ЭКСПО-2017 • 13 Маусым, 2017

Қызықты шаралардың көрігі қызды

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көптен күткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ә дегеннен жоғары деңгейде басталып, қызықты өтуде. Келген қонақтар таңдай қағуда, тамсануда. Ұйымдастырылып жатқан шаралардың легінде есеп жоқ. Әрқайсының өз ерекшелігі бар.

Қызықты шаралардың көрігі қызды

Аудиогидпен Астананы аралаңыз

Астана қаласындағы «Нұржол» гүлзарында, барлық саябақ аумағын қамтитын Есіл өзенінің жағалауында аудиогидпен жаяу жүргіншілерге арналған экскурсиялар жұмыс істей бастады. «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбековтің айтуынша, биыл екі жаяу аудиогид көпшілікке қызмет етпек. Оның көмегімен туристер мен қонақтар қаланың негізгі айшықты жерлері туралы қажет ақпаратты ала алады.

Қызметті пайдалану үшін «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы жанында, «Бәйтерек» монументі алдында және Есіл өзенінің жағасында орнатылған арнайы шатыршаларға бару керек. Аудиогид пен жол көрсетуші картаны алып, 5 мың теңге кепілдеме қалдырсаңыз болғаны. Бағыт аяқталған соң құрылғыларды табыстап, кепілге қалдырған турист ақшасы кері қайтарылады.

«Елорданың айшықты жерлері туралы ақпарат қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзге де тілдерде болады. Биыл жаяу жүргіншілер гидін «Easy Travel» желісі арқылы пайдалануға мүмкіндік жасалды. Басты айырмашылығы – мұндай жағдайда аудиогид үшін кепілдікке құрылғы алудың қажеттілігі болмайды. Кез келген адам мобильдік құрылғы арқылы «Easy Travel» порталына кіріп, сол жерде Астананың көрікті жерлері туралы барлық қажетті ақпаратты тыңдай алады», дейді А.Адамбеков. Оның сөзінше, «Easy Travel» желісінде бүкіләлемдік жаяу аудиогидтер жүктелген. Көргеніміздей, ол Астанада да пайда болды.

Ұлттық өнімдерді насихаттауға үлкен мүмкіндік

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында отандық тауарлар сатылатын «Халық маркасы» павильоны бой көтергені туралы осы уақытқа дейін жазған болатынбыз. Оның бірінші қабатына «ЭКСПО-2017» белгісі басылған кәдесыйлар, магниттер, спорттық киімдер, ойыншықтар, кеңсе заттары сынды көпшілік тұтынатын дүниелер қойылған. Екінші қабаттан қазақстандық дизайнерлер тіккен киімдер, зергерлік бұйымдар, тері өнімдері, бесік, сандық, төсек жабдықтары, тіпті, отандық косметикаларды да табуға болады. Тағы бір қабат отандық азық-түлік заттарына арналған. Онда құрт-май, ірімшік, ет тағамдарының дәмін татып, сол мезетте сатып алуға мүмкіндік бар. Ұлттық брендтердің басын қосқан павильонның артықшылығы сол, отандық тауар өндірушілерден тікелей жеткізіледі және тауарға үстеме баға қосылмайды.

«Кез келген отандық өнім біздің сөреде үш ай тегін тұрады. Үш айда халық оң пікір білдірсе, тауар сұранысқа көптеп ие болса, келісімшарт бекітіп, ақылы түрде ынтымақтастық орнатамыз», дейді «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау федерациясының президенті Римма Тәжібаева. Мұнда қызмет көрсету сапасына ерекше мән берілген. Қызметкерлеріне ұлттық киіммен жүру, келушіні «Қош келдіңіз!» деп күлімдеп қарсы алу міндеттелген.

«Астанаға келген шетелдіктерді зәулім ғимараттармен, гамбургер, кока-коламен таң қалдыра алмаймыз. Олар біздің ұлттық ерекшелігімізді іздеп келеді. Павильон табалдырығынан аттаған әрбір адам қазақтың киімін киіп, тағамын татып, әсем бұйымдарын көріп, шын мәнінде Қазақстанда жүргенін сезінетін болады», дейді Римма Данабайқызы. Оның айтуынша, федерацияның бас­ты мақсаты – шетте сұранысқа ие болады-ау деген Қазақстанның сапалы өнімдерін жинап, экспортқа шығару. Сол себепті, Ақтау әуежайындағы «Duty free» желісімен келісімшарт жасасқан. Ал Ақтау қаласының таңдалған себебі – теңіз жағасындағы шаһар арқылы тауарларды Әзербайжан, Араб елдері, Түркия сияқты 25 мемлекетке экспорттауға болады.

Р.Тәжібаева ЭКСПО-2017 көрмесінің отандық өнімдерді насихаттауға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. «Халықаралық шараға көп қонақ келеді. Бұл – ұлттық ерекшелігімізді көрсетуге, өзімізді танытуға, отандық өнімдерді насихаттауға тамаша мүмкіндік», деді ол. Көрме аяқталған соң, «Халық маркасы» федерациясы Қазақстанның үздік 100 брендін марапаттап, «Miss Kazakhstan – Made in Kazakhstan» сұлулық байқауын өткізбек.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»