Ширек ғасырдан аса мерзім Тәуелсіздігімізді тиянақтап, бар-жоғымызды түгендеген кезде, Президентіміздің «... Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» деген байламын әрқайсымызға берілген тапсырма ретінде қабыл алуға тиіспіз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын алға тартады. Болашақта ұлттың табыстылығы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын , ол үшін тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керектігін атап көрсетеді. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жалған үгітпен емес, туған өлкенің әр сүйемін, тоғайы мен көлін, ауылы мен жайлауын танып, сыйлап, құрметтеуден бастау алмақ. Сөз арасында өз тарапымыздан бұл бағытта біраз істердің басы қайырылғанын айта кеткім келеді. Осыдан екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстанның тарихи топонимикасы зерттеліп, «Атамекен атаулары» деген атпен ұжымдық еңбек шығарылды. Тек таралымы аз болғаны ғана өкінішті, әйтпесе республикада жоғары бағаланды.Былтыр жарық көрген «Солтүстік Қазақстан облысы: тарих және тағылым» деген монография да «Туған жер» бағдарламасымен толық үндеседі. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыздың оянуы, кемелденуі бабалардан мирас болып қалған мұраларды қайта түлете білуімізбен де тығыз байланысты болмақ. Салт-дәстүрлерді сақтау, тілді құрметтеу, қадірлеу ұлттық сананың кемелденгенін білдірсе керек. Мақалада ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, керітартпа әдеттерден бас тартуға да ерекше маңыз берілген. Елбасы ұсынған «Туған жер» жобасы да аса қастерлі. Біздің ұжым өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан түрлі кәсіп иелерінің, ардақты азаматтардың галереясын жасауды ұйғарып отыр. Өйткені, шынайы патриотизмнің көрінісі атамекенді түлетуге қатысуыңнан да айқын байқалады.
Президент әрбір қазақстандықтың «бәсекелік қабілеті» туралы мәселені өте дұрыс қозғады. Қазір той емес, ой жарыстыратын заман. Жүрдек уақыт өлшемімен қарайтын болсақ, жеке адамдардың қаншама күшін, байлығын текке рәсуа етіп жатқанын аңғарамыз. Оңды-солды есепсіз жұмсалған ысырапшылыққа жол бергендер, даңғойлықпен атағын шығарғысы келетіндер, жомарттықты дарақылық деп ұғатындар қаншама! Ондайлар қанағатшылдықтың, қарапайымдылықтың қадір-қасиетін түсіне бермейді. Міне, осындай шектен шыққан, үрдіс сипатқа айналған теріс әрекеттердің тамырына балта шабу үшін алдымен мінез-құлықты түзеу, жүрекке иман ұялату керек. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» (Абай) ғана білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылдырады.
Мақалада атап өтілгендей, жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс– біздің дамуымыздың басты қағидасы. Ол алдымен санадағы сілкіністен тамыр алып, заман ағымына икемделе отырып, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруді міндеттейді.
Сәуле МӘЛІКОВА,
облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры
Солтүстік Қазақстан облысы