Аймақтар • 12 Маусым, 2017

Ерлікпен қаза тапқан полиция майорына мемориалдық тақта орнатылды

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аққайың ауданы Смирново кентінде Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында қанды қылмыскердің қолынан қаза тапқан Алексей Щербаковтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Бұл туралы ОІІД-ның баспасөз орталығының жетекшісі Мәдина Балғашоқова мәлімдеді.

Ерлікпен қаза тапқан полиция майорына мемориалдық тақта орнатылды

Тақтаның салтанатты ашылуына марқұмның  туыстары, ардагерлер, жастар мен жеке құрам қатысты. ОІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов Алексей Щербаковтың өмір жолы мен жанқиярлық ерлігі өскелең ұрпақ үшін үлгі болып қала беретінін жеткізді. 

«Әкем туралы суық хабар келгенде 18 жаста едім. Оның қандықол қарақшының қолынан бірнеше жарақат алғанын кейін білдім»,  дейді қызы Наталья Алексеевна.

Алексей Щербаков  облыс орталығындағы қылмыс көп жасалатын Добролюбов полиция бекетінде аға учаскелік инспектор қызметін  атқарып жүргенде отбасылық жанжал болып жатқан туралы суыт  хабар алады. Бұрын екі рет сотталған жанжалқой суық қарумен қаруланып,  әйелі мен көршілеріне  жарақат келтірген. Майор  үйге кіре бергенде өткір ұстарамен  тамақ тұсынан орып жіберген.  Бұған дейін Шкодиннің жеке тәртібіне байланысты  бірнеше рет келгендіктен, мұндай қарсылық күтпесе керек. Қансырап жатса да  әріптестері келгенше  қылмыскерді жібермеген. Ауыр дене жарақатынан 42 жастағы милиция майоры ауруханада көз жұмған.

«Жеке ерлігі үшін» орденінің иегерін жерлестері мақтан тұтады. Есіл ер Ақайың ауданында туып-өскен. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуына Ставрополь өлкесінен Алексей Щербаковтың немересі де келді.

Аудан әкімі Дәурен Байтөлешов учаскелік инспекторларға  заманауи компьютерлік техникалар табыстады.

Меймандар Астраханка селосындағы учаскелік полиция пунктінде болып, жергілікті полицияның жұмысымен танысты.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»