Қазақстан • 13 Маусым, 2017

Астанада «Болашақ Қазақстанның энергиясы» атты көрме өтті

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында «Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығы көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеде 12-16 жас аралығындағы балалардың ең үздік 100-ден аса жұмысы қойылды.

Астанада «Болашақ Қазақстанның энергиясы» атты көрме өтті

Сонымен қатар, Шеврон компаниясының қолдауымен Астана қаласы ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі осы тақырыпта ұйымдастырған республикалық сайыстың жеңімпаздары марапатталды.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына орай ұйымдастырылған сайыстың тақырыбы «Болашақтың энергиясы» тақырыбына сәйкес болуы кездейсоқтық болмаса керек. Бұл жарыс жеткіншектерге қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және келешек ұрпақ арасында бейнелеу өнерді насихаттап, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Сайысқа барлығы 250 жұмыс келіп түсті. Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстанның әр өңіріндегі көркемсурет және өнер мектептерінің түлектері. Әділ-қазылар алқасына ҚР Суретшілер одағы, өнер қайраткерлері, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген суретшілері қатысты. Олардың қатарында Татарстанның Халық суретшісі К.Буллаев, ҚазҰӨУ-дің «Кескіндеме және мүсін» кафедрасының меңгерушісі Ж.Жүкенов бар.

Жарыс қорытындысы бойынша, 12-14 жас аралығында бас жүлдені Диана Өтетілеуова (Ақтөбе) иемденсе, бірінші орынды Адия Насыбуллина (Алматы) алды. Екінші және үшінші орындарға тиісінше, Юлия Моисей (Павлодар) мен Асан Қайроллақызы (Алматы) лайық деп танылды.

15-16 жас аралағында гран-приге Алина Утаева (Астана) қол жеткізді. Бірінші орын Елена Кладченкоға (Лисаковск) берілсе, екінші орынды Зарина Тәуекел (Шахтинск) місе тұтты. Үздік үштікті Дилара Ақылбай (Шымкент) түйіндеді.