Ләйлі Айтжанқызы М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина академиясын 2004 жылы акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітіріп, интернатурадан соң туған жеріне оралды. Жастың бәрі қалаға ағылған сол жылдары ол ауылды, ауыл болғанда да облыс орталығы Ақтаудан 500 шақырым жердегі Бейнеуді таңдады. Аудандық аурухананың қатардағы дәрігер-
лігінен бастап, бала туу бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілді. Жас маман бойындағы қуат-қабілетін ел ісіне неге жұмсамасқа деген мақсатпен аудандық мәслихаттың депутаты да болды. Бейнеуде табандаған он жыл еңбек еткен Л.Әжібаева тәжірибе жинап, ысылған соң Ақтау қалалық перзентханасына қызметке орналасты.
Қазіргі таңда жүкті, толғағы келген және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге тәулік бойы акушерлік шұғыл білікті медициналық көмек көрсетіп, ауыр науқастар мен жүкті әйелдерге консилиум өткізеді. Әрдайым білімін жетілдіріп, ізденіп жүретін маман қосымша УЗИ аппаратына түсіру мамандығын да игеріп алды. Қазір қалалық перзентханада әрі акушер-гинеколог, әрі Узи маманы болып тынымсыз еңбек етуде. Өзі жас маман болса да, өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретіп, жиған тәжірибесін бөлісетін ақылшы да. Айталық, жас дәрігерлерге ота техникасын үйретуден жалықпайды. Ләйлі Айтжанқызының жұмысқа тиянақтылығына сенген басшылық оған диагностикалау, емдеу хаттамаларын қатаң бақылау және сақтау қызметін жүктеді.
– Ана мен бала денсаулығы, олардың өлімін болдырмау – біздің ең басты мақсатымыз. Ана да, сәби де – адам. Ал адам, Конституциямызда айтылғандай, мемлекетіміздің ең басты құндылығы. 2009 жылы облыс әкімінің каулысымен 60 орынды перзентхана Ақтау қаласының жүкті әйелдеріне және толғағы келген, босанған әйелдерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін ашылған болатын. Сол жылы жергілікті қаржыландыру көмегімен аталған перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда перзентхана өз алдына кешенді акушерлік ғимараты бар, бес бөлімнен тұратын үлкен босандыру мекемесі. Босанушы әйелдер саны жылдан-жылға артуда. Біз келушілерге тәртіпті, тазалықты және дәрігерлік міндеттіліктерді сақтап, лайықты жағдай жасауға тырысамыз, – дейді эксперт дәрігер және акушер-гинеколог, акушерлік және гинекология мамандығы бойынша 1 санатты маман Л.Әжібаева.
Кеше ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов Маңғыстау облысы республикада бала туу көрсеткіші бойынша көшбасшылық орында келе жатқанын айтқан болатын. Табиғи өсім және көшіп келушілер есебінен тұрғындар саны күрт артқан өңірде өмірге келіп жатқан әрбір сәбидің кіндігін кесіп, «қарсы алып» жүрген Ләйлі сынды акушер-гинекологтардың еңбегі зор.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы