Қазақстан • 13 Маусым, 2017

Жаңа жүйе арқылы қызмет сапасын таңдаймыз

142 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Міндетті әлеуеметтік медициналық сақтандыруға қатысты туындаған сауалдардың бірқатарын медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав ЛОКШИНГЕ қойған едік.

Жаңа жүйе арқылы қызмет сапасын таңдаймыз

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінің іске қосылуына са­наулы ғана уақыт қалды. Рефор­ма­ны енгізуге деген қажеттілік неден ту­ды? Оның басты ар­тық­­шы­лықтары қандай деп ойлайсыз?

– Кез келген мемлекет қанша бай бол­са да, азаматтардың медициналық қыз­мет­тер­ге деген сұранысын толық қа­на­ғат­тан­дыруға қауқарсыз. Себебі, ден­сау­лық сақтау саласы өте көп ресурс­ты қа­жет ететін және жыл сайын шығыны артып отыратын сектор. Бүгінгі таңда әлемде медициналық көмек көрсетудің бірнеше үлгісі бар. Оның бірі – сақтандыру медици­насы. Екіншісі – Израильде ұтымды қол­данылып жүрген аурухана кассасы. Ал, Ұлыбритания мен Италия мем­лекеттік медицина үлгісін пайдалана­ды. Осы жүйелердің қай-қайсысында да азаматтар медициналық шығынның бел­гілі бір бөлігін төлейді.

Мысалы, Қазақ­станда соңғы 20 жылда мемлекеттік медицина үлгісі қолданылды. Денсаулық сақтау саласы бір ғана көзден – бюджеттен қаржыландырылды. Өкінішке қарай, мемлекеттен бөлінетін қаражат медицинаны дамытуға жетпейді. Олай дейтін себебім, әлемде жаңа технологиялар үздіксіз пайда болуда, медицина саласына инновациялар көптеп енгізіліп жатыр. Қазір науқасты емдеуге кететін шығын бұрынғыдан бірнеше есе артты. Сондықтан жаңа технологияларды енгізбейінше, медицинаны дамыту мүмкін емес. Біз адамдардың өмір жасын ұзартқымыз келеді, онкологиялық сырқаттарды емдегіміз келеді. Бұл үшін, әрине, көп қаражат қажет. Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 3-ақ пайы­зын құрайды, ал АҚШ-та 16-17 пайызға жетеді. Осы проблеманы шешудің бірден-бір жолы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.

Бұдан былай ұлт денсаулығы үшін мемлекет қана емес, азаматтар мен жұмыс берушілер де жауапты болады. Бұл жерде біреу болмаса біреу «мен көп ауырмаймын, бірақ не үшін басқа адамдар үшін ақша төлеуім керек» деуі мүмкін. Бірақ біреу дәрігердің кө­мегіне жылдап жүгінбесе де, біреуге ағ­за алмастыру қажет болуы заңдылық. Немесе жүрек ақауларын емдеу керек бо­лады. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 50-60 кардиологиялық операция жасалады. Өкінішке қарай, мұндай емнің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Ал сақтандырудың арқасында осындай қымбат оталарды жасауға, талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Жарна төлеуге қиналудың қажеті жоқ. Өйткені, оның көлемі аса жоғары емес. Жұмыскерлерге де жеңілдіктер жасалып, жарнаны 2019 жылдан бастап төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10,1 млн адамды сақтандырумен мемлекет қамтамасыз етеді.

Әлем елдерінде медициналық сақтан­дыру өте қымбат тұрады, жарна мөлшері орта есеппен 16-17 пайызға дейін жетіп жығылады. Оның үстіне, бұл жүйе аза­мат­тардың өз қалтасынан шығарып тө­лейтін шығындарын да қысқартуға мүм­кін­дік береді. Жасыратыны жоқ, жеке­мен­шік клиникаларға қаралуға екінің бі­рі­нің мүмкіндігі жоқ. Азаматтарымыз мем­лекеттік емханалардың өзінде тегін де­лінетін көмектің бірқатар түрін, дәрі-дәрмекті ғана емес, дәрігердің «жы­лы қабағын» сатып алуға мәжбүр. Сон­дықтан, осы мәселелерді шешіп, сапалы медицинаға қол жеткізгіміз келсе, сақтандыру жүйесін қолдауымыз керек.

– Дегенмен, көпшілік жаңа реформаны қолдағаннан гөрі, оған қарсылық білдіруге бейім тұратыны рас қой...

– Кез келген реформаның бастапқыда қар­сылыққа душар болатыны заңды құбылыс. Заң талқыланған кезде оған қарсы шыққандар өте көп болды. Әсіресе, бизнес өкілдері «онсыз да ерікті сақтандыру пакетін сатып алатындарын», төлейтін салықтың аз еместігін алға тартқан болатын. Шындығын айту керек, жарна төлеуді қаламаған бизнес нысандарының кейбірі жалақыны «конвертпен» төлеуге көшіп кетуі де ғажап емес. Бірақ, бұл – қате. Себебі, мәселенің бір ұшы ұлттың денсаулығына келіп тіреледі. Сондықтан, денсаулық саласының маманы ретінде азаматтар да, жұмыс берушілер де жаңа жүйеге түсіністікпен қарауы тиіс деп ойлаймын.

– Міндетті медициналық сақ­тандыру жүйесіне жекеменшік кли­никаларды да қатыстыру жоспарла­нып отыр. Бұл оларға не береді?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру шеңберінде берілетін мем­лек­еттік тапсырыс жекеменшік медици­наны белгілі бір пациенттер легімен қамтамасыз етеді. Басқаша айтқанда, адамдар біліктілігі біршама жоғары дәрігерлері бар, жабдықталу деңгейі көңілге қонатын, келген пациенттерден «бейресми» ақша алып үйренбеген жеке клиникаларға тіркеледі. Олар пациенттердің саны жағынан ұтады. Жеке секторға қазіргі тарифтердің ұнамайтыны заңды. Олар мұндай тарифтермен күн көру қиын болады деп қорқады. Өйткені, бюджеттік емдеу мекемелері үшін комму­налдық төлемдерді мемлекет бөліп, амортизациялық шығындарын да өтеп береді. Тіпті ғимараттың өзін мемлекет сыйлаған. Жалақыға да мемлекет кепіл­д­ік береді. Ал жекеменшік клиникалар осы мәселенің бәрін өз бетінше шешуге мәжбүр. Жалпы, болашақта пациент үшін қаралатын мекемесінің мемлекеттік немесе жекеменшік екені маңызды болмайды. Пациент көрсетілетін қызметтің сапасын, дәрігерді таңдайды. Өзінің денсаулық жағдайына қарап, кімнің дұ­рыс емдейтінін бағалайды. Оның үстіне, қазір жекешелендіру процестері жүріп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта жекеменшік, мемлекеттік деген ұғым мүлдем қалмайды.

– Міндетті медициналық сақтан­ды­ру шеңберінде қызмет сапасы артады делініп жүр. Ол қалайша жүзеге аспақ?

– Меніңше, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін халық жақсы қызмет көрсететін клиникаларды, білікті дәрігер­ді таңдайтын болады. Оның үстіне, па­циент­терге жылына бір рет емдеу меке­ме­сін ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Нә­тижесінде, пациент клиентке айналады. Ал емханалар мен клиникалардың клиент үшін бәсекеге түсуіне тура келеді. Қазір жекеменшік клиникалар, жеке стоматологиялық кабинеттер бәсе­ке­нің не екенін жақсы біледі. Жақын бола­шақ­та бәсеке бастапқы санитарлық-ме­ди­циналық көмек, стационарлық көмек нысандарына да келіп жетпек.

– Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі міндетті сақтандыруды енгізуге дайын ба?

– Дайын деуге болады. Көп шаруа атқарылды. Енді жұртшылықты осы жүйеге тарта білсек болғаны. Ал емдеу мекемелерінің техникалық жабдықталу жағына келер болсақ, соңғы жылдары бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар жұмыстар жасалды. Бүгінде барлық мемлекеттік медицина мекемелері заманауи технологиялармен тегін жабдықталды. Жекеменшік клиникалар желісі де жақсы дамығанын білесіз. Болашақта сол мемлекеттік мекеменің басшылары да қажетті жабдықтарды тиімді бағаға сатып алуға тырысады. Былайша айтқанда, бәрімізге нарық жағдайында жұмыс іс­теуге тура келеді. Халықтың сұра­ны­сын қа­нағаттандыра алмайтын емдеу ұйым­да­ры жабылады, оның орнына басқалары ке­леді. Ал бұл медицинаның дамуына үлкен серпін бермек.

­– Қазір кейбіреулер сақтандыру медицинасын енгізуге әлі ерте деген пікір біл­діріп жүр. Осы салада талай жылдан бері еңбек етіп жүрген маман ретіндегі пікіріңіз қандай?

– Менің пайымымда медицинаның деңгейіне көңілі толмайтындар әрдайым табылады. Әлемде медицинасы халқының толық көңілінен шығатын бірде-бір ел жоқ. Тіпті дүние жүзіндегі ең бай ел – АҚШ-та Обаманың әйгілі реформасына дейін 30 млн тұрғын медициналық сақ­тандырудан, дәрігерлік көмектің бар­лық түрінен мүлдем қағылған бо­латын. Оның өзінде сол елдің жаңа басшысы сақтандыру жүйесін мемлекетке орасан шығын келтіреді деген желеумен алып тастауға күш салып жатыр. Сондықтан енгізу қажет. Оған бірінші, ақша, екінші азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру керек. Қиындықтардың болатыны заңды. Екі-үш жылдан кейін реформаның жемісін көре бастаймыз деп ойлаймын. Ден­саулық сақтау саласында қызмет са­пасы көтеріліп, қондырғылар сатып алуғ­а және тегін берілетін дәрі-дәрмектер ті­зімін кеңейтуге мүмкіндік туады. Жү­рек­ке жасалатын күрделі операциялар, экстракорпоральды ұрықтандыру процедураларының құны өте қымбат. Сыр­қаттарды кезекке қоямыз, портал ашамыз дегендей. Қазір Үкімет жасанды ұрықтандыруға 900 квота бөледі. Ал бала сүйе алмай жүргендердің ЭКО процедурасына деген сұранысы 6 мыңды құрайды. Қорға бәріміз жарна төлеп, реформаға қолдау көрсететін болсақ, осындай проблемаларды шешуге мүмкіндік туа­ды деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»