Біріншіден, тұлға деген биік атаққа кімді лайықты деп білеміз. 2006 жылы жарық көрген Ұлттық энциклопедияда оған төмендегідей анықтама береді. Қане, оқып көрелік. «Тұлға – жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым», делінген. Осынау беделді басылымдағы анықтамаға сүйенсек, адамгершілік қасиеті жоғары, қоғамға барынша еңбек етіп, өзгелер оны мақтан тұта алатындай ғұмыр кешкен жанды тұлға деп атайды екенбіз. Осы тұрғыдан келгенде, автор өзінің деректі еңбегіне атауды сәтті қойған деп санаймын. Себебі, кітап кейіпкері белгілі мұнайшы Құмар Балжановты танып-білгеніме ондаған жыл өткен екен. Құмекеңнің өмір жолы, атқарған қызметі мен биік адамгершілігі тұлға деп атауға толықтай негіз бола алады.
Жасыратын несі бар, қазақ мұнайының бағы Тәуелсіздікпен бірге жанды. Еліміз дербес саясат жүргізе бастаған кезден бастап экономикамыздың еңсесін тіктеп кетуі – мұнай осы саласымен тікелей байланысты еді. Әрбір саланың болмысы биік, кәсіби біліктілігі жоғары мамандары болады. Солардың еңбегіне арқа сүйеп, жоғары ұйымдастырушылық қабілетін тиімді пайдалана білгенде ғана саланың жұмысы жанданады. Өз басым Құмар Балжановты осындай қасиетке ие сирек жандардың бірі деп санаймын. Шындап келгенде, Құмекеңнің ғұмыры ел мен жерге беріле еңбек етуден, бітімі бөлек адалдықтан тұратын айрықша ғұмыр болатын. Құмар Қайырбайұлы тұлға атына әбден лайықты азамат болатын. Міне, Құмекеңнің тағдыр-талайына арналған еңбектің әп дегеннен атауымен өзіне баурап алуының құпиясы осында.
Ендігі әңгіме кітап жөнінде болмақ. Кітаптың жазылу стилі де көңілге қонымды. Автор кейіпкерінің өміріне үңілгенде тек оны хронологиялық тәртіппен құр тәптіштей бермейді. Не себепті Құмар Балжановтың тағдырына қызыққандығын бір сөзбен ғана баяндап кетеді. Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, мәре-сәре болған кезді ұмыта қойған жоқпыз. Бір қуаныштың бір өкініші болатыны секілді, тап сол кезеңде ондаған жыл жүйелі түрде жұмыс жасаған жоспарлы экономика құрдымға кетті. Жаңа экономикалық жүйе – нарықтық қатынастар төрімізге озды. Тың жүйенің алғашында түсініксіз тұстары да көп болды. Қиыншылықтарға кезіктік.
Міне, осындай сергелдең кезеңде «Жайықмұнайгаз» басқармасының бастығы болған Құмар Балжановтың пәрменімен, жауапкершілік жүгін өз мойнына ала отырып, жергілікті ауруханаға миллион доллардан астам қыруар қаржыға медициналық құрал-жабдықтар алып береді. Міне, кітап авторы кейіпкерінің осы бір ізгілікті ісін деректі дүниенің кілті ретінде сәтті пайдалана білген. Сонымен қатар, Құмекеңмен 59 жыл бірге ғұмыр кешкен жан-жары Изила Нұрғалиқызымен кейіпкері туралы сырласып отыруы да – кітапқа деген қызығушылығыңды арттыра түседі.
Бір қиыншылықтың бір жеңілдігі болады. Өткен жиырмасыншы ғасырдың басындағы Голощекиннің кезіндегі қолдан жасалған ашаршылық болмағанда Құмекеңнің аталары құмды өлке Қызылқоғаның Сарыкөл елді мекенінен мұнайлы Доссорға қоныс аудармаған болар еді. Олар осылайша ғажайып жазушы К.Паустовский «Ерлік дегеніміз – Доссор екен ғой», – деп таң қалған өзгеше өлкеге табан тірейді. Міне, осы бір климаты қаталдау жерде, қиыншылық пен жоқшылықтан көз ашпаған 1928 жылдың қақаған қысында Құмар Балжанов дүниеге келеді. Кітаппен танысу барысында кейіпкердің жүріп өткен ғұмыр жолы көз алдыңнан қол бұлғайды.
Иә, өткен ақпан айының он екінші жұлдызында тоқсанға жақындаған шақта ғазиз жүрегі мәңгілікке тоқтаған Құмар Балжанов жер басып жүргенінде бәрін көрді. Қазақты қынадай қырып, жусанды даланың баурайын үрейге тұншықтырып кеткен ашаршылықты да, сұм соғыстың кезінде белі майысып ауыр жұмысқа жегіліп, бейнет кешуді де, тіпті Ұлы Жеңістің шаттық желбіреткен туының асқақтағанын да, талайларды үлкен өмірге аттандырған Мәскеудегі мүйізі қарағайдай И.М.Губкин атындағы институттың дипломын қалтаға салып, аяулы жарын қолтықтап елге келіп, әке-шешесін тебіренткен кездің де айран-асыр қуанышы мен тұңғышының іңгәлап жылап айрықша сезімге бөлейтін ғажайып сәттерінің, Прорваның ала шаңдағы аспанға көтерілген құмды өлкесінде жаңадан ашылған мұнай кен орнын игерудегі сан алуан кедергілерді, тіпті алып «Теңіз» кен орнын алғашқы ашушының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты төсбелгісін кеудесіне таққандағы шаттыққа толы сәттердің барлығын көрді. Не көрсе де асып-сасқан жоқ. Бәріне сабырмен қарады.
Бір деммен оқылатын кітаптың басты жетістігі – автордың кейіпкер өмірін тыңғылықты зерттегендігінде. Одан бөлек, автор кітапты үлкен сүйіспеншілікпен, терең тебіреніспен жазған. Әрбір тарауда өмір белестерін ашуда тың әдістер қолдана білген. Мәселен, Құмар Балжановтың айрықша қолтаңбасы қалған «Жайықмұнайгаз» басқармасындағы кезеңді жазу барысында, ол кісімен қатар еңбек еткен ардагерлердің пікірін тұздық ретінде келтіре кетеді. Немесе «Теңіз» кенішін игеру кезіндегі еңбегіне тоқталғанда аталған кенішті игеріп жатқан компанияның бүгінгі игі істеріне де кітап бетінен орын береді.
Осындай тәсілдер кітапқа деген оқырманның қызығушылығын арттыра түседі. Еңбектің тағы бір айрықша атап өтер тұсы – Құмар Балжановпен әр жерде бірге жұмыстас болған азаматтардың аттарының кітапта барынша қамтылғандығы. Бүгіндері еліміз жылына ондаған миллион тонна мұнай өндіреді. Озық технология өндіріске ене қоймаған кезеңде мұнай өндірудің машақатын тартудай-ақ тартқан аға буын ардагерлердің ғазиз есімдерін ұмытпаудың өзі – сол бір қиындау жылдары уақытпен санаспай жұмыс жасаған ақбас ардагер қауымға көрсетілген құрмет емес пе?
Кітаптың ең ұтымды тұсы – оның қазақ және орыс тілдерінде жазылғандығы. Екі нұсқаны да бір кітапқа әдемі сыйғыза білу – баспа ісіндегі атап өтуге тұрарлық оң жаңалықтардың бірі екендігін айтуға тиістіміз. «Тұлға» кітабының басты ерекшелігі неде? Бұл сауалға жауапты Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалиннің кітапқа жазған алғысөзінен таптық. «Екі тілде даярланған туындыны мұнай өндірісінің жылнамасына қосылуға лайықты еңбек деп бағалаймыз. Сонымен қатар, бұл кітап келешектегі тағдырларын мұнайшы мамандығымен байланыстырғысы келетін жастар үшін де жақсы өнеге құралы болары сөзсіз», – деп лайықты бағасын береді.
Екі жылдай даярланып, жазылған кітап оқырмандар қолына тиді. Ендігі мәселе – осы еңбекті мұнай өндірісі шоғырланған елді мекендер мен орта мектептерге тарату жағын да ойластырған абзал. Тіпті, Құмекең еңбек еткен ұжымдарда кітаптың тұсаукесерін өткізудің өзі түсіне білген жанға пайдалы шаруа болар еді. Себебі, бүгінгі құндылықтардың бастауы – кешегі қиындау кезеңде қаланғанын өскелең жастар білуі керек. Мұның өзі өткен сәуір айындағы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы биік талаптармен үндесіп жатқан ізгілікті істер екендігі сөзсіз.
Сонымен, даңқты мұнайшы Құмар Балжанов туралы жазылған еңбекпен танысқандағы алғашқы келген ойлар легі осындай. Халқымыздың кең пейілі мен ниетіне қарай молынан берген мұнайымыздың өндірісіне бар өмірін сарп еткен Құмар Балжанов секілді бөлек болмысты барша азаматтың мәртебесі арта берсін деймін. Өмірден көп ештеңе дәметпей, адалдық пен ірілікті серік еткен сол ағаларымыздың ғұмырын баяндаған «Тұлға» кітабының авторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Кенжебек Тұманбайұлына қаламыңызға қуат берсін демекпін.
Болат ЕЛАМАНОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы