форматтағы кездесу – екі тарапқа да жақсы мүмкіндік, тәжірибе алмасу алаңы болмақ, – деп форумды ашқан аймақ басшысы Е.Тоғжанов облыс экономикасының күретамыры саналатын – мұнай өнеркәсібі саласындағы жастармен кездесудің мән-маңызы зор екендігін атап өтті.
Мемлекет басшысы 2012 жылдың 17 қарашасы күні өткен «Жас Отан» Жастар қанатының II съезінде жұмысшы жастармен жұмысты күшейтіп, ірі кәсіпорындар мен мекемелерде жастар ісі жөніндегі арнайы құрылымдар құру бойынша нақты тапсырма берген болатын. Маңғыстау өңіріндегі жастар саясатына қатысты жұмыстар Елбасының тапсырмасын орындау аясында жүргізілді. Облыста 30 өндірістік кәсіпорында жастардың мекеме қызметіне және қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету, олардың кәсіптік және мансаптық өсуіне жәрдем ету, жас мамандардың ортақ және жеке проблемаларын анықтау мақсатында жастар ісі комитеттері мен кеңестері құрылды. Олардың қатарында 2871 жас маман бар. Өңірде жұмысшы жастарды қоғамдық мәдени іс-шараларға тарту және олардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында 30-дан астам мекемеде жұмысшы жастармен тұрақты іс-шаралар өткізіліп келеді.
Форумда «ҚМГ» АҚ Жастар саясатының төрағасы С.Қайгелдинов компанияда жастар мәселесінің жүргізілуі туралы баяндады. Айтуынша, компанияда рационализаторлық дамыту бағыты, мәдени, сондай-ақ, кәсіби дамыту бағыттары, әлеуметтік бағыт, саламатты өмір салтын, спортты дамыту бағыттары нақты жолға қойылған.
Аталған әр бағыт бойынша компанияда жасалып жатқан жұмыстарды таныстыру үшін кезек мұнайшы жастарға тиісімен олар өздеріне тән жігермен форум жұмысын іліп әкетті.
Алғашқы болып рационализаторлық дамыту бағыты бойынша сөз алған «Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Баймбетов өз мекемесі қабырғасында инновациялық даму бағыты бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастардың мұнай өндіру процестерін оңтайландыру үшін жасақтаған үш жобасы туралы баяндады. Жастардың бастамасымен және іскерлігімен «Өзенмұнайгаз» АҚ-та робототехника жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңға дейін ұсынылған үш жобаның екеуі өндіріске қабылданса, «Интеллектуалды тербелмелі қондырғы» жобасы кәсіпшілікке сынақ жұмыстарына тапсырылған. Жас өнертапқыш Ақын Мұраттың бұл жобасының мақсаты – тербелмелі қондырғының жұмысын бақылап, апатты жағдайлардың алдын алу арқылы оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығынды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыру. Сынақ жұмыстары көрсеткендей, жобаланған құрылғы шығындарды жылына 3 миллион теңгеден 350 мың теңгеге дейін, яғни 85 пайызға төмендетуге, сондай-ақ, тербелмелі қондырғының тоқтап тұру уақытын қысқартуға, өндірілетін мұнай көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді екен. «Жастардың көкейі өндірістің қоршаған ортаға залалын азайтатын, шығынды төмендететін, үнемдейтін, тиімді озық ойлар, тың идеяларға тұнып тұруы керек. Өздеріне өндіріс қызметіне қандай үлес қоссам, қандай көмек көрсетсем болады деген сұрақтар қойған жөн», деген Б.Баймбетов инновациялық жобаларды енгізу, жүзеге асыру үшін компания тарапынан семинар, оқыту, арнайы жүлде тағайындау сияқты ынталандыру болуы керектігін назарға ұсынды.
Байқап жүрміз, «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, мұнайшылар арасында өнерпаздар көп-ақ. Әсем дауысты әншілері де, мың бұралған бишілері де, ақындары мен сан түрлі аспаптардың «құлағында ойнаған» музыканттары да кәсіби мамандардан кем түспейді. «Біз қазір әрбір мерекеде танымал әншілерді шақыруды қойдық, өз өнерпаздарымыз өзімізге жетеді», дейді сала өкілдері. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Жастар кеңесі атынан сөз алған жас маман Ғани Әбдісадық Кеңестің 2014 жылдан бері «Мәдени даму» бағытында атқарған қызметі туралы кеңінен баяндады. Кеңес «Ұлттық өнер кеші – домбыра кеші» мен «Өз өлкеңді таны» атты жобаларды таныстырып, қоғамның айнасына айналған компанияішілік мәдени-қоғамдық, тәрбиелік мәні зор шаралармен таныстырды. Серіктес-еншілес кәсіпорындар мен өңір басшылығына осы бағыттағы жұмыстарды үдете түсу мақсатында бірнеше ұсыныстар мен тілектер білдірді.
Жастар саясатының «Әлеуметтік қолдау» бағыты бойынша «Тұлпармұнайсервис» Жас мамандар кеңесінің төрағасы А.Ұлықпанов, «Кәсіби жетілу» бойынша «Қаражанбасмұнай» Жас мамандар кеңесінің төрағасы Д.Орал және «Саламатты өмір салтын насихаттау» бағыты жөнінде «OSK» ЖШС Жас мамандар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжешов таныстырып, үш бағыт бойынша атқарылған жұмыстар облыс басшысының назарына ұсынылды.
Кездесудің пікірсайыс алаңына айналған екінші бөлімінде жастарға көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей облыс басшысына қойып, жауап алу мүмкіндігі туды. Бұл жерде де жиынға сайдың тасындай сайланып келген жастар нағыз отансүйгіштік пен елгезектіктің үлгісін көрсетіп, жан-жақты біліктіліктерін таныта білді. Бірі өңірдің экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігіне алаңдаса, екіншісі қалалар көркіне зер салуды сұрап, электр энергиясы мен коммуналдық қызмет жүйесін оңтайландыру туралы ұсыныстар жасады. Жастар саясаты, тіл мәселесі, дін ахуалы мен әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж жандардың да жағдайы назардан тыс қалмады.
Мысалы, «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының қызметкері Д.Оралдың Ақтау қаласынан «Жас мамандар аллеясын», «Мұнайшылар монументін» ашу туралы ұсынысы облыс әкімінің қызығушылығын тудырды. Жаңаша жаңару жолын іздеген Ақтауда алдағы уақытта бесік, ана мен балаға арналған аллея болады деп күтілуде, демек «мұнайшылар аллеясы» да ашылып, тұрғындарды қуантуы әбден мүмкін.
Мұнайшы жастар саясатының бағыт-бағдарын, қойған өзекті мәселелерін тыңдаған облыс әкімі Е.Тоғжанов жастар жұмысына, белсенділігіне оң бағасын берді.
Өңір басшысымен ашық пікірлескен жиыннан соң жас мұнайшылардың жартысы квест ойынының шартына сәйкес 6 автобусқа тиеліп, қаланың алты тарабында жасырылған Каспий теңізінің «қазынасын» іздеуге аттанса, тап сондай топ «Өз өлкеңді таны» акциясы бойынша облыстық өлкетану мұражайына бағыт алды.
Күн еңкейе ойыннан оралған көңілді топ пен мұражайдан қайтқан ойлы делегаттар Абай мәдениет үйінде форум аясында өткен «Ел-жұртым бар қолдайтын!...» атты ойнап жүріп, абайсызда электр тогына түсіп екі қолынан айырылған бейнеулік 11 жасар бүлдіршін Балғынбек Бақтиярдың еміне көмектесуге арналған қайырымдылық концертке қатысты.
Концерт соңында қайырымдылыққа жиналған қаражатты Балғынбек пен оның әкесіне табыстау үшін сахна төріне көтерілген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті С.Әбденов:
– Жылағанды жұбат, жығылғанды жебе, айырылысқанды табыстыр, сазды қосып жер ет, азды қосып, ел ет! Осы ұстаныммен ел болып, береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатырмыз. Жас мамандар кеңесінің негізгі бағыты да осы. Өңірдегі мұнай мекемелерінің ұжымы біріге отырып жинаған бас-аяғы 850 мың теңге көлеміндегі қорды Балғынбек Бақтиярдың әкесіне табыстаймыз! – деді.
Мұнайшы жастардың шарасы теңіз жағалауында Мемлекеттік рәміздер күніне орай орнатылған сахнада қала жұртшылығына арналған мерекелік гала-концертке ұласты.
Маңғыстаудың қазыналы төсінде тарыдай шашылған, арасында шақырымдар жатқан ірілі-ұсақты кен орындарынан келіп Ақтауда екі күнге бас қосқан жас мұнайшылар қанаттанып, жасқа тән жалынмен, іскерлікпен ой бөлісті, жаңа достар тапты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы