Қазақстан • 13 Маусым, 2017

EASA қазақстандық 2 әуе компанияға Еуропаға ұшу рұқсатын берді

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Эйр Астана» АҚ-нан бөлек Қазақстанның тағы екі әуе компаниясына Еуропаға ұшу туралы рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

EASA қазақстандық 2 әуе компанияға Еуропаға ұшу рұқсатын берді

Биыл 1 маусымда «PrimeAviation» АҚ мен 12 маусымда «KazAirJet» АҚ әуе компаниялары EASA-дан (Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Авиациялық Агенттік) барлық қажетті процедуралардан сәтті өткендері туралы және еуропалық талаптарға сәйкес келетіндігі жөнінде жазбаша рұқсат алды.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 8 желтоқсанында Еуропалық комиссия барлық қазақстандық әуе компаниялардың Еуропаға ұшуларына шектеу қойып тастаған болатын.

Бүгінгі күні «қара тізімде» қазақстандық әуе компаниялар жоқ.

Еуропалық Одаққа үшінші елдерден рейстерді жүзеге асыру мақсатында 2014 жылдың сәуір айында Еуропалық комиссия үшінші елдер экслуатанттарының авторизациядан міндетті түрде өту талабын енгізген болатын.

Аталмыш авторизациялау процедурасын Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Авиациялық Агенттігі жүзеге асырады (EASA).  Эксплуатантты авторизациялау процедурасына сәйкес, Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиациялық агенттігіне (EASA) рейсті орындардың алдында ертерек тапсырыс беріп қою керек. 

«SCAT» әуе компаниясы алғашқы авторизация тапсырысын 2015 жылдың 25 мамырында берген.

Өткен жылдың соңында қазақстандық әуе компаниялар үшін Еуропаға ұшуға қойылған шектеу ресми түрде алынып тасталғаннан кейін 2017 жылдың 11 сәуірінде EASA пен «SCAT» АҚ өкілдерінің техникалық-кеңестік кездесуі болды.

Сараптама нәтижесі бойынша EASA «SCAT» әуе компаниясына бірқатар ескертулер жасады. Эксплуатант ескертуге сәйкес тиісті жұмыстар атқарып, кемшіліктерді жоятын болады.

Осылайша, бүгінгі күні отандық «AirAstana» АҚ, «PrimeAviation» АҚ және «KAZ AIR JET» АҚ әуе компаниялары EASA авторизациясынан сәтті өтіп шықты.