13 Маусым, 2017

Халық биі өз биігінде ме?

669 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқтау жұтқандай қақшиып, сах­­нада жөндеп не иіле алмайтын, бел­дері қарысып бүгілмейтін адам­дар­дың қалай ұялмай-қызармай биші болатындығына таңымыз бар. Мұн­дайда, әрине әуелі іргеміздегі көршілес елдерге көз тіге­тін әдетіміз. Мына ала топпылы өзбек ағайындарды айтамыз да. Өзбек­станға жақын орналасқан ай­мақта туып-өскендіктен, өзбек-ака­­лардың «қошық­тары» мен «ракс­тары» туралы біраз естіп-көрген хабарымыз бар енді. 

Халық биі өз биігінде ме?

Міне, осы елдің билерін алып қа­райтын болсақ, мемлекеттік «Бахор» халық би ансамблінің даңқы жер жарып тұр. Атақты бишілері Мукаррам Тургунбаева мен Тамара ханумдарына қалай құрмет көрсететінін білсеңіздер ғой. Өнер ұжымына бірінің есімін берсе, ал екіншісінің бидегі салып кеткен сара соқпағына адалдықтарынан еш­қашан айныған да, ауытқыған да емес. Неткен дәстүрге беріктік десеңші. Құдай-ау, және дөңгеленіп билей жө­нел­генде қыздарының көздері жанып шыға келетінін айтсаңшы. Бұрынғы ке­ңестік кеңістікті алсақ, Грузияның «Сухишвили», «СЭУ» халық би ансам­бльдерінің өнеріне қол соқпайтын жан некен-саяқ болса керек. Ал Ресейдің өзінде қаншама халық би ансамбльдері бар дегендей. Бұларды айтқанда, бізде би өнері дамымай, кенже қалып қойған деп аузымызды қу шөппен сүрткелі отырған жоқпыз, әрине. Тәубе, қазақта да небір дүлдүлдер сахнада сайран салған. Оттай жанған. Шөліміз қанған. Әлгілермен салыстырғанда, қазақтың бір ғана Шарасының (Жиенқұлова) өзі не тұрады! Баяғыда «Гүлдердің» аты қалай дәуірледі десеңші. Сол сияқты қазіргі күнгілерге оралсақ, «Салтанат», «Наз» би ұжымдарының аты тіл ұшында тұратыны тегін болмаса керек-ті. 

Біздің бүгінгі қозғап отырған әңгі­меміз осы бір жібектей есілген нәзік өнер­дің қазіргі хал-ахуалы, сапасы туралы болмақ.  Биші атаулы негізі сәмбі талдай иіліп тұрса шіркін, дейсіз ғой билегенде. Аяқтарына тас байлап алғандай қозғалысы тым сылбыр, баяу, сүлесоқ кейіптегі бишілерді көргенде, бұл өнерге олардың не үшін келгенін білмей миың дал болады. Қашан көрсең, жігіттердің биінде көбіне аттың үстінде шауып келе жатқан, болмаса тек қолындағы қамшысын оңды-солды сілтеген элементтер кездеседі. Мың бұралған қыздарымыз сахнаға тек үстеріндегі әшекейлі кос­тюмдерін көрсетуге шыққандай әсер қалдыра ма қалай өзі. Кейде қимылдары қабыспай, бірі қолын көтерсе, екіншісі төмен түсіріп, музыка ырғағымен сәйкес келмей, сәтсіздікке жол бергенде залда отырған өзіңнің басың еріксіз төмен салбырайды. Халық биін қоятын қазіргі балетмейстерлердің дәстүрлі өнерден онша хабары жоқ-ау деген күдіктің туатыны содан... Атқа мінбейтін грузин жоқ, орыс та, өзбек те солай, атты қадірлейді. Бірақ бұлардың бишілері неге біздегідей шаңды будақтатып, тепсіне бермейді дейсің ғой баяғы. 

Сондай сәтте «апыр-ай, бұларың баяғы «Ортекенің» алғашқы орындау­шысы Шашубай ақынды, болмаса 60 жасында «Насыбайшы», «Қаражорға» билерін нақышына келтіре орындаған Ысқақ Быжыбаевты, «Қамажай», «Аю биі», «Айжан қыз» билеріне жан бітір­ген Шара Жиенқұлованы, қазақ би өне­рінің жарық жұлдыздары Гүлжан Талпықованы, яки болмаса қазақтың кәсіби тұңғыш балетмейстері Дәурен Әбі­ровті, т.б. көрмеген бе, олардың би­лерінен өнеге-өрнек алмаған ба?» деген ойдың ойпаңына оңай түсіп кетесіз. Көзі тірісінде Дәурен Әбіров ағамызбен дидарласып, өзімен әңгіме-дүкен құрған жайымыз бар еді. Сонда ол кісі: «Ысқақтай тума дарындар халық арасында өте көп болған деп ойлаймын. Әттең, біз оларды кезінде дұрыс бағалай алмадық. Көп нәрсені олар өздерімен бірге алып кетуге мәжбүр болған кездерге өкінгенмен не пайда енді? Мен қазақ билерінің біраз қимыл түрлерін үйреніп, аттарын айтып беруін сұрадым. «Бүркіт қанат», «Айдаһар иірілу», «Ырғақты би жүрісі» дегендерді сонда алғаш рет естідім. Сөйтсем, бұл билерді ол 1936 жылы Мәс­кеудің Үлкен театрында өткен Бүкіл­одақтық халық билері байқауында орын­даған екен. Оның билеріне сол уақытта кеңестің белгілі хореографтары Р.Захаров, Ю.Слонимскийлер өте жоғары баға беріпті. Сол байқаудан түсірілген кинотаспа бүгінде мемлекеттік мұрағат қорында сақтаулы», деген болатын. 

Ендеше, мұрағаттағы мұндай құнды жәдігерлер тарихтың тасасында шаң басып жатқаны дұрыс па? Сала мамандарын даярлауда бұларды неге енді бүгінгі тәжірибеде кеңінен пайдаланбасқа деген түймедей түйін ғой айтпағымыз? Қытайдан биші Шұғыла Сапарғалиқызы Отанымызға оралғанда қуанғанымыз-ай! Астанада бишінің би мектебі ашылды дегенде одан сайын мерейлендік. Бірақ, қазір оның өнері құлағымызға көп шалына бермейді, соған қарағанда насихаты тоқтаңқырап тұр-ау шамасы. Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен құрған мемлекеттік «Алтынай» халық би ансамблі қазір қай деңгейде екен, ә? Моңғолия хореографтары ондағы тұратын қазақтардан 100-ге жуық би қимылын жазып алды деген хабарды құла­ғымыз шалып еді. Мұны жүзеге асырып жүрген біреу-міреу бар ма екен?.. Әй, қайдам!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»