Жинаққа Сүйеубай Байқадиұлының журналистік қызмет қоржынына жарты ғасыр бойы жиналып, баспасөзде жария көрген публицистикасының таңдаулылары іріктеліп, көпшілік назарына ұсынылыпты. Жинақ кешегі қолына қалам алған он төрт жасар жеткіншектен, бүгінгі немере сүйіп, ұрпақ өрбіткен улкен бір әулеттің отағасы, ақсақалы, салиқалы ел азаматына айналған Сүйеубай Байқадиұлының туған елі мен жеріне, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласынан туған өлкенің өзекті мәселелерін көтеретін туындыларынан тұрады. Шараға қаланың ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, журналистер қауымы қатысып, этнограф-тарихшы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы мен ақын Мұратбек Оспанов, «Зияткерлік» баспа үйінің директоры, ғалым А.Құдайбергенов және тағы басқалары қаламгер шығармашылығы жайлы ой бөлісіп, ыстық лебіздерін білдірді. Кітапхана қызметкерлері әзірлеген «Ақшәулінің ақиық қаламгері- Сүйеубай Байқадиұлының шығармашылығына 50 жыл» атты басылымдар көрмесі мен осы тақырыпта жасалған слайд көрсетілімі көрерменнің көңілінен шықты. Сүйеубай ағаның «Қош бол, аққу» новелласынан бастап жария көрген автордың барлық кітаптары мен публицистикасы, жарияланған баспасөз басылымдары көпшілік назарына ұсынды. Шараға Шәкәрім университетінің журналистика факультеті мен Семей қаржы колледжінің студенттері қатысып, қызықты да қиын, жауапкершілікті журналист мамандығы туралы Сүйеубай ағаның әңгімелерін естіді.
Раушан Нұғманбекова.
Семей
Суреттерді түсірген автор.